[:kz]
3 қыркүйекте Нью-Йорктің оңтүстік округі бойынша АҚШ Округтік соты Ильяс пен Виктор Храпуновтарға қарсы сот өндірісінің тәртібін бұзғаны үшін айыппұл салу туралы кезекті қаулы шығарды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Әділет министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Судья Кэтрин Паркер Храпуновтар көптеген заңды міндеттемелерді бұзған, дәлелдемелерді әдейі жойған және кейбір дәлелдемелердің өз қолдарында жоқтығы туралы жалған жауап берген деген қорытындыға келді.
Сондай-ақ сот Храпуновтардың осы іс бойынша кейбір сот қаулыларын, соның ішінде Ильяс Храпуновтың құпия айғақтарды рұқсатсыз таратуға салынған тыйымды бұзғандығын анықтады. Ағымдағы жылдың 3 қыркүйегіндегі қаулы соттың Храпуновтар мен Аблязовқа қатысты құқыққа қайшы мінез-құлқы және сот өндірісінің тәртібін бұзғаны үшін айыппұлдар тағайындау туралы 2020 жылғы мамыр айында және 2019 жылғы шілде айында шығарылған қаулылары қатарының жалғасы болып табылады.
Бұл қатарынан санағанда бесіншісі. Айыппұлдың нақты мөлшері Талапкерлердің өздері жұмсаған сот шығындарының сомасын сотқа ұсынғаннан кейін белгіленеді. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (Алматы қ. әкімдігінің атынан) «БТА Банк» АҚ-мен (бұдан әрі — Талапкерлер) бірлесіп, төрт жылдан астам уақыт бұрын Аблязовты, Храпуновтарды және олардың қылмыстық сыбайластарын ҚР-дан ұрланған ақшаны АҚШ-та жылыстатты деген айыппен Нью-Йорктағы «Flatotel» сот қарауына бастамашылық жасаған.
«Талапкерлер ұсынылып жатқан дәлелдемелерге соттың жіті қарауын жоғары бағалайды.
Аблязов, Храпуновтар және олардың сыбайластары сот процесінде адал ниетпен қатысудан бірнеше рет бас тартып, көптеген сот қаулыларын бұзған»,– деп мәлімдеді үкіметінің консультанты – «Boies Schiller Flexner LLP» серіктесі Мэттью Шварц.
Дәлелдемелердің бір бөлігін қасақана жойғандықтарына қарамастан, олардың жасалған қылмыстарға қатыстылығын растайтын құжаттардың көлемі жеткілікті.
Талапкерлер сол дәлелдемелерді Нью-Йорк алқабилер сотының назарына ұсыну мүмкіндігін асыға күтіп жатқаны айтылды.
Еске салсақ, Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов Женевада біреулердің оны ұрлап әкетуге тырысқанын мәлімдеген еді. Оған қоса, Швейцарияға қашып кеткен Виктор Храпуновқа қатысты қозғалған іс тоқтатылған еді.
[:]