АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Әлемнің жемқор Президенттері[:]

[:kz]

Жемқорлық деген ауыр дерт әлемнің көптеген Президенттерін айналып өтпепті. Билік басында бірнеше жыл отырып, соның арқасында қыруар қаржыны жым­қырған мемлекет басшыларының бірқатарына тоқталып өтелік.

Индонезияның бұрынғы Президенті Мұхаммед Сухарто 1968-1998 жылдар аралығында мемлекет басқарған. Ол басшылықта отырған кезде Индонезия дипломатиялық және экономикалық дағдарыстан шығып, елде халықаралық қатынастар ретке келе бастады. 1997-1998 жылдары орын алған Азиялық қаржылық дағдарыс кезінде Сухарто саясатына көңілі толмаған халық жаппай бас көтерді. 1998 жылы 21 мамырда елдегі орын алған көтеріліс нәтижесінде мыңдаған адам қаза тауып,  бұл оның отставкаға кетуіне негіз болды.

 

«Transparency Іnternatіonal» жемқорлыққа қарсы үкіметтік емес халықаралық ұйымының мәліметі бо­йынша Мұхаммед Сухарто Президент атанған 30 жылдың ішінде 15-35 миллиард доллар аралығындағы қаржыны қалтаға басып үлгерген. Ол жемқорлықтан көш бастап тұрған Президенттердің бірі. Сухарто бас­шы­лықтан кеткен сәттегі австриялық банктегі сақтаулы қаржысын, жылжымайтын мүлік пен бағалы заттарын қоса есептегенде оның жалпы байлығы 15 миллиард долларды құраған. Ол 2008 жылы өмірден озды. 

 

Филиппиннің 1965-1986 жылдар аралығындағы Президенті Фердинанд Маркос та жемқорлар қатарына еніп отыр. Оның қолды еткен қаржысы – 5-10 миллиард доллар аралығын көрсетеді. Ол Президент болған уақыттары Маркос пен оның әйелі Имельда ашықтан-ашық мемлекет қазынасының қаржысын өз пайдаларына жаратып отырған. Ерлі-зайыптылар Швейцария мен АҚШ елдеріндегі банк есепшоттарына бірнеше миллиардтаған доллар аударған.

 

Имельда Маркос киім-кешек алуға апта сайын 100 мыңдаған доллар жұмсап отырған. Ол көйлектерін Париж бен Рим қалаларынан  арнайы ұшақпен алдырады екен. Оны мемлекет мүлкіне қол сұғушы және шектен тыс ысырапшыл деп айыптаған соң екеуі де АҚШ-қа қашуға мәжбүр болған. Олар елден кеткен соң Маркостар үйіндегі Имельданың гардеробынан 3 мың жұп туфли табылыпты.

 

Сондай-ақ Фердинанд Маркос  өзімен бірге 10 миллиард доллар қаржыны ала кеткен. Ол 1989 жылы АҚШ-та қайтыс болды. 

 

Ал Конго Президенті Мобуту Сесе Секоны 5 миллиард долларға жуық қаржыны жымқырған деп айыптайды. Ол 1965 жылы Конго Президенті болып сайланды. Басшының символы – леопард терісінен тігілген бас киім мен бүркіт бейнесінде жасалынған ағаш таяқ еді. 1997 жылға дейін басшылықта отыр­ған ол 1971 жылы елдің атауын Заир деп ауыстырды. 1997 жылы Мобуту елден қашуға мәжбүр болып, сол жылы Марокко жерінде қайтыс болды.

 

Ол билікте болған кезде елде жеке басқа табынушылық қалыптасты және еркін ой-пікірге жол беріл­меді. Елде жемқорлық жайлап, мемлекет қаржысын шектен тыс пайдалану қанат жайды. Ал Мобуту ең бай адамдардың қатарына кірді. Диктатор туған-туыстарымен бірге арнайы жалданған ұшақпен қыдыр­ғанды ұнатқан көрінеді. Сондай-ақ зәулім үйлерден коллекция жасап, өз ауылы Гбадолитте ақ мәрмәр тастан үш сарай мен ойын кешенін соғып, ұшақтың ұшып-қону жолағын жасатқан. Францияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Бернар Кушнер Мобутудың байлығына қарап, оны «Леопард терісінен шатыры бар, жылжымалы банк қоймасы» деп атаған.

Сани Абача – Нигерияның оныншы Президенті. Ол 2-5 миллиард доллар аралығындағы қаржыны жымқырған. Нигерияда 1993-1998 жылдар аралығында басшы болған ол маңызды әскери адамдарды қызметтерге қойып, оппозиция мен партиялардың ашық пікір білдіруіне тыйым салды. Бұқаралық ақпарат құралдарының сөз бостандығын шектеп, ойын еркін айтқандарды темір торға тоғытты.

Абача 1998 жылы өмірден озды. Ол қайтыс бол­ған соң әйелі 38 шабаданға салынған қаржыны алып, елден қашуға әрекет жасайды. Бірақ ойлағаны іске аспай, тез арада тұтқындалады. 1999 жылы ел Үкіметі Абачаның отбасы швейцариялық банкте сақтап келген ұрлықы ақшаны мемлекетке қайтаруға тырысты. Нәтижесінде швейцариялықтар 500 миллион долларды  Нигерия қазынасына аударды.

1989-1997 жылдардағы Сербияның  Президенті Слободан Милошевичтің қолды еткен қаржысы – 1 миллиард доллар.  2001 жылы тұтқындалған ол 2006 жылы Нидерланды мемлекетінің Гаага түрмесінде қайтыс болды.

БАҚ өкілдері Украинаның 2010-2014 жылдар аралығындағы төртінші президентіВиктор Януковичті де жемқор Президенттердің қатарына жатқызуға болатынын айтады. Оның Украина банкіндегі есеп-шотынан 6 миллиард гривна және шетелдік банктердегі есеп-шотынан 2 миллиард доллар қаржы табылған.

Сондай-ақ жемқорлық айып тағылған экс-Прези­денттердің қатарында Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Пак Кын Хе де, 748 мың долларға жуық заңсыз ақшаны жымқырғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған Бразилия басшысы Луис Инасиу Лула да Силва да, Перудің билігін тізгіндеген Педро Кучинский де бар.

zamana.kz

[:]