[:kz]
Америка Құрама Штаттары үкіметі COVID-19 пандемиясына қарсы әрекетін қолдау үшін зертханалық жабдықтар сатып алатынын жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстандағы АҚШ елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Материалдар USAID жергілікті денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы жобасы шеңберінде ұсынылды. Материалдарды жеткізудің екінші кезеңі 1 113 907 долларға бағаланған және COVID-19 төтенше жағдайларын жою кезінде де, ұзақ мерзімді дайындықты жүзеге асыруда да қолдау көрсетеді. Осы мамандандырылған зертханалық жабдықтың көмегімен денсаулық сақтау министрлігі COVID-19-ны тез анықтап, болашақта болуы мүмкін және белгісіз екінші толқынға дайын болу үшін сенімді диагностикалық мүмкіндіктерге ие болады. Эпидемия кезінде COVID-19 сияқты жұқпалы аурудың халық арасында таралуын бәсеңдету және тоқтату қысқа уақыт ішінде нақты диагностикалық тексерулерге байланысты жүзеге асырылады», — делінген елшіліктің хабарламасында.
Бұл қолдау кезеңі вирусты тексеруге арналған Cepheid SARS-COV-2 картридждерін жеткізуді және жағдайларды жедел анықтау үшін халықтың денсаулығын сақтау жөніндегі тұрақты қолдауды қамтиды.
«Қазақстан үкіметімен серіктестікте USAID көмек көрсетудің басым бағыттарын анықтады және жоба шеңберінде қажетті зертханалық жабдықтарды сатып алуды жалғастырады. Құны 700 000 доллардан асатын зертханалық жабдықтар 2020 жылдың қараша айында жеткізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, олар қазірдің өзінде Қазақстанның ұлттық стратегиялық дайындығы мен әрекет ету жоспарына қолдау көрсетуді жалғастыруда. АҚШ үкіметі Қазақстандағы COVID-19-қа қарсы күресті қолдауға 5,7 миллион доллардан астам қаражат бөлді. Бұл көмек Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің қолданыстағы стратегияларына сүйене отырып, эпидемияның алдын-алу, анықтау және жедел әрекет ету қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады», — деп қосты елшілік.
[:]