[:kz]
ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев парақорлық мәселесіне бей-жай қарайтын мемлекеттік органдарды атады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жемқорлықтың алдын алу бойынша басшылары белсенді шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдар анықталды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ол Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті. Мұны Transparency Kazakhstan әлеуметтік зерттеуінің және қылмыстық-тергеу практикасының нәтижелері растап отыр. Елбасының «Адалдық алаңы» жобасын барлық өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде тарату туралы тікелей тапсырмасына қарамастан, ІІМ тұрмыстық жемқорлық проблемасы толық шешілгендей, жобалық кеңсенің ашылуына кедергі келтіруде. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуден бас тартуы да түсініксіз», — деді Шпекбаев.
Айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингтің қорытындылары бойынша бұрынғыдай көштің артында.
«Ведомство, әсіресе, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау тәртібін жетілдіруге қатысты біздің ұсыныстарымызды толық көлемде орындамайды. Байлар байып, кедейлер кедейлене береді демекші, бұл жемқорлықты ғана емес, сонымен қатар бизнесті теңсіз жағдайға қояды. Толыққанды алдын алу шаралары Мемлекеттік кірістер комитетінде де жоқ, азаматтар мен кәсіпкерлердің кеден және салық органдарындағы жүйелі түрде алым-салық алуға тұрақты шағымдары мұның айқын дәлелі. Жалпы, барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар өз жұмысының жемқорлыққа қарсы әлеуетін өсіріп, тіпті қызметкерлері жемқорлық әрекеттері туралы ойлауға да мұрша бермейтін жағдай жасауы тиіс», — деп қосты агенттік төрағасы.
Бұған қоса, ол парақор шенеуніктерді сынға алды.
«Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да, Құдайдан да қорықпай, лауазымын қалтасын толтыруға пайдаланып, жүйелі түрде пара алып, бюджет қаржысын жымқырды. Менің ойымша, өз халқының қайғы-қасіреті арқылы баю – сатқындық пен адам өлтіруге тең. Пандемия кезінде 100 қылмыстық іс тіркелді, оның жартысына жуығы дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты жымқыру. Біз 100 қылмыстық іс тіркедік, олардың жартысына жуығы дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражатты жымқыру. 2 млрд теңгеден астам сомаға қымбат бағаға 132 аппарат сатып алу фактілерінің жолы кесілді», — деп қосты Алик Шпекбаев.
[:]