[:kz]
Белгілі заңгер Камиша Есмұхамембетқызы Қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот үкімімен келіспейтінін айтты. Ол прокуратураға хат жазып, қаршадай қазақ қызын қалайда Қытай билігінен құтқарып қалу керектігін жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Заңгердің айтуынша, біздің елде заңсыз жүрген қытай азаматтары тіпті салық та төлемейді екен. Ол Елбасы араласқан сотта қаршадай қазақ қызын қорғай алмағандарына күйінетінін жеткізді.
«Үкімет, мен түсінбедім, басымызды салбыратып, Қытай түрмесінде қызымыз Ақжарқынды өмір бойына бас бостандығынан айырғанына көніп отырсыздар ма? Міне, олардың түрі адам аямайды. Ал олар бізге келсе лапшасын жеп, салық төлемей заңсыз тайраңдап жүрсе де, үнсіз қарап, депортациямен шектейміз. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Қалай ғана Елбасы араласқан жерде дұрыс шешім қабылданған жоқ. Демек, олар үшін қадіріміз жоқ. Не деген адамгершіліктен жұрдай, Ақжарқынның шешімі, кешегі қашып келген босқындардың сөзін шынымен растап отырғандай. Онсыз да қаршадай қызымыздың жала-айыптан шеккен азабы аз ба?», – деп жазды заңгер Facebook-тегі парақшасында.
Сондай-ақ, Конституциямызда басты құндылық адам екенін атап көрсеткен заңгер осы мәселені жиында тағы көтеруді сұрады.
«Неге отандасымызды елде соттауды сұрамадық? Ақжарқынның өмірі үшін күресуді талап етемін, қызымыздың тағдыры – сан мыңдаған қазақтың қайғысы. Прокуратураға бүгін арыз жаздым. Үкіметке мұндай талап қоюға мәжбүрмін. Себебі біздің Конституцияда басты құндылық – адам өмірі. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық фактіні ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы N 91 Заңға сәйкес 7-бапта «Ешкiм де азапталуға немесе оның қадiр-қасиетiн қорлайтындай адамшылыққа жатпайтын қатыгездiк жолымен жәбірленуге немесе жазалануға тиiс емес» делінген», – деп жазды ол.
Айта кетсек, екі күн бұрын Қытай соты есірткі контрабандасымен айналысты деген күдікпен түрмеде отырған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімін күшінде қалдырған болатын.
Сот үкімі он күннен кейін күшіне енеді.
[:]