[:kz]
Ауғанстаннан келген 35 қандасымыз Ақмола облысына қоныс аударды. Бұл төрт отбасыға өңірден баспана берілген. Одан бөлек, этникалық қазақтар жұмыспен де қамтылады деп хабарлайды KOKSHE телеарнасы. Ауғанстаннан келген бір қандасымыздың отбасына Көкшетаудан, қалғандарына Бурабай, Сандықтау, Атбасар аудандарынан баспана берілген. Осы орайда олар мемлекет басшысына деген ризашылығын тағы жеткізді.
«Біріншіден біздің атамекенге келуге жағдай жасаған құрметті президентке рақмет. Бізге көмектесіп жатқан барша ағайынға да рақмет. Көп ағайын бізбен Алматыдан Көкшетауға бірге келді. Сау болсын, аман болсын», — дейді Хасан Мұхамед. Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Өмірзақтың сөзінше, Ауғанстаннан келген қандастарымыз жұмыспен қамтылып, балалары қазақ мектебінде оқиды. Сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі Дина Ахметжанова қандастарға қандай көмек берілетінін айта кетті.
«Келген қандастарға «Еңбек» бағдарламасы аясында 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы бөлінеді. Бұл отбасының әр адамына беріледі. Бұл шамамен 204 мың теңге. Бұған қоса бір жыл бойы ай сайын жалдамалы үй мен оның коммуналдық төлеміне 15-тен 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша төленеді», — дейді ол. Телеарнаның мәліметінше, Көкшетауға қоныстанған отбасылардың бірі — Өзбекилер жанұясы.
Қандасымыз Ауғанстаннан жеті баласымен келген. Отағасы мен отанасына тұрақты жұмыс ұсынылған. «Әкелеріміз біз қазақпыз деп айтатын. Менің әкем 90-ға келіп өмірден өтті. Мен өлсем де сендер бір жолын тауып Қазақстанға көшіндер деп айтып кетті», — дейді Шерәлі Өзбеки. Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдарынан бері Ақмола облысына келген қандастар саны 9 мыңға жуықтап отыр.
[:]