[:kz]
Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы «МашАллах, ИншАллах, Аллах» сөздерін пайдаланбай, оның қазақшасын айтуға кеңес берді.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«30 жыл Тәуелсіздігімізде орыс тілінен құтыла алмай, балаларымыздың тілі шұбарланып, тілдік қорымыз жұтаңдап, тіліміз өлім алдында тұрғанда, орыс тілі аздай, оған араб тілі мен ағылшын тілі қосылып, өлейін деп жатқан ана тілімізді одан сайын тепкілеп, тұра алмастай әлсіретіп жатыр…
«Машаллах, иншаллах, астафируллах, аллах, маллах….» демей, сол сөздердің қазақшасын айтайық деп соңғы 20 жылда аз шырылдамадық… нәтиже жоқ…
Енді мүйізі қарағайдай арналар мен журналистердің қазақ сөзіне ағылшынша сөзді қосақтап, сиам егіздері сияқты сұрықсыз атаулармен бағдарламалардың түр-түрін шығаруды сәнге айналдырғалы қашан?!!..
Бұрын да бірнеше рет айттық, тағы да қайталаймын: тілді — ана тілдеріңді, мемлекеттік тілді (!), ҚАЗАҚ ТІЛІН шұбарала қылып, сүйкімін кетіруге, әлсіретуге, ТЕЛЕАРНАЛАР мен ЖУРНАЛИСТЕР, сендер үлес қоссаңдар, басқалардан не үміт, не қайыр???
30 жыл бойы бұл елде журналистер — басты идеологтар болғанын білесіңдер ме өздерің? Сендерде намыс бар ма өзі? «Лайк, майк, тайк, тайм, сайм» деген ағылшынша сөздерді қосарлап қосақтағаннан ағылшын боп кетеміз деп ойлайсыңдар ма??? Керісінше, жүректі айнытасыңдар», — деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.
Журналистің пікірін көпшілік қауым қолдап, бұл сөздердің қазақшасын айту керек деген пікірлерін қалдырды.
[:]