АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Әкімдер жүн мен жұмыртқадан өзге ештеңе білмейді»[:]

[:kz]

14 Ақпан күні Семей қалалық Мәдениет сарайына 50-ден астам көпбалалы және мүгедек балалары бар аналар жиналып, жергілікті әкімдіктен қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерін шешіп беру талабын қойды. Көпбалалы аналармен бетпе-бет кездесуге өзге әкімдер сияқты Семей қаласының әкімі Ермак СӘЛІМОВ-те келген жоқ. «Әйелдің сырын әйел түсінеді» деді ме екен, әлеуметтік жайы сын көтермейтін аналардың арыз-шағымын тыңдауды орынбасары Надежда ШАРОВА мен бірді-екілі бөлім басшылары мен қызметкерлеріне жүктеп, Өскеменге іс-сапарлап кеткені белгілі болды. Дегенмен, барлық қалалардағыдай семейлік аналар да басты мәселе ретінде көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек ақшаларын көбейтуді сұрады. Қызық болғанда жағдайы мәз емес жанұялардың қатарында өткен жылы Астанада президент қабылдауында болған Оксана МҰҚАШЕВА да бар екен. Жиынға келген оның күйеуі Серік МҰҚАШЕВ әлеуметтік жағдайын айтып, әкімдікке сан мәрте барғанымен, қала басшысы Ермак Сәлімовтің қабылдауына кіре алмағанын айтып күйінді.

-Менің әйелім Оксана Мұқашева өткен жылдың 8 наурызы күні президенттің аналар мерекесіне орай өткен кездесуіне қатысып, Назарбаевтың шынайы ризашылық алғысына бөленген. Бірақ, президенттің қабылдауында болғанын қайтейін, Сәлімовке кіру одан да қиын екен. Желтоқсан айынан бері әкім кабинетінің есігін тоздырып жүрмін. Сегіз баламыз бар, өзім үш жылдан бері жұмыссызбын. Мамандығым бойынша, заңгермін. Бес баламызды үйге қалдырып, осында келдім. Әкім мұнда да жоқ болып шықты. Шаровамен сөйлесуден еш пайда жоқ, -дейді С. Мұқашев.

Көпбалалы отағасы сөзінің дәлелі ретінде былтыр Ақордада өткен кездесуде түсірілген суретті де ала келіпті. Алайда, оның бұл жолғы жиында да пайдасы тиген жоқ.

Қала әкімінің орынбасары Н. Шарова мен қалалық еңбек және жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Айдар САМАЕВ шағымданған аналарды тыңдап, заң аясында қаралып жатқан жеңілдіктер туралы «жағымды жаңалықтарын» айтқысы келгенімен, олар ашынған аналардың жанына жұбату бола алған жоқ. Шенеуніктердің құрғақ уәдеге тойдырып, шығарыпсалма сөзінен мезі болғанын жасырмаған Алғабас ауылынан келген зейнеткер ана Күнсұлу СӘБЕНОВАНЫҢ айтқан шындығына қарап, ауыл әкімдерінің әлеуметтік мәселелені шешуге қауқарсыз екенін байқадық.

-Мен осы қалада пәтерден пәтерге қаңғып жүрген баламды кезекті рет көшірісуге келгенмін. 9 жастағы мүгедек баласы бар. Ақсақалымның зейнетақысы соның шығындарын, немерелерге керектіні табуға кетеді. 7 жыл бойы кезекте тұрғанымен, не жылжу жоқ, не үй берілетіні белгісіз. Балам жалақысы мардымсыз жерде істейді. Ал ауылдағы 7 баласы бар қыз-күйеубаламның жағдайы тіптен мүшкіл. Қазір «Күміс алқа» иегері ретінде алатыны он мың шамасында ғана. «Алтын алқаға» құжат тапсырмақ болған екен ауыл әкімдігіндегілер де, осындағы мекеме де «Бес мыңға бола шапқылап қайтесің?» деген жауаппен қайтарыпты. Бетіне қарап, жеуге етін қимай отырған екі сиыры бар еді, оны бруцеллез деп, сойдыртып, көзін құртқызды. Бұл не сұмдық? Бес мың оларға ақша емес шығар, ал бізге соның өзі үлкен демеу. Күйеубалам жалдамалы жұмыста, оның өзі ауылда бірде бар да бірде жоқ. Ауыл әкімі Несіпбай ШЕГЕБАЕВҚА үйде ұн біткенін айтып барғанда көмек көрсету қолынан келмейтінін айтыпты. Жай уақытта малдың басын, көрінгенннің тауығының жұмыртқасы мен қойының жүніне дейін санап жүретін әкімдердің бәрі сол: жүн мен жұмыртқа санаудан өзге ештеңе білмейді. Әкімге емес, Құдайға қараған ауылдағы дүкеншіге рақмет. 350 мың теңге қарызға кірсе де азық-түлігін беріп тұрады. Талап деген қайнарлық азаматқа рақмет, бір қап ұн беріп кетіпті, — дейді қолындағы зейнетақысын балалары мен немерелерінің жоғын түгендеуге жұмсап отырған қарт ана.

Кездесу барысында төмендеп кеткен хал-ахуалын жайып салғандардың шағымы бірінен-бірі өтеді. Осыдан бірер күн бұрын ғана көп балалы отбасыларға азық-түлік таратып, онысын мақтана әлеуметтік желіге салған әкімдіктің ұйымдастырған іс-шарасы жай ғана көзбояушылық екені де мәлім болды. «Қайда сол жаппай инстаграм, фейсбукке салып көмек көрсетіп жатқандарыңыз? Тізім сіздерге қалай берілген? Біздер оның бірін де көрген жоқпыз» деді жас аналардың бірі. Расында да сол кезде қалалық әкімдіктің үш-төрт үйдің ауласына азық-түлік үйгені ешкімге қажетсіз болғандай. Тіпті, көпқабатты үйлерде тұратын отбасыларға қоңырау шалып, «Сіздерге көмір қажет пе?» деп шыққандар да болыпты. Не мазағы, не жанашырлығы белгісіз мұндай сорақылықтың болғанын Шарованың құлағы шалғанымен мардымды жауап берген жоқ. Бар білгені әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерді тізбелеп, қаланың әр аудандарында кездесулер жалғасатынын айтып әлекке түскенімен, көпшілік талабы «Бізге әр жерге барып шашылып жүрген шенеуніктер емес, бір жерге келіп төбе көрсететін қала әкімінің өзі керек» дегенге сайды. Алайда, қала әкімімен кездесу жақын күндерде бола қоймайтын сыңайлы. Барлық шағымдарды саласына қарай жіктеп, одан тиісті мекемелер тарапынан жауаптар дайындалғаннан кейін ғана әкім Сәлімов аналармен кездесуге білек сыбанып жауап беруге келетіні белгілі болды.

 

Фотолар автордікі.  

zhasalash.kz

[:]