[:kz]
Желіде 30 маусымнан белгісіз мерзімге шектеу шараларын күшейту туралы ақпарат пайда болды. Оған сәйкес сауда орталықтары, сауда үйлері, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар, бірқатар ірі қалалар, соның ішінде Алматы мен Нұр-Сұлтан жабылады екен. Тараған ақпаратқа байланысты Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Желіде тараған ақпаратта карантинді күшейту туралы шешімді коронавирустық инфекцияны тоқтату жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады делінген.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұзда СОО, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, базарлардың қызметі тоқтатылады-мыс. Сондай-ақ, қоғамдық көлік жұмысы шектеледі, скверлер, саябақтар, жағажайлар жабылады екен. Хабарламада 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектелетіні де атап өтілген.
Сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларына кіру және шығу жабылады-мыс.
«Әлеуметтік желілерде ведомствоаралық комиссия бекіткен қосымша шектеу шараларын енгізу туралы хабарлама таралып жатыр. Мессенджерлерде таратылған хабарлама жалған және шындыққа сәйкес келмейді. Ресми ақпарат көздеріне ғана сеніңіз», — деді үкіметтің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінде де мессенджерлерде таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанның жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирусқа қарсы күреске бағытталған 10 шараныұсынғаны хабарланды.
[:]