[:kz]
15 наурызда Алматы облысының Боралдай кентінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығының қатысуымен ҰҚК Авиация қызметінің қаза тапқан әскери қызметшілеріне әскери құрмет көрсету рәсімі өткізілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаза болғандарды жерлеу орнына жеткізу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жерүсті және әуе көлік құралдары тартылған.
ҰҚК Орталық аппаратының ғимаратында ведомстволық ту төмен түсірілген, сағат 17:22-де ұлттық қауіпсіздік органдарында «Бір минут үнсіздік» жарияланды. «Құрылған ведомствоаралық жұмыс комиссиясы әуе апатының барлық мән-жайларын анықтау және борттық өздігінен жазатын құралды талдау бойынша жұмыс жүргізуде. Нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады», — дейді ҰҚК баспасөз қызметі. Ведомство қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Еске салсақ, 12 наурыз күні Алматы маңында «Нұр-Сұлтан-Алматы» бағыты бойынша ұшып шыққан ҰҚК-ның АН-26 әскери ұшағы апат болған еді. Бортта болған 6 адамның төртеуі қайтыс болды. Мемлекет басшысы қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, жарақат алғандарға тез сауығып кетуін тіледі.
Көп ұзамай, ұшақ апатынан қаза тапқандардың есімі белгілі болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті марқұмдардың суретін жариялады.
Олардың айтуынша, экипаж тәжірибелі әрі кәсіби мамандардан құралған еді. Қазір апаттың себептері анықталып жатыр. Ол үшін сараптау комиссиясы құрылған. Оның құрамына ұлттық қауіпсіздік комитеті, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің өкілдері енген. ҰҚК ұшақтың қара жәшігіндегі деректер тексеріліп жатқандығын мәлім етті.
[:]