[:kz]
Ақтөбеде қала тұрғыны шекер деп сатып алған 2 қаптың ішінен тары шыққан. Алданғанын ол үйіне келгенде бір-ақ біліпті. Ал қантты Ресейден әкелмек болғандар оны шекарада жерге төгіп жатыр. Себебі кеден қызметі өткізбей қойған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап.
Сайттардың бірінде жарияланған видеода Ақтөбе тұрғыны дүкеннен қапшықтап қант алғанын айтады. Қолында 50 келі тарысы бар тұрғын енді алдандағанын қалай дәлелдейтінін білмей дал. Себебі қант сатып алғанын растайтын түбіртекті сақтамаған екен.
Ал Станислав есімді азамат Ресейден жүк тасиды. Ол 1 апта бұрын Екатеринбург қаласында үйіне 5 келі қант сатып алған. Бағасы – 67 рубль, теңгеге шаққанда 514 теңге. Алайда шекараға келгенде тауарды тастап кетуге мәжбүр болған.
“Орск шекарасында ресейлік кеденшілер қантты ел аумағынан шығаруға тыйым салынғанын айтып, шекерді төк деді. Амал жоқ, қоқыс жәшігіне тастап кеттім. Бұрын 5 келі қантты өткізуге рұқсат беретін еді, қазір мүлдем өткізбейді. Бұл дұрыс емес деп санаймын. Себебі, қантты сату үшін әкеле жатсам екен, олай емес. Мен өзім үшін 5-ақ келі алдым. Неге өткізбеске?” – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Станислав Левандовский.
Ақтөбеде супермаркеттерде шекердің бір келісі 441-489 теңгенің аралығында сатылып жатыр. Бірақ бір адамға 3 келіден артық берілмейді. Оның өзін түске дейін алып үлгеру керек. Түстен кейін сөрелер босап қалады. Үй жанындағы шағын дүкендерде қанттың бағасы 750 теңгеден жоғары. Кей дүкендер қымбат шекерді сатудан әлдеқашан бас тартқан. Ал билік өкілдері қалаға вагон-вагон қант әкелініп жатқанын жеткізді.
“Өңірге өткен айда 60 вагондай қант келді. Ол 4 мың тоннадан астам. Осы айға ірі сауда желілері 30 вагонға келісімшартқа қол қойып, өткен аптаның басынан 10 вагон қант жіберілді. Үшеуі келді, жетеуі жолда келе жатыр. Сонымен қатар тұрақтандыру қорында 70 тоннаға жуық қант бар. Ол әлеуметтік дүкенде, коммуналдық базарда төмендетілген бағамен – 363 теңгеден сатылуда”, – деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.
Аймаққа тонналап жеткізіліп жатқан қант не себепті халыққа жетпей жатқаны белгісіз. Бұл мәселе енді 31 тамызда Ресейдің сыртқа қант шығармау туралы шектеуі күшін жойған соң шешіліп қалуы мүмкін дейді үмітін үзбеген бұқара.
[:]