АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Алматыда балабақша тәрбиешісі 2 жасар баланы шапалақпен ұрып, анасына ақша ұсынған[:]

[:kz]

Алина бүгін балабақшаға баласын емес, жанайқайын жеткізуге келді.

Шапалақпен ұрып, шымшыған. Алматыда екі жасар балаға қол жұмсаған №96 балабақшаның күтушісі жұмысынан қуылды. Мектепке дейінгі мекемеде болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Тәрбиешінің көмекшісі ұйықтамай жатқан сәбиді білегінің күшімен тәртіпке шақырған. Ал ұлын күтушінің ұрғанына ашынған ана прокуратураға шағымданды. Кінәлілер тиісті жазасын алсын дейді. Жалпы, аталмыш мемлекеттік балабақшаның басынан дау арылмай келеді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Алина бүгін балабақшаға баласын емес, жанайқайын жеткізуге келді. Өткен аптада болған сұмдық оқиғаны ол өзге ата-аналардың аузынан естіп, сенер-сенбесін білмеген. Ұлының көгерген бетін көргенде балабақшаға алып-ұшып жеткен. «Алғашында түлкі бұлаңға салған меңгеруші ұлыма қол көтерілгенін кейін растады», — дейді ашынған ана. 

Алина Суворова, Алматы қаласының тұрғыны: 

— Мен келгенде меңгеруші ұлымның асыр салып ойнап жатқан видеосын көрсетті. Жарайды дедім. Сосын баласын балабақшаға әкелген басқа ананың аузынан сұмдық жайтты естідім. Меңгерушіге қайта келіп, толық жазбаны көрсетіңдер деп талап еттім. Кейін ұлыма қол көтерген күтуші жалынып кешірім сұрады.  Меңгеруші оқиғаны «жария қылмашы» деп ақша ұсынды. Әрине, бас тарттым. 

Бейнебақылау камерасына түсірілген кадрлар әлеуметтік желіге лезде таралды. Видеода төсекте жатқан балақайды күтуші әйел аялы алақанымен емес, білектің күшімен ұйықтатпақ болғаны анық көрінеді. Тіпті тәрбиешінің көмекшісі 2 жасар бүлдіршіннің бетінен шапалақпен ұрып, шымшып алады. Мән-жайды білуге барған ана Ирина есімді күтуші ештеңені мойындамай, «өз-өзін ұстай алмай, айғайға басты» дейді. 

Алина Суворова, Алматы қаласының тұрғыны: 

— Күтуші баланы ұрмадым деп ақталды. Бірақ оның айғайлап, секіруі мені қатты шошытты. Мұндай адамды қалай жұмысқа алады? Түсініксіз. Бұл балабақшада бір ай бұрын да осындай шу болған. Бірақ ол кезде меңгеруші атаанаға ақша беріп, оқиғаны жылы жапқан көрінеді. Баламның құжаттарын бірден алып кеттім. Кінәлілер тиісті жазасын алу үшін соңына дейін барамын.   

Мектепке дейінгі мекеменің меңгеруішісі жұмыс орнында жоқ екен. Жиналысқа кетіпті-міс. Жан-жағы қоршалған балабақшаның қызметкері күтушіні жыға танымайтынын айтады. Бір анығы, ашушаң күтуші төрт айдан бері №96 балабақшада жұмыс істейді. Ал екі жасар Ролланға қараған тәрбиеші сұхбат беруден бас тартты.  

Шілде айында осы балабақшаның бұрынғы қызметкері бала ұрлап, ата-аналардан ақша талап етпек болған еді. Алайда оның арам ойы жүзеге аспай дереу тұтқындалған. Ол кезде балабақша басшылығына қатысты шара қолданылған жоқ. Бұл жолы да солай болып тұр. 

Әлия Сағиева, Алматы қаласы білім басқармасы мектепке дейінгі бөлімінің басшысы: 

— Білім басқармасының комиссиясы балабақшаға барды. Атааналармен кездесті. Ирина Еңбек кодексі бойынша жұмысқа тұрған. Барлық жерден анықтама алған. Осы уақытқа дейін ол кісіге шағым түскен жоқ.  

Қалалық білім басқармасы басынан дау арылмаған балабақша жұмысын ары қарай жалғастыра беретінін жеткізді. Осы келеңсіз жайттан кейін мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісіне ескерту жасалса, тәрбиеші қатаң сөгіс алды.  Ал балаға қол көтерген күтуші дереу жұмыстан қуылыпты. Екі жасар Ролланның анасы прокуратураға шығымданып соңына дейін күресемін деп отыр. Өйткені ол осындай сұмдық жайттар өзге де балабақшаларда қайталанбаса екен дейді.

sn.kz

[:]