[:kz]
Алматы қаласында жексенбі, 21-сәуір күні өткен 17 мың адам қатысқан марафонда қарсылық акциясын ұйымдастырғаны үшін ұсталып, 15 күнге қамалған Әсия ТӨЛЕСОВА мен Бейбарыс ТОЛЫБАЕВТЫ қолдау үшін белсенділер Алматы қалалық сотының алдына жиналды.
Жиналғандардың полицияға қойып отырған кінәсі – плакаттағы жазуды қате жазып, протоколды «Лидер нации – позор нации» деген сөз жазылған деп толтырған. Ал, онда белсенділердің айтуынша ондай сөз емес, «От правды не убежишь» деген сөз болған. Бұл плакаттың суреті де шықты. Астында #У МЕНЯЕСТВЫБОР, #ӘДІЛСАЙЛАУҮШІН хештегтері бар.
Марафонды өткізуге кедергі келтірдіңдер деген айыппен 5 адамды ұстап, оның екеуіне қатысты жедел сот өтіп, 15 күн мерзімге қамалған. Бұл жағдайға қатысты қарсылық кеше-ақ басталып кеткен. Сот өтіп жатқанда бірнеше белсенді сот ғимаратының алдында қарсылық танытқан.
Қарсылықтың тағы бір себебі – акция ұйымдастырушы жастарды ешқандай адвокатсыз соттаған. Сот шешімінен кейін адвокаты келіп, аппеляциялық сотқа арыз түсірген, бірақ, сот бұл шағымды қабылдамапты.
Құқық қорғаушы Ринат РАФХАТ Азаттық радиосына берген сұхбатында:
— Бұл жерде жастарды өрескел қателіктерін көрген жоқпыз. «Әділ сайлау үшін» деп жазылған. Полиция өкілі протокол толтырғанда «лидер нации – позор нации» деген сөзді техникалық қателік деп кіргізіп жіберген. Міне, сол техникалық қателікпен жазылған сөзді негізге алып, екі жасты соттап жіберген. Бұл жерде біріншіден, олардың қорғалу құқықтарын түсіндірулері керек еді, екіншіден адвокатсыз ешқандай жауап алмауы керек. Әрі адвокатсыз үш сағаттан артық ұстамау керек, — дейді.
Ал, белсенділердің айтуынша, тергеушілер екі айыпталушыны адвокатсыз тергеп, жеке заттарын алып, телефондарындағы кіріс-шығыс қоңырауларына дейін тексерген.
Белсенділер қолдарына Қазақстанның туын ұстап «Біздің өз таңдауымыз бар»; «От правды не убежишь», «Не бойтесь, народ!»; «Отпустите детей!»; «Баларды бостаңдар!» деп айқайлады.
Аппеляциялық шағымды бірге түсірмек ниетпен жиналған белсенділер бір сағаттан аса Әсия Төлесованың анасы Жанар ЖАНДОСОВАНЫ күткенмен, Жанар ханым арнайы өкілдер арқылы сәлем айтып, өзінің дәл қазір қызымен кездесетінін, сол себепті адамдарды күттіргісі келмейтінін, аппеляциялық шағымға қатысты арнайы хабарлайтынын айтты. Осыдан кейін ғана белсенділер тарай бастады.
Жас Алаш
[:]