АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ақтөбеде шошқа фермасының қожайыны жалған ақпарат берген[:]

[:kz]

Ақтөбеде шошқа фермасында тазалық сақталмағаны белгілі болды. Онда зарарсыздандыру құдығы, ластануды болдырмайтын арнайы жабдық жоқ екен. Оған қоса, ферма қожайыны осы уақытқа дейін шошқалардың нақты санын жасырып, жалған ақпарат берген.

Ферма кемшіліктерді жойғанға дейін жұмысын тағы да уақытша тоқтатады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. Ақтөбе облысының экономикалық соты экология департаментінің талабын қанағаттандырды. Экологтар «Парижская коммуна-XXI» ЖШС-не шаруашылық жүргізу қызметін тоқтату, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттан және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынан айыру туралы сотқа арыз түсірген. Іс материалдарына сүйенсек, 2020 жылдың желтоқсан айында Алға ауданы, Бестамақ ауылының тұрғындарының арызы негізінде Экология департаментімен экологиялық заңнаманың орындалуын бақылау бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. 

Тексеріс барысында тіркелген заңбұзушылықтар шаш етектен. Ең бастысы — ферма қожайыны шошқалардың санын жасырып қалған. «Шошқалардың нақты саны жобада көрсетілген мәліметтерден асып түседі. Жобаға сәйкес 40 000 бас болу қажет болса,  ол 2018 жылы — 50 615 басты, 2019 жылы-51 095 басты, 2020 жылы-51 978 басты құрайды», — деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі. Фермаға жүргізілген тексеріс кезінде анықталған заңбұзушылықтар: Өндірістік ағын сулар жер бедеріне аққан (Бұл ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті стандартының жобасына сәйкес келмейді);

Тазарту құрылғыларының аумағында ЭКО Б-500 жабдығы және УФ зарарсыздандыру құдығы жоқ; Биологиялық қалдықтар қоймасының аумағында қоршау жоқ, қоршаған ортаның ластануын болдырмайтын  қатты (бетондалған) жабдық жоқ; Жоғары капилярлық қасиеттері бар кеуекті материалдан жасалған сақтау тақтайшалары бір-біріне жинақталмаған.

Осылайша, Серіктестік мемлекеттік экологиялық сараптаманың  қорытындысындағы талаптарды сақтамаған. Сот шешімімен Департаменттің талаптары қанағаттандырылды.

Серіктестіктің шаруашылық жүргізу қызметінің өндірістік ағынды суларды сақтау қоймаларына және жер бедеріне жіберу бойынша бөлігінде және биологиялық қалдықтарды сақтау қоймасын пайдалану бөлігінде бұзушылықтар қалпына келтірілгенге дейін тоқтатылды.

Сонымен қатар, жауапкер қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттан айырылды және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы жойылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

kaz.nur.kz

 

[:]