[:kz]
Қазіргі уақытта хостелде студенттер мен ақшасы жоқ адамдар ғана тұрақтайды деген пікір толығымен өзгерген. Бүгін біз айына 30 000 теңгелік хостелде тұратындардың өмірі, жұмысы жайлы сөз қозғаймыз.
Қиябай Нұрсұлтан, 19 жаста, туған жері – Қызылорда қаласы, студент.
Семей қаласында оқитын Қызылордалық жігіттің хостелде тұрып жатқанына 3 айдан асыпты. Ал Алматыға демалыс уақытында жұмыс істеу мақсатында келген.
Нұрсұлтан Қиябай, Baza hostel тұрғыны. Фото: Жеке мұрағатынан
Алғаш Алматыға келгенімде хостелде тұру жайында ойламап едім. Ел қатарлы пәтер жалдаймын деген оймен келіп, тұратын пәтер іздестірдім. Ал сол жалдайтын пәтерді бірден таба алмаған соң, жұмысыма жақын жерден Baza hostel-ді таңдап алып, осы жердің тұрғынына айналдым. Кейіннен бір өзіме пәтер жалдау – қаражат жағынан шығынға алып келеді деп есептеп, хостелде тұра беруге бел байладым. Оның үстіне маған жұмысыма жақын пәтер қажет болса, ал достарыма ол жер алыс болып кетеді. Сол үшін де пәтерге көше алмадық.
Өзім мейрамханада даяршы болып жұмыс істеймін. Ал хостелге айына 30 мың теңге төлеймін. Бұл сома менің айлығымның 15%-ы. Арғы жағында қалған қаражат өзімнің қажеттілігіме жұмсалады. Хостел жұмысыма жақын, 15 минуттық жерде орналасқан. Сондықтан жаяу жүремін, жолға ақша құртпаймын. Қасымызда «Көк базар», «28 Панфиловшылар» саябағы, «Рахат» кондитерлік фабрикасы орналасқан. Яғни керектінің бәрін алысқа ұзамай-ақ, осы жақын маңнан сатып ала аламыз.
[:]