[:kz]
– Александр Борисович, сіз Қазақстанда тұратын аздаған карел-финн өкілдерінің басын қосып, Қазақстан халқы ассамблеясы аясында «Суоми» ұлттық мәдени орталығын құрдыңыз. Қазір бұл орталық Қазақстанмен Финляндияның арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында бірқатар жұмыстарды атқарып жатқанын білеміз. Алдымен карел-финдердің Қазақстанға қалай келгенін айтып кетсеңіз?
– Қазақстандағы карел, фин солтүстік халықтарын біріктіретін ұлттық мәдени орталығы құру туралы мәселе 2002 жылдың 20 сәуірінде Алматыдағы Достық үйінде болған жалпы жиында шешімін тапты. Жиынға Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының сол кездегі орынбасары Сергей Терещенко қатысты. Сол жиында мені мәдени орталыққа төраға етіп сайлады. Оның атын «Суоми» ұлттық мәдени орталығы деп қойдық. «Суоми» – фин мен карел халықтарының өздерінше атаулары. Жалпы алғанда Фин мен карел екеуі бір ұлт. Фин – батыста, карел – шығыста орналасқан туыс тайпалар болған. Алғаш Кеңес үкіметі орнаған жылдары Фин-карелдер одақтас республикалардың бірі болған, кейіннен финдер бөлініп шыққан. Жалпы Қазақстандағы финдер мен карелдер мұнда бірнеше себептермен келіп, сіңіп кеткен. Біріншіден, отызыншы жылдардағы репрессия кезінде КСРО аумағында тұтастай халықтар депортацияға ұшырады. Финдер мен карелдер солардың алғашқылары болды. Қазақстанға сол жылдары жер аударылып келді. Кейінірек жұмыс жағдайымен келгендер де болды. Кеңес үкіметі тұсында маамн кадрларды жиі ауыстыратын, сөйтіп адамдар КСРО-ның байтақ жеріне жайылып, қызмет бабымен жүре беретін болған. Индустрияны дамыту, тың жерлерді игеру жұмыстарына мамандарды жан-жақтан жолдамамен жіберді. Осы кезде солтүстіктегі фин-карелдер Қазақстанға келіп тұрақтап қалды. Қазір Қазақстанда жеті мыңнан астам фин және карел ұлтының өкілдері тұрады. Олар әртүрлі, ішінде жастары, кәрілері, әртүрлі мамандық иелері бар, біреулері орташа, біреулері бақуатты тұрады дегендей. Көптеген қандастарымыз басқа ұлт болып жазылып кеткен, мысалы заты карел немесе фин, ал фамилиясы, ұлты орыс. Бізге бір қазақтың қызы келіп фин тілін үйренгісі келетіндігін айтып, өтініш жасады. Оның әжесі карел екен. Осындай басқа ұлттармен араласып, құда-жекжат болып кеткендер де көп. Қазақстанды мекендейтін барлық халықтарды біріктіретін алтын діңгек бар, ол – тарихи Отанына, ата-бабаларының бастау алатын жеріне деген махаббат. Қазақстан халқы ассамблеясы осы бағытта үлкен жұмыстарды атқарып жатыр.
– Қазақстан халқы ассамблеясы құрамында қандай жұмыстар істеп жатырсыздар?
– Ең алдымен Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқы ассамблеясы жұмысының қаншалықты тығыз байланыста екенін айтқым келеді. Қазақстан халқы ассамблеясы – біздің еліміздің алтын байлығы. Сондықтан Ассамблеяның принциптерін әрбір елді мекенге, әрбір азаматқа жеткізуіміз керек. Қазақстан халқы ассамблеясы елімізде болып жатқан мемлекеттік саясатты, экономикалық жетістіктерді халыққа жеткізеді. Мысалы, Елбасының Қазақстан халқына жолдауларында экономикалық мәселелерге көп көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысы көрсеткен «Нұрлы жол», Ұлттық жоспар – 100 нақты қадам, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сияқты жаңа саяси бағыттар қазіргі кезде өте өзекті мәселелер болып табылады. Жолдауларда елдегі инфрақұрылымдарды, жол құрылысын жақсарту, энергетика, туризм салаларын дамыту туралы жергілікті билік, әкімшілік басқару органдарының қызметі туралы да мәселе нақты және өте орынды айтылды. Жемқорлықты жоюға қатысты мәселе жақсы көтерілді, бюджеттен бөлінген қаржыға бақылау күшейтілу тиіс. Экономикаға байланысты коррупциялық элементтерге жаңаша, өте қатаң қарайтын кез келді. Мемлекеттің әр тиыны далаға кетпеуі керек. Туризмнің дамуын қолға алу мәселесі де көтерілді. Қазақстанда шетелдік туристерді таратын көрікті жерлер көп. Туристер бізге неғұрлым көп келетін болса, бізге де, Ассамблеяның жұмысына оң әсерін тигізеді. Туристер үшін шекара қашанда ашық, соның арқасында халықтар достығы одан әрі нығая бермек. Энергетиканы дамытуға күш салынатын болды, бұл «Жасыл эконоика» саясатына қатысты мәселе. Осының барлығын халыққа түсіндіру біздің міндетіміз. Энергетика саласын дамыту бағытында өзім жұмыс істеп жатырмын. Жергілікті энергетиктермен бірлесіп тың жобаны іске асырып жатырмыз. Бұл салаға сырттан инвесторлар тарту да маңызды жұмыстардың бірі.
Қазақстан Халық ассамблеясы шын мәнінде ұлтаралық татулықтың моделі болды. Ассамблея арқылы қазақтың ұлы халық екенін, мемлекетіміздің ұлы екендігін әлем таныды. Қазақ халқының «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейтін мақалын Елбасы жиі айтады. Расында біздің ортақ отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамып отырғаны – елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ ұлты қай кезде де жақсылық бастамалардың қозғаушысы, этностарды топтастырушы рөлін атқарып келді және бұдан былай да атқара беретініне сенімдімін. Ендігі кезеңде біз баршамыз болып қазақстандықтардың бойына отаншылдық сезімін қалыптастыру ісіне қызмет жасауымыз қажет. Сонда ғана біз мемлекет құрушы ұлт екенімізді нықтап, жаһандық бәсекеге төтеп бере алатын мықты мемлекет боламыз. Біз Қазақстан халқы ассамблеясын қоғамды біріктіруші, ұлттық тұтастықты қалыптастырудағы стратегиямызды жүзеге асырушы бірегей институт ретінде бұдан былайғы кезеңде де дамыта түсеміз» деген сөзі көкейге қонады.
2003 жылдың желтоқсанында болған Қазақстан халықтары ассамблеясының Х сессиясында «Суоми» ұлттық мәдени орталығы ассамблеяға мүше болып қабылданды. Ассамблея делегациясының құрамында «Суоми» ұлттық мәдени орталығының төрағасы ретінде алдыңғы жылы Оңтүстік Кореяға, Ұлыбританияға барып, Қазақстанда тұратын халықтар достығын эталон ретінде көрсеттік. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары болған Сергей Терещенко, Жұматай Әлиев, Ералы Тоқжанов, Сергей Дьяченколар, қазіргі Дархан Мыңбай республикамыздағы ұлттық мәдени орталықтарға жан-жақты көмек көрсетіп, халықтар достығының, бірліктің ұйтқысы болып отыр.
– Өзіңіз басшылық жасап жүрген «Суоми» ұлттық мәдени орталығының атқаратын рөлі, мақсаттары қандай?
– Қазіргі кезде «Суоми» ұлттық мәдени орталығы арқылы республикада тұратын барлық финн, карел халықтары бір ортаға жиналып, басымызды қосатындай, тұрақты байланыс жасайтындай жағдайға жеттік. Бұл Президентіміздің бастамасымен жасалған Қазақстан халқы ассамблеясы жұмысының арқасында қол жеткізген нәтиже деп айтуға болады. Осылайша Қазақстанды мекендеп жатқан 120-дан астам ұлттың өкілдері достықтың жаңа моделін жасады. Бізге Қазақстан халқы ассамблеясы әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Ұлттық мәдени орталықтың бірінші кезектегі алға қойған мақсаты Қазақстанда тұратын карел-финн халықтарының өкілдерін табыстыру, салт дәстүрлерімізді, мәдениетімізді, ұлттық киім үлгілерін, ұлттық тағамдарды дайындауды өзімізден кейінгі ұрпаққа қалдыру болып табылады. Финляндия Республикасының және Карел Республика қазақстандық компаниялармен сауда байланыстарын жасайтын финляндиялық FINPRO ұйымының Қазақстанда 54 офисі ашылды. Соңғы он шақты жылда «Суоми» ұлттық мәдени орталығының белсенді араласуымен жыл сайын тауар өндірушілер мен кәсіпкерлердің Қазақстан-Финн форумы өткізіп тұрады. Біздің орталықтың қатысуымен еліміздің Финляндия Республикасындағы құрметті консулдығы ашылды. Құрметті консул болып Мұрат Рамазанов тағайындалды. 2008 жылдың қарсаңында Астана, Алматы қалалық әкімдіктерінің қатысуымен, қазақстандық, финн бизнесмендерінің қолдауымен Жаңа жылдық қайырымдылық акциясын өткіздік. Финляндиядан келген Аяз ата Астана, Алматы қалаларындағы балалар үйіне сыйлықтар тапсырды. Жалпы ұлттық мәдени орталықтың екі елдің арасын жақындастыруға зор мүмкіндігі бар. Қорыта айтқанда біз мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерін сөзбен емес, іс жүзінде орындауға тырысып жатырмыз.
– Әлеуметтік және инновациялық технологиялар салалары бойынша Қазақстан-Финляндия қарым-қатынастары жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазақстан мен Финляндия көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық байланыстарды жыл өткен сайын нығайтып келеді. Жыл сайын қазақстандық және фин кәсіпкерлерінің екі елдің бизнес элита басшылығының қатысуымен экономикалық форум өткізіліп тұрады. 2013 жылы 17 сәуірде Астана Қазақстан мен Финляндия елдері Президенттерінің қатысуымен «Жасыл» экономика және жаңғыру жөніндегі саммит болды. 2014 жылдың 26 мамырында «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі кеңес құрылды. Содан бергі уақытта көптеген жобалар іске асырылды. Қазақстандық және финляндиялық кәсіпкерлердің қатысуымен финдердің хабы құрылды. Соның нәтижесінде Финляндияның ірі ғылыми және қаржы орталығы Оулу қаласы мен Астана қаласы бауырлас болды. Қазақстан — Финляндия арасындағы ынтымақтастық жобалардың бірі – Астана маңындағы Арнасай ауылында құрылған «жасыл» технология орталығы болып табылады. Бүгінгі таңда «Арнасай» «жасыл» технология орталығында 40-қа жуық «жасыл» технологиялар орнатылған, 5000-нан астам қазақстандықтар дайындықтан өтті.
2017 жыл, бірінші кезекте, ешқандай жарнаманы қажет етпейтін ЭКСПО-ға байланысты есте қалады. Маусымның 20-ы күні Финляндия тарапының шақыруымен Финляндия павильонының ашылу салтанатына қатыстым. Айта кету керек, павильонды Финляндия президенті Саули Нийнисте ашты. Әрине, жоғары инновациялық, озық технологиялар ретінде фин павильон маған ұнады. Финдер баламалы энергетиканы өте сауатты пайдаланады, бұл ең алдымен, Финляндия аумағында пайдалы қазбалардың болмауына байланысты. Менің ойымша, ЭКСПО-2017 көрмесі қазақстандықтарды интеллектуалдық құндылықтарға бағыттап, саналарындағы көп нәрсені өзгертуі тиіс. Қазіргі уақытта бұл өте маңызды болып табылады, сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы мәселелерге басымдық береді. Бұл бағытта елімізде ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қазақстандағы сарқылмайтын энергия көздеріне Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы 480 млн евро инвестиция тартылды. «Жасыл энергия» қоры да осы саладағы жобаларды 110 млн евро көлемінде қаржыландырмақ. Бұл қаражат күн, жел стансалары мен кіші гидроэнергетиканы, биогазды дамытуға және сарқылмайтын энергия көздерін бірыңғай жүйеге интеграциялау үшін электр желілерін жаңғыртуға жұмсалады. Энерготиімділікті арттыруға бағытталған жобалар жыл сайын ауаға таралып жатқан көмірқышқыл газының көлемін 600 тоннаға дейін азайтады.
– Финляндия сауаттылық, білім беру, денсаулық сақтау, өмір сүру сапасы, демократия жағынан әлемдік рейтинг бойынша әлемдік деңгейдегі көшбасшы мемлекеттердің қатарында тұрған ел. Финдердің озық тәжірибесін Қазақстанда пайдалануға бола ма?
– Финляндия 2017 жылы желтоқсанда өзінің Тәуелсіздігіне 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы күнге орайластырылып әртүрлі іс-шаралар жасалып жатыр, олардың бірі финнің белгілі қоғам қайраткері Иллко Тайпале жазған, әлемнің көптеген тілдерінде жарық көрген «Финляндияның 100 әлеуметтік инновациялары» монографиясы болып табылады. Өткен жылы 11 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасында басылымның тұсаукесері өткізілді. Монография экономика, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру сияқты елдегі өзекті әлеуметтік мәселелерге арналған. Автор қазіргі замандағы жоғары өркениетті мемлекеттің құрылуы және дамуының бірегей тәжірибесін баяндайды.
Менің ойымша, фин тәжірибесі мұқият зерттеуге лайықты. Бұл мәселеде түрлі бірлескен серіктестік жобалар жасау өте тиімді болмақ. Соларды пайдаланып заң жүзінде әлеуметтік және инновациялық технологиялар трансфертін жүзеге асыруға болады. Осыған байланысты менде бірқатар ұсыныстар бар: біріншіден, қазақстандық – финдік венчурлік қорын құру керек. Екіншіден, Финляндиялық «жасыл» экономика тәжірибесін пайдалану үшін оны Қазақстанда қалыптастыру қажет. Үшіншіден, Финляндиядан инвестициялар тарту. Төртіншіден, «Финляндияның 100 әлеуметтік инновациялары» кітабындағы әлеуметтік инновациялар тәжірибесінің Қазақстанға қатысты жақтарын пайдалану.
– «Финляндияның 100 әлеуметтік инновациялары» кітабындағы финдік тәжірибелерді Қазақстан әлеуметтік саясатына пайдалану керек дейсіз ғой?
– Фин еліне сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Финляндиямен қарым-қатынас Қазақстан үшін аса қажетті. Себебі, бұл ел әлемде өзіндік орны бар, білім-ғылым саласында, инновация бағытында алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Егерде біз бәсекеге сай ел болғымыз келсе, Финляндияның жүрген жолымен өтіп, тәлім-тәрбие алғанымыз өте пайдалы болады. Біз бұрын өз дамуымызда Оңтүстік-Шығыс Азияның барыстарынан сабақ алдық. Олардың стратегияны қалай жасағанын, қалай дамығанын, кадрларды қалай дайындағанын үйрендік. Ал қазір бұл
кезеңнен өттік, енді бізге Финляндиядан үйренген жөн», деп атап өткен болатын. Көрнекті фин саясаткері, Финляндия Парламентінің екі шақырылымының депутаты Илкка Тайпале өзінің кітабында тегін білім алу, қарт адамдарды әлеуметтік қамтамасыз ету, студенттік жәрдемақылар, кедейшілікпен күрес, парламенттік демократия сияқты фин елінің жүргізіп отырған саясатын кең ауқымды қамтиды. Кедейшілікпен күресте басты стратегия жұмыссыздықты болдырмау, табыс көздерін көбейту, табыс кепілі саналатын әлеуметтік жүйе болып табылады. Илкка Тайпаленің кітабында Финляндияның әлеуметтік проблемаларды қандай жолдармен шешкені туралы нақты жазылады. Мысалы, Қазақстанда бүгінгі күнге дейін баспана мәселесі қиындық туғызып келді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Финляндияда баспана жетіспеді. Бұл проблеманы шешу үшін Финляндияда 1949 жылы әлеуметтік пәтерлердің құрылысын жеңілдететін ARAVA жүйесі құрылды. Бұл бағдарлама бойынша алғашында тұрғынүйге кредиттер мемлекеттік бюджеттен бөлінді, 1990 жылдан бастап барлық қаржы нарықтарынан беріле бастады. Сонымен қатар мұнда 1985 жылы үйсіз жүргендерді баспанамен қамтамасыз ететін Ү қоры құрылған. Қордың құрылтайшылары – Финляндияның психикалық денсаулық қауымдастығы, Фин Қызыл кересті, Шіркеу басқармасы, Финляндияның құрылыс өндірістерінің одағы, құрылысшылар кәсіподағы, Финляндияның және Хельсинки, Эспоо, Вантаа, Тампере, Турку қалаларының муниципалиттер одағы. 1987 жылы Финляндияда 20 мыңға жуық баспанасыздар болған екен, қазіргі кезде олардың саны 8 мыңдай ғана. Финляндияның жоғары оқу орындары бар барлық қалаларында студенттерге арналған пәтерлер салатын, оларға жөндеу жұмыстарын жүргізетін қорлар мен компаниялар болады. 2006 жылы Финляндияда 60 мың студент тұратын 40 мың студенттік пәтерлер болған.
– Қоғамның өзгеруі бала тәрбиесінен басталады емес пе, финдер бала оқытуға қатты көңіл бөлетін болар?
– Финляндиядағы «халықтық мектеп» деп аталған алғашқы мектеп ХVI ғасырда ашылған. 1921 жылдан бастап елде міндетті білім жүйесі енгізілді. Финляндияда қазір 3,5 мыңға жуық мектеп бар. Финляндияның қазіргі заманға сай білім беру жүйесі толық мемлекет иелігінде. Міндетті тегін орта білім 7 жастан бастап 16 жасқа дейінгі дайындық кезеңін қамтиды Финляндия халқы сәби дүниеге келе салысымен, оған толыққанды азамат ретінде қарайды. Бірден төлқұжат береді. Ата-аналарға қоғамдық орындарда баласына дауыс көтеруге тыйым салады.
– Финляндия шын мәнінде тарихи отаныңыз ғой, ата жұртыңызға барып тұратын шығарсыз?
– Финляндияға бірнеше рет бардым. 2002 жылы Финляндияның сыртқы істер министрімен, ол жақтағы диаспоралардың басшыларымен кездестім. Қазақстаннан барғандықтан қазақтың салтымен өзіммен бірге сыйға апарған шапанды министрдің иығына жаптым. Министр мұнымды алғашында түсінбей қалған сияқты, шапан жабу олар үшін таң нәрсе болды. Соған қарап Финдердің Қазақстан туралы көп біле бермейтіндігін аңғардым. Сыртқы істер министрлігіне үшінші рет барғанда ғана мені жылы қабылдап, маңайымда жаңа достар пайда бола бастады. Қазақстанға деген көзқарастары өзгеріп, бізді түсіне бастағандай. Екіжақты жылы қарым-қатынас орнап, біздің ел туралы жағымды әңгімелер айтылды. Әрине, біздің Президентіміздің Финляндияға жасаған ресми сапары бұл елдің алдында ғана емес, бүкіл дүние жүзінің алдында Қазақстанның абыройын асырды деуге болады. Қазақстанның әлемдік аренада салмақты фигураға айналып келе жатқанын мен мақтан тұтамын. Қазақстанның Еуропалық қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі соның басты айғағы. Бұл құрметті қызметті Финляндия кейін Қазақстаннан иемденді, бұл да тегін емес сияқты, екі жақтың достастығы жылдан-жылға нығайып келеді. Биылғы жылы Астанада өткен EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі де Қазақстан мен Финлягдия арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың нығаюына өз үлесін қосты.
– Александр Борисович, сіз осында туып-өскен нағыз патриот қазақстандықсыз. Ал аталарыңыз Қазақстанға қай кездерде келіп қоныстанған?
– Мен – алматылықпын. Арғы атам офицер, Балқаш көлінің жағасындағы Приозерск деген жабық қалада әскери қызметте болған. Шешемді сондағы госпитальге алғызып, босандырған екен. Тууы туралы куәлікке әскери, жабық қаланың атын жазуға болмайды, сондықтан Приозерск қаласына жақын болған соң куәлікке «туған жері Сарышаған қаласы» деп жазыпты. Арғы атам – фин-ингермаланд, ал әжем – карел. Олар менің әке-шешеммен фин тілінде сөйлесетін. Қазақстанға әскери қызметкер ретінде келіп тұрақтап қалған атамыздың отбасынан біз тарадық. Әкем 32 жасында Алматы электромеханикалық зауытына директор болып қызметке келген екен. Сөйтіп біздің жанұямыз Алматыға көшіп келіп, Қазақстанда біржолата тұрақтап қалды.
– Қазақ жерінің, халқының басқа ұлттардың үшін есінде шегеленіп қалатындай қандай ерекшеліктері бар?
– Мен Қазақ елі туралы әңгіме айтатын болсам мемлекеттік нышандардан бастар едім. Қазақстанды Азия барсы деп атайды. Баяғыда жазғы каникул кезінде «Энергетик» пионер лагерінде демалдым. Бізді жетекшіміз жан жағымыздағы биік таулардың басына жиі серуенге шығаратын. Бір күні кешке жақын біз тұрған биік жотаның қарсы беткейінде кетіп бара жатқан барсты көрдік. Жетекшіміздің дүрбісімен кезектесіп қарап, әлгі барсты ұзақ тамашаладық. Тәкәппар тау еркесінің сұлулығы әлі күнге дейін көз алдымда. Қазақтың басты символдарынң бірі Шаңырақ туралы әңгіме бөлек. Бірде әкем Қаскелеңдегі астық зауытына жұмыспен баратын болып, мені өзімен бірге алды. Кеңшар директорымен бірге ұзақ жүріп, айдалада жалғыз тұрған киізүйге келіп түстік. Ми қайнатар ыстықтан киізүйге кіргенімде салқындап, рахаттанып қалғаным есімде. Кішкентай ғана шаңырақтың астына барлық керекті дүниенің сиып тұрғанына таң қалдым. Бұдан кейін де талай рет киіз үйлерде қонып жүрдім, бірақ бірінші рет қонғандағы алған әсерім ұмытылмайды. Сол күні ішкен қымыздың, бесбармақтың дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Қазір қымыздың қалай дайындалғанын дәмінен біліп отырамын. Ал бесбармақты құрметті қонақтар үйіме келгенде өзім дайындаймын. Елден ұзап шықсам асылған етті, қазы, жал жаяны сағынамын. Көкпар, бәйге дегенді Қазақстаннан басқа қай жерден көре аласың… Қазақстанның бетке ұстар нышандарының бірі «Медеу» мұз айдыны. Мен төрт жасымнан коньки тептім. Сондықтан бала кезімнен бері қаншама уақытымды «Медеуде» мұз айдынында өткізгенімді мақтанышпен айта аламын. Алматыға келген шетелдіктер «Медеуді» әлемдегі кереметтердің бірі санайтын. Мәскеудегі Қызыл алаңда тізіліп тұрған көгілдір шыршаларды біздің Алатаудан апарып отырғызылғанын мәскеуліктердің өздері біле бермейді. Айта берсек Қазақстанды ерекшелендіретін кереметтеріміз көп қой. Қазақстандағы тың игеру науқаны да республиканың атын шығарды. Алғаш рет игерілген тың жерді Қызыл Армия қатарында жүргенімде көрдім. Торғай облысына астық жинауға қатыстым. Тоқсаныншы жылдардың аяғында Солтүстік Қазақстан облысында қызметте болдым. Облыс аумағында жұмыспен көп жүрдім. Мені үші қиыры жоқ кең даладағы егіс алқаптары таң қалдыратын. Байлық деген осы ғой! Тың жерлерді игерудің арқасында қазақстан астық өсіруден жетекші елдердің біріне айналды. Осындай нышандары Қазақстанды басқа елдерден ерекшелендіреді, сондықтан ұлттық ерекшеліктерді қасиеттеу керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қайыржан ТӨРЕЖАН
[:]