АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Әлеуметтік қолдау жан-жақты[:]

[:kz]

Қарағанды облысында төтенше жағдай кезінде халыққа әлеуметтік қолдау көрсету жан-жақты жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан берілетін 42500 теңге төлемді бүгінге дейін өңірде 102 мыңнан астам тұрғын алып үлгерді. Көпті алаңдатқан мәселенің бірі – жұмыс орындарының сақталуы. Бұл бағытта да нақты шаралар іске асырылып жатыр. Аймақта жұмыс орындары қысқармайды. Бұл орайда 161 өндірістік кәсіпорынмен меморандум жасалған. Оларда 75 мың жұмыс орны бар. Аймақтағы әлеуметтік ахуал мен тұрғындарға көрсетілетін көмек хақында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем ЖҮНІСБЕКОВА қатысқан брифингте баяндалды. 

 

Жұмыс орындары қысқармайды

 

Брифинг барысында Абзал Нүкенов облыс басшылығының жұмыс орындарын сақтау бойынша атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті.

«Осыдан бір-екі апта бұрын үлкен өндіріс орындарымен тиісті меморандумға қол қойылды. Құжаттың негізгі мазмұны – жұмыс орындарын қысқартпай, барынша сақтап қалуға тырысу. Яғни, меморандум аясында аймақтағы 161 кәсіпорын осындай міндеттеме алды. Сонымен қатар, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 43 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Дағдарысқа қарсы шаралардың бірі «Жол картасы» бағдарламасы болса, қазіргі уақытта осы картаның «қоржынында» жалпы құны 63,7 млрд. теңгені құрайтын 625 жоба бар. Аталған жобалар жалпы саны 16 106 жұмыс орнын, оның ішінде, 712 тұрақты жұмыс орнын ұсынбақ.

 

102 мың адам әлеуметтік төлем алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай мен карантин режиміне байланысты табысынан айырылған қазақстандықтарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төлеуді тапсырғаны мәлім.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік төлем алуға 229 мыңнан астам азамат өтініш берген. Олардың ішінде 90 мыңға жуық өтінімді дұрыс толтырмағаны және талапқа сай келмейтіні анықталды.

«Ал, 117 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік көмек беру туралы шешім қабылданды. Олардың 102 мыңнан астамы бүгінде 42 500 теңгені алып үлгерді. Төтенше жағдай режимі созылған жағдайда көмекті беру жалғасады» – деді А.Нүкенов.

Қазіргі таңда облыс бойынша 14 000 отбасы – мемлекеттік жәрдемақы, 3 677 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуда. Соңғы үш айдың ішінде 4 624 балаға кепілді әлеуметтік көмек көрсетілді. Төтенше жағдайға байланысты тікелей қарым-қатынастың шектелуіне орай,  І тоқсанда АӘК алған азаматтардың оны алу мерзімі ІІ тоқсанға ұзартылды. Ал, бұл көмекке жаңадан өтініш беретін азаматтар e.gov.kz порталы арқылы онлайн өтінім жібере алады. Егер компьютер немесе басқа да гаджеттер қолжетімсіз болса, жергілікті әкімдіктің көмегіне жүгінуі керек.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдай кезінде қосымша қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, АӘК алатын отбасылардағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және олардың күтіміне жауап беретін тұлғалар, ресми тіркелген жұмыссыздар азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз етіледі. Ол үшін ешқайда барып, өтініш берудің қажеті жоқ. Көмек алушылардың тізімі жасақталған. Наурыз айында 6 316 балаға көмек көрсетілді. Ал, сәуір айында осы көмекті 76 мыңнан астам адам алады», – деді.

Қарағандыда карантин жарияланғалы індетті жеңу бағытында қыруар шаруа тындырылды. Атап айтқанда, 16 наурыздан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті қарт адамдарға, мүгедектерге көмек көрсетужөніндегі 163 акция өткізілді. Жалпы 26 167 адам қамтылып, 21 млн. теңгеден астам қаражатқа азық-түлік себептері дайындалды. 61 тоннаға жуық азық-түлік, санитарлық-гигиеналық және тұрмыстық заттар таратылды. 23 мың дана бетперде тігіліп, халыққа ұсынылды. Сонымен бірге, алғы шетпе жүрген ақ халатты абзал жандарды қолдау шаралары да дер кезінде жасалуда. Республикалық бюджеттен 1 349 медициналық қызметкерге үстемақы төленсе, күні кеше облыс қаржысы есебінен тағы 1 677 дәрігер айлық еңбекақысы мөлшерінде сыйақы алды. 

 

Birgemiz қоры қолұшын созды

Қазіргі таңда Үкімет пен жергілікті билік күн-түн демей, індетті жеңудің стратегиясын қарастырып жатқаны аян. Мемлекет төтенше жағдайда жұмысынан айырылған әлеуметті қолдау үшін арнайы қаржы қарастырды. Бұдан бөлек, Елбасының бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры арқылы да мұқтаж жандарға 50 мың теңге көлемінде жәрдем беріліп жатқаны белгілі. Облыста бұл жұмыс Birgemiz-Qaragandy өңірлік қоры арқылы жүзеге асып жатыр.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанованың айтуынша, қазіргі күнге дейін Қарағанды өңірінде аталған қор арқылы 7 санат негізінде 13 674 адамның есеп-шотына  қаржы аударылды. Олар Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының тұрғындары екенін де атап өткен жөн. Айта кету керек, партия тарапынан атқарылып жатқан бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады. Облыста 7 санат бойынша тағы 18 383 тұрғын әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етіледі. 19 сәуірге дейін осы қаражатты алатындар тізімі нақтыланады.

Облыстағы 3 мың отбасына 35 млн. теңге көлемінде әлеуметтік пакет түрінде  көмек берілді. Сонымен қатар, әлеуметтің белгілі бір тобына азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар жиынтығын үлестіру жалғасуда. Сәуір айында жалпы сомасы 417 млн. теңгені құрайтынан осындай жиынтықты әлеуметтің әлжуаз тобындағы 75 мың адамға табыстау көзделуде.

Мемлекет бір де бір азаматын қамқорлықсыз қалдырмайтынын айтты. Елде сенім – зор. Себебі, бұл іс – есеп үшін емес, ертең үшін екеніне күмән-күдігі қалмады.

 

Кәсіпкерлер көмегі қомақты

Бүгінде Қазақстанның әр аймағында Атымтай жомарттар аспанды бұлт торлағанда бұғып қалмайтынын көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі кәсіпкерлерге үндеу тастауы – ел қамын жеген Едігелердің бар екенін айғақтады. Қоғамдық қорға – індетпен күреске толассыз қаржы аударып жатқан ел азаматтары баршылық.

Олар жалпы қоғамға жасаған қамқорлығын жария етуді құп көрмейді. Десек те, жақсының жақсылығын айту – парыз. Алысқа бармай-ақ, Қарағанды аймағында бүгінгі ахуалға бей-жай қарамаған атпал азаматтардың қарасы – тым қалың.

Қарағанды облысы дзюдо федерациясының вице-президенті Ғабдолла Дүйсенбаев экспресс-тестілер алуға 5 млн. теңге қаражат бөлді. Қала тұрғыны Владимир Нефедов 1 млн. теңгеге тұрғындарға азық-түлік таратты.

«YDD Corporation» Қарағанды ферроқорытпа зауыты төтенше жағдай барысында мемлекет қабылдаған іс-шараларды қолдау үшін Қарағанды облысында құрылған қорға 100 млн. теңге бөлді.

«Нәтиже» сүт фабрикасы карантиндік ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлерге сүт өнімдерін тегін жеткізеді. «Рыспаев» жеке кәсіпкерлігі облыстық медициналық орталықтың 60 дәрігеріне қонақүйін ұсынды. «Космонавт» қонақ үйі де солай.

«Бипэк Авто» компаниясы эпидемиологтерге инфекциялық ошақтарды анықтау жұмыстарын жүргізу үшін 7 автокөлік берді.

«Алтын Арба» базары  1000 отбасыға тегін азық-түлік жеткізді. №3 автопаркі көліктерін беріп, облыстық қорға 5 млн. теңге аударды.

«Таир» сауда үйінің әкімшілігі өздеріндегі жеке кәсіпкерлерден жалға алу құнын алмау туралы шешім шығарды. Мұндай мысалдар қатары күннен-күнге артып келеді. Біз бейбіт күнде байбалам салып, іздеп жүрген ұлттық буржуазия – осы екен.

Жиырмасыншы ғасырдың басында «Ұлтына қызмет ететін байларды Алла көбірек берсін, дәулетінің екі дүниеде игілігін көрсін!» деп дұға оқып, «Қысылып тұрғанда демеу болды, Тәңірі жарылқасын!» деген қазақ оқырманының тілегін біз де осы күні қайталаған жайымыз бар.

Әйтеке бидің «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін, бай болып, елге пайдаң тимесе, батыр болып, жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» деген даналық сөзі – талай қазақтың баласына қамшы…

 

Еріктілерге ел сенімі ересен

Жасыратыны жоқ, еріктілердің де ерлікке пара-пар еңбегін ерекше атауға тиіспіз.  Деректерге жүгінсек, еріктілердің атқарған жұмысының ауқымына разы боласыз.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 16 наурыздан бүнінгі күнге дейін волонтерлер кәсіпкерлердің жәрдемдесуімен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге және мұқтаж жандарға тынымсыз көмек көрсетуде. Осы аралықта 163 акция өткізілген екен. Онымен 8 242 отбасы қамтылған.

Мұқтаж жандарға жалпы сомасы 21 млн. теңгеден астам қаражатқа азық-түлік себептері дайындалған көрінеді. 61 тоннаға жуық азық-түлік, санитарлық-гигиеналық және тұрмыстық заттар таратылыпты. Қазір 1 196 волонтер облыс көлемінде елге жәрдемін тигізіп жүр.

2020 жылдың 7 сәуірінен бастап Қарағанды облысында «Сарыарқа жастары» облыстық волонтерлер штабының құрылуы оларға деген ел арасындағы сенімді көрсетсе керек. Штабқа тұрғындар тегін азық-түлік себеттерін, дүкеннен азық-түлік, дәріханадан дәрі-дәрмек жеткізу, волонтер қатарына қосылу сынды мәселелермен хабарласады екен.

Бастарын бәйгеге байлаған еріктілердің ісі де өз кезінде елден де, тарихтан да лайықты бағасын алары даусыз.

Сын сағатта Қазақстан халқы Ассамблеясы да сырт қалған жоқ. Бір ғана мысал, Қарағанды облысы ҚХА мүшесі – «Татар және башқұрт Қазақстан конгресі» РҚБ филиалының төрағасы Шамиль Осин тұрмысы төмен отбасыларға 12 тонна азық-түлік пен көкөніс жеткізіп берді. Ал, тәжік этномәдени бірлестігінің өкілдері Әнет баба мешітінің орталық штабына алғашқы қажеттілік санатындағы азық-түліктерді таратты. Мұндай мысалдар өте көп. ҚХА өкілдерінің көмегі өңірдегі аудан-қалаларда әрі қарай жалғасын табуда.

 

Түйін

Төтенше жағдайға мәжбүр болған, әлемдегі экономикалық дағдарыстың салқынын сезінген еліміз етек-жеңін тағы бір мәрте жинап, болашақ үшін батыл шешімдер қабылдауда. Ел тілегі  – жалқы әрі әмбеге аян. Күрделі кезеңді бірге еңсеру, еңсемізді қайта тіктеу. Үрейді үмітке жеңдіріп, келер күннің бір шөкім бұлтсыз көкжиегіне көз тігеді бұқара. Біз – біргеміз!

 

Новости Казахстана. Алтын Орда.

 

[:]