[:ru]
Еліміздің мұратына айналған «Мәңгілік ел» идеясы – халықтың әл-ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол үшін Қазақстанның экономикасы, әлеуеті артып қана қоймай, оны әлемге танытатын «Экспо-2017» халықаралық көрмесі, Қазақстанның әскери әлеуетін әлемге паш ететін «KADEX» көрмесі сияқты әртүрлі халықаралық жобаларды өткізу керек. Осындай халықаралық маңызды шаралардың бірі 2017 жылдың 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада болмақ.
Кеше қала әкімі Бауыржан Байбектің төрағалық етуімен Алматының Қоғамдық кеңес отырысы болып, онда 2017 жылы өтетін Универсиадаға мәселелер талқыланды. Жиында сөз болған басты мәселе Алматыда 2017 жылы өтетін 28-ші Бүкіләлемдік Универсиадаға орай әуежай жұмысын жақсарту болды. Қоғамдық кеңес мүшелері халықаралық жарыстар қарсаңында оңтүстік астанадағы басты әуе айлағының жұмысын жақсартып, Универсиадаға жан-жақтан келетін шетелдік туристер мен қонақтарға жайлы жағдай жасау туралы өз ұсыныстарын ортаға салып, ақылдасты.
Қазіргі кезде Алматы әуежайы жолаушылар тасымалының көлемі бойынша республикадағы алдыңғы орында. Мысалы өткен жылы қалалық әуежайда 5 млн жолаушыға қызмет көрсетілген. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін мұнда бейнебақылау жүйесі (852 бейнекамера) жұмыс істейді. Бұлардан өзге ішкі ұшып келулер мен ұшып кететін жолаушылар терминалы жаңартылып қайтадан жасалған. Шекаралық қызмет үшін бақылау-өткізу пукттерінің саны бұрын 32 еді, қазір олар 42–ге жетіпті. Бұл енді Универсиада сияқты қалықаралық шаралардың болмаған кездердегі жағдай, ал спорт ойындары басталғанда бұл режимнің күрт өзгеретіні сөзсіз.
Расында Универсиада кезінде Алматыға ағылатын қалың нөпір кезінде қалалық әйежайда қатты қарбасалас туындауы мүмкін. Өйткені Алматыдағы Қысқы Универсиадаға 64 елден 2000 спортшы қатысады деп болжанып отыр. Ал жарысты тамашалауға 30 мың шетелдік қонақтар мен туристер келеді деп күтілуде. Универсиаданың 80 елдегі телеаудиториясы млрд көрерменді құрамақшы. Демек, өте ауқымды шара деген сөз. Универсиадаға республика аймақтары мен шетелдерден 3 мың еріктілер жұмылдырылмақ. Бірақ бұлар да аздық етуі әбден мүмкін. Бұл енді ұйымдастырушылардың тікелей жұмысы. Алматыда 2017 жылғы Универсиаданы өткізуде Дирекция құрылған. Универсиадаға дайындықты осы мекеме бақылайды. Ал қонақтарды қарсы алып, жайғастыру әкімшіліктің құзырлығындағы жұмыстар. Сондықтан қазіргі кездегі басты шаруа – қалалық әуежайдың универсиада кезіндегі қалыпты жұмыс істеуі.
– Экономикалық, инвестициялық, туристік орталық болып табылатын қала үшін әуежай гаванының маңызы зор. Әсіресе, Универсиада – 2017 және EXPO-2017 маңызды халықаралық шаралар қарсаңында. Осы ретте болашақ дамудың басты бағыты — туризм. Бұл – біздің қаламызды жаңа сапалы деңгейге көтеретін табыс көзі. Дегенмен, бүгінгі таңда әуежай өзінің ауқымы жағынан мегаполис деңгейіне сай келмейді. Тіпті қазірдің өзінде ол жолаушы тасымалын тиісті халықаралық талаптарға сай жүзеге асыра алмай отыр, — деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.
Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Шибутов 2017 жылы Алматыға келетін жолаушылар санының артатындығын, ішкі және сыртқы туристердің әрлі-берлі қозғалысы көп болатындығын, осының өзі әуежайдағы қызмет көрсету жұмыстарының көлемін ұлғайтатынын айта келіп, осыған байланысты қажетті шаралар қабылдау керектігіне тоқталды. Ол үшін нақты ұсыныстар жасап, атқарылатын шаруаларды жүйелеу керектігін айтты. Жүк қабылдау аумағының жұмысын жақсарту, бірнеше жерге арыз-шағым кітаптарын қою, санитарлық тораптар жұмысын жандандыру сияқты қала халқының ұсыныс-пікірлерлерін жеткізді. Егер жолаушыларды күтіп алу залдарын кеңейтуге мүмкіндік болмаса, олардағы орындықтардың санын көбейту керектігін айтты Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Шибутов.
Бұған дейін «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы әуежай жұмысына алдын ала сараптама жасап, бірқатар кемшіліктердің бар екендігін анықтаған. Мәселен әуежай маңындағы көлік тұрағы жүйесін қайта қарау, Алматы қаласы Туристік ақпараттық орталыққа ұқсас ақпараттық тумбаларды орнату, такси қызметін жақсарту, жүргізушілер мәдениетін арттыру, сонымен қатар «тыныш әуежай»кестесін енгізу, ағылшын тілінде қайталайтын ақпараттық таблоларды орнату сияқты жұмыстарды жасау туралы ұсыныс жасап отыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Омарбекова мәлімдеді.
Қоғамдық кеңестің жұмыс отырысын қорытындылаған қала әкімі Бауыржан Байбек әуежай жұмысын жақсарту туралы құзырлы органдарға, мекемелерге нақты тапсырмалар берді.
Алтынорда
[:]