[:kz]
Араға жыл салып, айлардың сұлтаны Рамазан да келіп жетті. Осы орайда «Сіз ораза ұстайсыз ба?» деген сұрақ қазақ шоу-бизнесінің өкілдеріне жолданды. Мұсылмандар мерекесінің қарсаңында Stan.kz тілшісі әншілер арасында арнайы сауалнама жүргізіп көрген еді. Алғашқы кейіпкеріміз – Роза Рымбаева.
«Ораза ұстамаймын. Себебі, мен ораза күндері шет елге де, осы елде де сапарға кетемін. Биыл біздің елде сайлау болады. Мен сол сайлауға қатысушылардың бірімін. Күні бойы көп жұмыс істеймін. Біріншіден, мен әзірге өзім де дайын емеспін. Екіншіден, менің жұмысыма байланысты. Мен тамақ ішпей, аш құрсақта ән айта алмаймын. Мен міндетті түрде тамақ ішуім керек. Сахнада талып құлап жатсам кімге керек ол? Уақыты келеді, мен де оразаны ұстаймын. Бірақ денсаулыққа пайдалы екенін білемін», — дейді ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева.
Роза Рымбаеваның дәл осы жауабы Шахизадаға жақсы таныс. Кезінде ол да осындай пікірде болған. Бірақ жылдар жылжып, уақыт сырғыған соң, өнер иесі өз әрекетінің қате екенін түсінгенін айтады.
«Ондай сылтау менде де болды. Ораза ұстап келе, бір күні ұстай алмай қалған кез болды. Биыл үшінші жыл қайтадан ұстағалы жатырмын. Ораза мен жұмыс сәйкес келмейді дейтін адамдардың пікірі – тек сылтау деп ойлаймын. Әр жылы ораза ұстаған кезде бізде жолда жүрдік, концертпен кеттік. Бұл жолы да Нұр-Сұлтанға концертпен кетіп барамыз. Әрине, кішкене қиындау болады. Бірақ ниеттенсе, мен ойлаймын жеңіл өтеді. Ораза қабыл болсын. Биыл міндетті түрде ұстаймын. Келе жатқан Рамазан айы, мұсылмандар мерекесі құтты болсын», — дейді Шахизада.
Абай Бегей де жыл сайын ораза ұстайды. Әнші денінің саулығы мен отбасының амандығы үшін пітір-садақаны да жадынан шығарған емес.
«Ораза – Алланың айы. Әркім өзінің тұтатын оразасын Алланың разылығы үшін тұтады. Ораза, әрине, тұтамыз. Ниетіміз бар. Біз енді көбінесе ән сапарға шығып кетеміз. Жолға басқа қалаларға шығып кеткен кезде жеңілдіктер көп. Қазір енді баяғыдай атпен жүретін заман емес қой. Сол себептен оның ешқандай ауыртпашылығы жоқ деп ойлаймын. Алланың алдына барғанда бізден ән сапар сұралмайды ғой. Сыныққа – сылтау дейді. Егер сылтау айта беретін болсақ, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүре береміз де. Сол себептен адамның ниетіне байланысты», — дейді Абай Бегей.
Айлардың сұлтанында құлшылық етіп, әр жылы ораза ұстайтын өнерпаздардың бірі – Асхат Тарғын. Жұмысы тығыз кестеге түзілсе де, «Чип-чип» хитінің орындаушысы мұсылмандық парызына дақ түсірмеуге тырысады.
«Жұмыс сылтау емес. Бір ай қызметтегі жүрісті азайтып, қоя тұруға болады. Өйткені бұл жылына бір-ақ рет келетін құлшылық айы. Ораза – парыз! Сондықтан ұстау керек деп ойлаймын. Мен жылда оразаға дайынмын. Жылда ұстаймын. Құдай қаласа, биыл 10-шы жыл шығар ұстап жатқаным», — дейді Асхат Тарғын.
Айта кетейік, 2019 жылы оразаның алғашқы күні 6 мамырдан басталса, аталған айдың 31-і – Қадір түні. Ал, 5 маусымда ораза айт мейрамы тойланады.
[:]