[:kz]
Тараптар кездесуінде мәлім болғандай, Теңіз кен орнындағы отандық жұмысшылар мереке, демалыс күндері жұмысқа шыққанмен, үстеме ақы кешіктірілген.
Атырау облысы Теңіз кен орнындағы қызметкерлер арасындаболған жанжал басшылардың ойларына келгенін істегендігінен туындаған. Шетелдік компания басшылары Қазақстанның еңбек туралы заңын назарға ілмей, жұмыс уақыты мен жалақыны қалауларынша белгілеп келген деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ктк арнасының дерегін негізге алып.
Тараптар кездесуінде мәлім болғандай, Теңіз кен орнындағы отандық жұмысшылар мереке, демалыс күндері жұмысқа шыққанмен, үстеме ақы кешіктірілген. Ал, ондағы күзет фирмасының қызметкерлері өз міндеттерін атқарудың орнына, басшылыққа қарсы шыққандарды қорқытып-үркітумен, түрлі қитұрқы айла-шарғы жасаумен айналысқан көрінеді.
— Теңіз жобасында мердігер мекемелердің бірінің басшысы күн сайынғы жұмыс күнін өз бетімен 4 сағатқа көбейткен, ұжымның наразылығы мен еңбек инспекциясына шағымдануынан кейін жағдай қалыпқа келді. Жұмыс беруші қандай да болмасын себеп тауып, жұмыстан шығарып жіберетінін айтып қорқытады. Шағым айтқан жұмысшыдан құтылудың түрлі құйтырқы әрекеттерін жасаған деректер де бар. Бұл әрине адамды ашындыратын, тіпті дау-жанжалға әкелетін жағдай. Сіздердің міндеттеріңіз осындай жағдайлардың алдын алу — дейді Нұрлан Ноғаев.
Яғни, «Теңізшевройл» мен оған қарасты жүздеген мердігер мекемелер әбден қалыптасып қалған осындай жайттарды жойып, жағдайды түбегейлі өзгертуге күш салуы қажет. Сенбі күні болған қақтығысқа байланысты аймақтағы барлық шетелдік компания өкілдерін шақырып, жиын өткізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, оларға осындай талап қойды. Әйтпесе, әңгіме басқаша болмақ дейді облыс әкімі.
— Мен сіздердің алдарыңызға Еңбек кодексінің, еліміздегі барлық заңдардың, соның ішінде көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу міндетін қоямын. Адал, қолайлы жағдай барлық жұмысшыларға жасалуы керек. Біз өз тарапымыздан сіздердің бастамаларыңызды күтіп отырмаймыз, жұмыс істейміз, егер жағдайды өз еріктеріңізбен өзгерткілеріңіз келмесе, заңға сәйкес әрекет етуге күшіміз жетеді.
Әрекет демекші, жергілікті жұмысшылардан таяқ жеген азаматтарының хал-жағдайын білу үшін Атырауға үш елдің елшісі жетті. Нақтырақ айтқанда, Палестина Мемлекеті мен Иордания Корольдігінің және Ливан Республикасының Қазақстандағы елшілері жергілікті басшылармен кездесті. Бірақ, олар өз елінің азаматтарын Қазақстаннан алып кету үшін емес, болған жайттың достық қарым-қатынасқа сызат түсірмейтіндігін айтпаққа келіпті.
— Бұл жағдай екі жақ үшін де өте ыңғайсыз болды. Біз бұл мәселенің Палестина мен Қазақстан арасындағы сан жылғы тарихи қарым-қатынасының бұзылуын қаламаймыз. Біздің басшылық пен Палестина халқы Қауіпсіздік Кеңесінің, БҰҰ-ның Араб-Израиль қақтығысына қатысты барлық қарарларын қолдай отырып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның принциптік позицияларын жоғары бағалайды. Бұл жағдай біздің қарым-қатынасымызды бұза алмайды. Осы оқиға бойынша құрылған ведомствоаралық комиссия жұмысшылар тізіп берген жайттарды жіті тексеріп, оны шешуге әрекеттенбек. Айта кетейік, Теңіз кен орнындағы шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың қақтығысы кезінде жарақат алған 45 адамның 20-дан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Олардың төртеуі қазақстандық, — деп пікір білдірген Палестина мемлекетінің ҚР-дағы елшісі Монтасер Әбу Зейд.
[:]