[:kz]
Ата-аналар қашықтан оқуға тегін таратылған планшеттерге қатысты шағым түсірді.
Қашықтан оқыту үшін мектеп оқушыларына ақауы бар 1019 планшет таратылған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің онлайн-брифингінде айтылды, деп хабарлайды КТК арнасын сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін кейбір ата-ана мектептен алған планшеттер талапқа сай емес екенін айтып, шағымдарын жеткізген болатын.
Бүгін Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі планшеттерді тәуелсіз сараптау нәтижелерін айтты. Әр түрлі ақаулары бар алты құрылғыға диагностика жасалды. Бұл құрылғының бәрі бастапқыда техникалық шарттарға сәйкес келмеген болып шықты. Алматыда барлығы 22 мың планшет сатып алынған, олардың әрқайсысы — 60 мың теңге.
«1 119 планшет жарамсыз боп шықты. Бұл бұйымдарды жеткізушіге қайтардық», — деді қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай.
Сарапшылардың пікірінше, техникалық ақаулар механикалық әсерден болуы мүмкін.
«Зауыттан болған ақау болса жеткізуші ауыстырып береді. Бұл техника болғандықтан бұзылуы мүмкін. Планшет ойнауға емес, сабақ оқуға берілетінін ескеру керек», — деді мониторинг тобының өкілі Рафаэль Гасанов.
Оның айтуынша, планшеттерге 3 жыл кепілдік беріледі. Алматы оқушыларының 96 пайызы қашықтан білім алуы үшін қажетті құралмен қамтылған. Егер планшет механикалық әсерден істен шықса, оны ауыстыру заң ойынша қарастырылмақ.
[:]