АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Алматыда 90 жастаға әжей мен мүгедек қызы далада қалды (ВИДЕО)[:]

[:kz]

Алматыда бүтін бір отбасы далада қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Алматы арнасына сілтеме жасап.

Жасы 90-ға келген әже, оның ақыл-есі кем қызы мен зейнеткер ұлы бір айдан бері ашық аспан астында тіршілік кешіп жүр. Медеу ауданына қарасты Тіксай өзенінің маңын паналаған жанұя доллармен алған қарызын өтей алмағандықтан, осындай аянышты күйге түстік дейді. Олардың сөзінше, тек мейірімді жандар келіп, көмектесіп кетеді екен.

Жел соқса құлап қаламын деп қорыққан қарт 90 жасқа келгенде далада қаламын деп ойламағанын айтады. Жазда ауа-райы қолайлы болғанымен, түнде дала суық дейді. Бірақ барар жер, басар тауымыз жоқ деген ол отбасымен осында тұруға мәжбүр. Өйткені ұлы кезінде досынан доллармен қарыз алып, дер кезінде қайтара алмапты.

«Досымнан үй алу үшін пайызбен 3 жылға қарызға ақша алдым. Бірақ белгіленген уақытында берешекті қайтара алмағандықтан, жалғыз баспанамыздан айырылдым. Алған қарыздың тек аз ғана бөлігін төледім. Өйткені, қаржылай жағдайым мәз емес еді», – деді Владимир Лян.

Зейнет жасындағы Владимир Ляннің анасымен бірге жүйке жүйесі ауыратын мүгедек қарындасы бар. Отбасы осы маңды тауып, уақытша қоныстануды шешкен. Оның айтуынша, көршілері көмек қолын созуда. Бірі күн сайын азық-түлікті тасыса, енді бірі шатыр сыйлапты.

«Жағдайымызды көріп, мейірімді жандар өздері көмектесіп жатыр. Өтіп бара жатып бізді көргендер келіп, хал сұрасып кетеді. Осы маңайда түрік ағайындар көп тұрады. Солар көп көмектесіп жатыр. Жиі азық-түлік әкеліп береді. Барлығына алғысым шексіз», – деді Владимир Лян.

Бірақ намысқа тырысқан үйдің үлкені осы таудың басында жер телімі барын айтады. Болашақта анасы мен қарындасының зейнетақысын жинап, үй салуды көздейді.

«Әрине, алда қыс келе жатқанын түсінемін. Үлкен болмаса да, шағын үй салып алсам деймін», – деді Владимир Лян.

Ашық аспан астында күнелтіп жүрген отбасының жағдайымен Медеу ауданы әкімдігі жақсы таныс. Олардың айтуынша, отбасыға құқықтық көмек көрсетілген. Әжей жүйке жүйесі ауруларын емдейтін мекемеден қызын демалысқа алып келген. Ал өзіне уақытша қарттар үйіне бару туралы ұсынысты қабыл алмапты. Олар жергілікті билік айтқанына көнгісі жоқ.

«Әжейдің ұлы 65 жасқа толған. Еш жерде жұмыс істемейді. Ол зейнет жасына жетсе де, неліктен екені зейнетақы рәсімдемеген. Оған заң тұрғысынан көмек көрсетіліп, қандай құжаттармен қайда бару керек екенін түсіндірдік. Сол маңдағы көрші тегін тұру үшін баспана ұсынған. Бірақ олар өздері осында тұрамыз деп келіспей отыр. Отбасы біздің назарда», – деді Медеу ауданы мемлекеттік-құқық бөлімінің басшысы Роза Исламова.

Медеу ауданы әкімдігі су қорғалатын аймақта тұруға болмайтынын айтады. Өйткені әсіресе жаз мезгілінде онда тұру қауіпті. Сондықтан отбасыны көрші үйге көшіру мәселесі қарастылып жатыр. Оған қоса, көріктендіру ережесін бұзғандары үшін айыппұл салынуы мүмкін.

[:]