[:kz]
Ақтөбеде «Оқушы қызды зорлады»деген күдікпен пабликтерде суреті тарап кеткен Нұрлан Шандин прокуратурадан көмек сұрап барды. Желіде тараған суреттен кейін ер адамның анасы науқастанып, балалары сабаққа бармай отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Нұрлан Шандиннің сөзінше, келіншегі де жайсыз хабардан кейін жұмысқа шыға алмай қалған. «Құзырлы органдар менің кінәсіз екенімді неге ресми хабарламай отыр» деп ашуланған тұрған өзін масқаралағандарды жазалауды талап етті.
«Полиция қызметкерлері пәтерімді, жүк қоймасына қойған заттарымды тексерді. Қолымда 5 мың теңгеге балаларға алған азық-түлік пен 1 литрлік 12 дана сүт салынған бір қорап болды. Елек полиция бөлімшесі бір аптадан бері менің осы жеке заттарымды бермей отыр. Сол күні таңғы сағат 4-ке дейін тергеп, кейін босатты.
Шыққаннан кейін телефоныма хабарламалар келгенін көрдім. Барлық пабликтерде суретім педофил ретінде тарап кеткен. Шыны керек, мен қазір өмірімнен қорқамын. Қазір балаларым сабаққа бара алмай жүр. Шешем де науқастанып қалды. Осы жағдайдан кейін келіншегім де жұмысқа баруды қойды.
Оқиғаның болғанына бір апта болды. Заңды түрде менің қылмыскер емес екенімді ешқандай құзырлы орган хабарлаған жоқ. Менің кінәсіз екенімді айтуды талап етемін. Менің де тоғыз жасар қызым бар. Интернетке суретімді салған адамды тауып беріңіздерші», — дейді Нұрлан Шандин.
Көмек сұраған тұрғынды облыс прокурорының орынбасары қабылдап, оның кінәсіз екендігін хабарлады.
«Сізді ішкі істер бөліміне күдікті емес, куә ретінде әкелген. Бейнебақылауға түскен тұлғалардың бәрінен жауап алынды. Қазіргі уақытта сізге айып тағылмайды, қылмыс жасаған нақты кінәңіз жоқ. Уәждеріңіз бойынша заңды түрде баға беріліп, шара қолданылады», — деді облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Меңдебаев.
Нұрлан Шандин прокуратураға арыз қалдырып, дәлелденбеген ақпарат таратқандарды жазалауды сұрады.
Ол Елек полиция бөлімшесіне барып, жеке заттарын тағы да сұрады. Екі жүзден аса адамнан жауап алынғанын айтқан полицейлер Шандиннің заттары табылады деп сендірді.
Айта кетейік, кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты аса ауыр қылмыс 12 желтоқсанда тіркелді.
Қаскөй мектептен қайтқан оқушының қасындағы құрбылары үйіне тарап кеткен кезде жалғыз қалған қыз баланы әңгімеге тартқан. Кейін оның артынан үйіне ілесе кіріп, арам ойын жүзеге асырған.
Артынша, дәрігерлер жәбір көрген жеткіншектің денсаулығы туралы айтып берді. Ақ халаттылардың сөзінше, кәмелет жасына толмаған қыз балаға ота жасалған.
Ал төртінші сынып оқушысы білім алатын мектептің ұстаздары оның үздік шәкірт екенін айтты. Адам шошырлық зорлау оқиғасынан кейін ақтөбелік көпбалалы аналар педофилдерге өлім жазасын беруді сұрады.
Мектептен қайтқан оқушы қыздың үйіне кіріп, азғындық әрекетке барған ер адам қамауға алынды. Тергеу амалдары жүруде.
Сондай-ақ, бүгін мектеп оқушысына азғындық әрекет жасаған 21 жастағы жігіттің ұсталған сәтінен видео жарияланды.
[:]