АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Әлемде ядролық қаруды қолдану қаупі шарықтау шегіне жетті[:]

[:kz]

 

Ресейдің Украинадағы соғысы ядролық державалар арасындағы шиеленісті күшейтті. Осылайша, бүгінде әлемде ядролық қаруды қолдану қаупі қырғи-қабақ соғыстан кейінгі ең жоғары деңгейге жетті. Мұндай мәліметтерді Стокгольмдағы халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) жыл сайынғы «қару» есебінде жариялады. 

SIPRI мәліметтері бойынша, «ядролық клубтың» барлық өкілдері — Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Израиль және Солтүстік Корея — алдағы жылдары оқтұмсықтардың санын көбейтуге ниетті және олар ядролық арсеналдары модернизациялауда.

«Өткен жылы ядролық қаруды бақылауда да, ядролық қарусыздандыруда да айтарлықтай прогреске қол жеткізілгеніне қарамастан, қазір ядролық қаруды қолдану қаупі қырғи-қабақ соғыстың қызған кезінен бергі кез келген уақыттағыдан жоғары болып көрінеді», — деді SIPRI институты басшысы Дэн Смит.

SIPRI жаппай қырып-жоятын қарулар бағдарламасының директоры Вильфред Ванг әлемдегі барлық ядролық державалар өздерінің арсеналдарын көбейтіп немесе жаңартып жатқанын айтты. 

«Көптеген елдер ядролық риторикаға және олардың әскери стратегияларындағы ядролық қарудың рөліне көбірек орын беруде. Бұл өте алаңдатарлық үрдіс», — деді ол. SIPRI сарапшысы Ханс Кристенсеннің айтуынша, қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бері жалғасып келе жатқан ядролық қаруды қысқарту үдерісі аяқталғанының «айқын белгілері бар». 

2022 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша орналастырылған ядролық оқтұмсықтардың саны бойынша көшбасшылар: 

  • АҚШ – 1 744 (қормен бірге – 3 708), 
  • Ресей – 1 588 (4 477), 
  • Франция – 280 (290), 
  • Ұлыбритания (2021 жылы ел ядролық оқтұмсықтар туралы мәліметтерді жариялаудан бас тартты) – 120 (180), 
  • Пәкістанда да 165 оқтұмсық ядролық қару бар, 
  • Үндістанда 160 ядролық қару бар,  
  • Израильде 90 ядролық қару бар,
  • Солтүстік Кореяда 20 ядролық қару бар.

SIPRI мәліметтері бойынша, Ресей әлемдегі ең үлкен ядролық арсеналға ие, барлығы әртүрлі өнімділіктегі 5 977 ядролық оқтұмсықтар, бұл АҚШ-тан шамамен 550-ге көп. Сонымен бірге Ресей мен Америка әлемдегі барлық оқтұмсықтардың 90 %-дан астамын құрайды. 

Дегенмен, SIPRI атап өткендей, Қытай оларға ұмтылуда, ол жақын арада 300-ге жуық жаңа зымыран тасығыштарды пайдалануға беруді көздеп отыр. SIPRI мәліметтері бойынша 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін оқтұмсықтардың жалпы саны 13 080-ден 12 705-ге дейін азайғанымен, олардың кем дегенде 2 000-ы үнемі жоғары дайындықта. 

Сонымен, ядролық қорлардың азаюы Ресей мен АҚШ-тың ескірген жүйелерін пайдаланудан шығарғанымен және пайдалануға жарамды оқтұмсықтар саны бұрынғы деңгейде қалуымен байланысты. Дегенмен, SIPRI болжамы бойынша, әлемде ядролық арсеналдар алдағы онжылдықта өседі.

Асқар Жұмабаев

Алтынорда 

[:]