[:kz]
Елордада қарттар үйінде тұрып жатқан қария Болат Азнабаев сүйіктісін кездестіргенін айтты. Қария осы жасында алғаш ғашық болғанын мойындады.
Болат Азнабаев Целиноградта инженерлік-құрылыс факультетін бітірген. Алматыдағы бүкілодақтық энергетика институтында оқып, Қазақсельмашта бастшының орынбасары болды. Кейін Жоғарғы сотта қызмет етіп, сол жерден зейнетке шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әкесінен ерте айырылған, анасы кейінірек қайтыс болды. Өзі бір рет үйленгенімен әйелі екеуінің баласы болмаған. Бірінші жары да о дүниелік болып кеткен.
Бүгінде қарттар үйін мекендеген қария осы жерде сүйіктісін кездестірген. Ол50 жастағы Динаға шын ғашық болып қалғанын жасырмайды. Дина Алматы тумасы. Арбаға таңылған ол әлі тұрмысқа шықпапты. Қариямен бас қосуға әлі келісім бермеген сыңайлы.
«Мен өмірімде шын ғашық болдым. Сезім болмаса осылай жүрем бе? Арбаға таңылған адаммен осылай жүресің бе дейтіндер бар. Жақсы көріп тұрсаң жүресің ғой. Ешнәрсеге қарамайсың. Дина екеуміз көп қыдырамыз. Театрға барамыз. Серуендейміз», — дейді қария.
Қарттар үйінің қызметкерлері Болат ағаның үнемі өз бөлмесінде емес, Динаның жанында жүретінін айтады. Егер екеуі ресми түрде некелессе екеуіне бір бөлме беруге болатынын түсіндірді.
Дина Лямқадырова бала күнінен арбаға таңылған. Осы күнге дейін бірнеше аяғына ота жасатқан. Алдағы уақытта да Алматыға барып, ота жасатуды жоспарлап отыр.
[:]