[:kz]
Алматы облысы Панфилов ауданы Сарытөбе ауылында студенттер онлайн сабақты таудың басына шығып оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «31» арнаға сілтеме жасап.
Себебі, облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқан елдімекенде интернет жоқ. Жергілікті шенеуніктер интернет желісі кезек келгенде, шамамен 2-3 жылдан кейін ғана қосылады деп отыр.
Ақтолқын Тұрлықазы карантин басталғанда ауылына қайтқан тәлімгерлердің бірі. Бірақ, туған жерінде қашықтан оқу қиынға соғатынын білмеген. Ол, тіпті, қалаға кері қайтуды да ойлаған. Алматы карантинге жабылған соң, онлайн сабаққа қатысу үшін интернет тартатын жер іздеп, күнде тау басына шығады.
«Қолдарында планшет, дәптер, қағаз, қалам, заттарын алып, тау—тастарға шығып, сабақ оқып жатырмыз», — дейді ол.
Ақтолқын сияқты 30 шақты студент 3 шақырым жерге жаяу барып, таудың басына шығады. Студенттерді сессияның нәтижесі алаңдатады, себебі, университет тәлімгердің сабаққа толық қатысуын талап етеді, дейді олар.
Сабақ бітпейінше таудың басында тоңып отыратын студенттер, тек кеш болғанда үйлеріне қайтады. Олардың айтуынша, студент тапсырма орындамаса, сабаққа қатыспағанмен бірдей болады.
«Бірнеше оқу орындары жаппай онлайн оқытуға көшті. Бірақ шағын аудандардың көбісінде онлайн оқытудың дәрежесі өте төмен деңгейде болып тұр», — дейді студенттердің бірі.
Ал 600-ге жуық тұрғыны бар Сарытөбе ауылында қашықтықтан оқуға көшкен мектеп оқушыларының жағдайы тіптен қиын.
Шенеуніктердің айтуынша, 100-ге жуық оқушы тапсырманы қағазға орындап тапсырады. Ал студенттерге тек көрші ауылдағы интернетті пайдалануға кеңес береді.
«Мектеп мұғалімдері үй-үйді аралап, сондай тәртібі бар ғой интернетсіз. Ал сырттан келген оқушылар, студенттер солай оқуға тура кеп тұр. Өйткені, ауылда әзірге ешқандай байланыс жоқ. Осыдан бес ай бұрын сол ауылдың әкімі интернет орнатуға өтініш тастаған», — дейді Алматы облысы Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағатұлы.
Бюджет бөлінсе Сарытөбеге интернет тек 2-3 жылдан кейін орнатылуы мүмкін. Ал үкімет «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыру үшн 2018-2020 жылдары 70 млрд теңге бөлетінін жариялаған болатын.
[:]