[:kz]
Желіде «Гарант 24» ломбарды иесінің халыққа жолдаған видеоүндеуі пайда болды. Ролик кадрларында азамат салымшыларға ақшасын қайтарып беру мақсатында Қазақстаннан кетіп қалғанын айтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Желіде атышулы ломбардқа иелік етемін деген азамат салымшыларға үндеу жасады. Видеодағы ер адам өз қаржылық компаниясының қызметіне қатысты көптеген сыбыс пайда болғандықтан, Қазақстаннан ізін суытқан.
Фирма директорының сөзінше, ол бұл қадамға салымшылардың қаражатын қайтарып беру үшін барған. Алайда қазір ақшаның барлығы Қазақстанда айналымда болғандықтан, бұл мүмкін емес. Құқық қорғау органдарында өзіне қатысты арыз-шағымның көптігіне байланысты ол елге оралған бетте қамауға алынып, халық ақшасын қайтару мүмкіндігінен айырылады.
Осылайша, ролик авторы өзінің қашып кетпегенін айтып, ақталып отыр. Ломбард иесі шынымен қашқын болсам, халыққа видеоүндеу жолдамас едім дейді.
Қаржылық компания басшысы «нан табу үшін еңбек етіп жүрген» қоластындағы қызметкерлердің де кінәсіз екенін айтты.
» Жауып тастағаннан (абақтыға-ред) қорықпаймын. Сіздердің ақшаларыңызды қайтара алмаудан қорқамын. Егер қашып кететін ниетім болса, видео жолдамас едім. Мен үнемі сіздермен байланыста отырдым, қалаларда кездесіп те тұрдым. Қызметкерлерім де жалдамалы, олар да нәпақа табу үшін жүрген адамдар. Қазір елге оралсам, мені жауып тастайды. Егер арыз аз болса немесе мүлде болмаса, Қазақстанға оралып, азаматтарға ақшасын қайтарамын»,- деді ол.
Ішкі істер министрлігі аталған видеоны зерттеп, кадрдағы азамат «Гарант 24 Ломбард» ЖШС басшысы, 1993 жылы туған Аслан Мырзабеков екенін растады.
Қазіргі уақытта күдікті мемлекетаралық іздеуде.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының полиция қызметкерлері 22 ақпан күні «Гарант 24 Ломбард» пен «Estate Ломбард» филиал директорларын қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен қолға түсірді.
[:]