АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ақтауда марқұмдардың мәйіті жоғалып жатыр[:]

[:kz]

Бейіттің айналысындағы дау жұрттың жағасын ұстатты. Ақтауда зиратқа жерленген марқұмдардың орнына өзге мәйіттер қойылып жатыр. Себебі бос жер жоқ. Жергілікті тұрғындар жақындарының қорымын таба алмай қалған деп жазады 24.kzге сілтеме жасаған Алаш Айнасы

Тіпті «ритуалдық агенттік өкілдері ескі мүрделерді қазып алып, шығарып тастаған» дейді жұртшылық. Ақтаудың ішіндегі зират бұл. Өте көне саналады. Аяқ алып жүрудің өзі қиын. Орын жоқ.

Зират 2007 жылы лық толған. Сәйкесінше содан бері бұл жерге адамдарды жерлеуге тыйым салыныпты. Тек қоршаудың ішінде орын болса, қайтқан кісінің қасына оның туысқанын ғана қоюға рұқсат етілген. Бірақ зиратты кеңейтуге болмайды. Кеңітілмеген соң кей ритуалды агенттік өкілдері жатқан ескі мүрделерді шығарып тастауға көшкен. Кейін әлгі орынға енді ғана қайтыс болғандарды жерлей салады.

 

Неля Филонова осылай деп шағымын айтты. Себебі осыдан 38 жыл бұрын жерленген өгей әкесінінің қабіріне келгенде мүлдем басқа адамның аты-жөні жазылған құлпытасты көріпті. Содан бері жақынының денесін таба алмай, шыр-пыр болып жүр.

 

Неля Филонова, қала тұрғыны:

— Қабірге келгенімде өгей әкемнің орнына мүлдем басқа адамды жерлеп тастағанын көрдім. Қаңтар айында ғана қойылған екен. Бұрынғы денені шығарып тастағанға ұқсайды. Ешқандай дерек жоқ. Мүрде із-түссіз жоғалып кетті.

 

Неля Филонованың әкесінің орнына жерленген әйел адамның туысқанын да таптық. Бұл жерге жақынын қою үшін ритуалды агенттіке қомақты ақша төлегенін айтты. Бірақ әлгі орында мүрде жатқандығын білмедік, дейді.

 

Наталья Слобода, Ақтау қаласының тұрғыны:

— Біз риуалды агенттікке келдік. «Барлығын өзіміз ұйымдастырамаз» деді. Қоршаудан бір жігіт күтіп алып, туысымызды жерлейтін орынға апарды. Барғанымызда ол жердің бос екендігін көрдік. Ешқандай да қоршау болған жоқ. Сосын сол орынды алу үшін біз ритуалды агенттіке 90 мың теңге төледік. Енді басымыз дауға қалып, туысымыздың қабіріне құлпытас та қоя алмай жүрміз.

 

Бір орынға екінші мәйітті жерлеген ритуалды агенттік өкілдері қазір бұл зиратқа жауапты емес. Себебі бейітті өзге бір компания қарап отыр. Тендерді осылар жеңіп алған. Жетекшісі бүгінде бұрынғыдай бейберекет жоқ, дейді.

 

Жанна Талан, ритуалды агенттік директоры:

 

— Бұл зиратқа қазір бұрында қайтыс болғандардың қасына жақындары ғана жерленіп жатыр. Біз оның туысқаны екендігін құжат бойынша тексереміз. Ал жалпы біз келгелі зират кеңейтілген жоқ. Жер болмаған соң бір қабірге екінші бір мәйітті жерледі деген деректі біз де естідік. Осы жаққа туыстарын қойып, кейін Ресейге көшіп кеткендер бірталай уақыттан соң бейіт басына келгенде жерленген жақындарының қабірін таба алмай жатады. Бірақ оның барлығы бізге дейін қызмет еткен ритуалды агентітктің кезінде болған жағдайлар.

 

Атышулы компания қазір жұмыс істемейді. Сондықтан әкімшілік іс қозғау да мүмкін емес. Әйтпесе өгей әкесінің мүрдесін іздеп, Неля Филонова облыстық әкімдік пен прокуратураға дейін шағымданған. Нәтиже жоқ. Ал қаланың ішіндегі зиратта бос орын болмаған соң жергілікті атқарушы орган өкілдері шаһардан 20 шақырымдай жерден орын беріпті. Қайтқан адамдар енді сол жаққа жерленіп жатыр.

 

Алаш Айнасы

[:]