АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Айтжановқа – араша»: жалған ақпарат таратты деген дәрігеріміз «көріпкел» болып шықты[:]

[:kz]

Бір қызығы, Айтжановтың басындағы жағдай өткен жылдың желтоқсан айында коронавирус алғаш тараған Ухань қаласы орталық емханасының дәрігері Лидің басынан өткен еді. Ол да елінде коронавирус тарап жатқанын ең бірінші жария етіп, артынша «жалған ақпарат таратты» деп айыпталған…

Қазір «әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратты» деп айыпталған дәрігер Думан Айтжановқа араша сұраушы халықтың қарасы қалың. Олардың айтуынша, дәрігердің болжамы дәл келіп, алдағы уақытта инфекцияның таралуын ушықтырып алуымыз ықтимал, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Белгілі құқық қорғаушы Аня Шукеева да facebook парақшасында сол бір бейнеүндеуі арқылы дүйім елге танымал болып кеткен атышулы дәрігерге іздеу жариялады.

«Алматыдағы дәрігердің байланысу тетіктерін табуға көмектесіңіздер!  Шамамен, 2020 жылдың қаңтар айында оған ең бірінші коронавирус туралы және оны Алматыда жұқтырғандардың саны туралы шындықты айтқаны үшін қылмыстық іс қозғалды» деп жазды заңгер.

Жұртпен қатар ол да аңдамай айыпты болып қалған азаматқа көмек қолын созғысы келгенге ұқсайды. Құқық қорғаушының осы екі ауыз сөзден тұратын жазбасын үш күн ішінде 222 адам өз парақшаларына бөлісіп үлгерген.

Еске сала кетсек, Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданы орталық емханасының білікті дәрігері, акушер-гинеколог Думан Айтжанов WhatsApp желісінде: «Алматы қаласында 70-тен астам адам коронавирус жұқтырды, масканы сағат сайын ауыстыру керек», — деп бейнеүндеу таратқан еді.

Енді сол әрекеті үшін ҚР ҚК 274-бабының 2-тармағына сәйкес, «жалған ақпарат таратты» деп айыпталып отыр. Негізі бұл баптың жазасы жеңіл емес. Нақты айтқанда, 3 мың АЕК айыппұл төлеу немесе қоғамдық жұмыстарға жегілу, 3 жыл бас бостандығынан айрылу.

Бір қызығы, Айтжановтың басындағы жағдай өткен жылдың желтоқсан айында коронавирус алғаш тараған Ухань қаласы орталық емханасының дәрігері Лидің басынан өткен еді. Ол да елінде коронавирус тарап жатқанын ең бірінші жария етіп, артынша «жалған ақпарат таратты» деп айыпталған.

Мәселеге сол сәтте мән бермеген Қытай басшылығы жағдайды текке асқындырып алған еді. Айыпталған дәрігер дереу қамауға алынып, артынша бейнеүндеу арқылы өзінің жалған ақпарат таратқанын «мойындады». Ол ақталмас па еді, егер 5 миллион 900 мың адам араша түспегенде?!

Сол уақытта Лиді барлық қытайлық БАҚ «жерден алып, жерге салып жатты». Оның «бүлікшіл» екенін айтып, «жалған ақпарат таратқан адамның жазасы ауыр» деген мағынадағы идеология жүргізді. Лимен қоса, желіде материал таратқан 8 дәрігер де жазаға тартылды. Сөйтіп өз-өздерімен әуре боп жүргенде, 7 ақпан күні коронавирус жазықсыз айыпталған қытайлық дәрігердің өз өмірін жалмап тынды.

Қазір Қазақстанның өзінде коронавирус жұқтырғандардың саны 80-нен асып отыр. Оның алдағы уақытта өрши түсуі ықтимал екенін мойындаған Денсаулық сақтау министрлігі егер дер уағында дәрігер Айтжановтың пікіріне құлақ асқанда, бүгінде жағдай сәл жеңілдеу болар ма еді, кім білсін?!.

Сол себепті, әлеуметтік желіде көптеген азаматтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазып, одан жазықсыз жазалы болған дәрігерге араша түсуін сұрауда.

 

[:]