АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ақтөбеде наразылыққа шыққан мұнайшылар заңсыз жұмыстан қуылды[:]

[:kz]

 

 

Ақтөбе облысында айлық өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан қытайлық компанияның жұмысшылары заңсыз жұмыстан қуылғандарын айтып шағымданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап. 

Сөздерінше, өндірісті тоқтатып, наразылыққа шыққан күні оларды «үш сағаттан артық жұмыс орнында болмады» деген желеумен қорқытып, жиырма шақты азаматқа арыз жаздырып алған. Басшыларына талап қоямыз деп бір күнде жұмыстарынан қуылған «Биккор» компаниясының жиырма шақты жұмысшысы 3 ақпаннан бастап далада қалғандарын айтады.

 

Сөздерінше, Жаңажол кенішінде мұнай өндіріп жатқан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының асханасы мен жатақханасының тазалығына жауап беретін олардың бір айда алатын жалақылары 50 000 теңге. Жұмысшылар отбасын асырауға да жетпейтін жалақымызды ең болмағанда 100 000-ға көтеру туралы басшылыққа талап қойғанымыз үшін бізді заңмен қорқытты дейді.

«Бізді «сендерді күштеп жұмыстан шығарып жібереміз, жатақханадан шығарамыз, полиция шақыртамыз» деп қорқытты. Статьяны көрсетті. «Ешқандай жерде сендер дәрігерлік көмек те ала алмайсыңдар, ешқандай жерге жұмысқа да кіре алмайсыңдар» деді. Енді бізге бір шара қолданып, мәселемізді шешіп берулеріңізді сұраймыз», — дейді жұмысшылардың бірі Сәбит Оразғалиев. 

«Үш сағаттан артық жұмысқа шықпағанымыз үшін статьямен жұмыстан шығарамыз деді. Сосын біз өз еркімізбен 15 шақты бала болып жұмыстан шығып кеттік. Ел — жұрт көрсін. Халық көрсін. Жоғарыда отырған ағаларымыз көрсін. Бір шешім шығарып берсін», — дейді тағы бір жұмысшы Нұржан Шәмшиев. 

Алайда жұмысшылары шағымданған компанияда мәселеге қатысты жауап беретін бір адам болмады. Ал Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы «Биккор» компаниясы жұмысшыларын қорқытып жұмыстан шығарғаны жөнінде хабарсызбыз деп отыр. Өйткені бұл мәселе туралы ешкім арызданбаған екен.

«Биккор» компаниясының атына арыз түскен жоқ. Бірақ жұмысшылары жұмыс берушіге берген мәселелері бар. Оны біздер қадағалап, қарап отырмыз. Егер олар жұмыс берушінің шығарған шешіміне қанағаттанбаса, әрі қарай бізге шағымданса, біз жұмыс істейміз», — дейді Ақтөбе облыстық Еңбек инспекциясының басқарма басшысы Саламат Аманбаев. 

Заңсыз жұмыстан қуылдық деген жұмысшылар еңбек инспекциясына барып арыз жазбақшы. Ал жергілік билік болса «Биккор» компаниясы жалақы мәселесін әуелі тапсырыс беруші «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясымен талқылауы керек деп отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Маңғыстауда қытайлық компаниядағы қазақстандық мұнайшылар еңбекақыларын адал төлеуді талап етіп, наразылыққа шыққаны туралы жазған болатынбыз. 

[:]