[:kz]
Алматыда жекеменшік емханада жасалған отадан кейін қайтыс болған баланың өліміне қатысты комиссия сұмдық жайттың бетін ашты, деп хабарлады КТК.
Сөйтсе, бала о баста айтылғандай, жүрегі кенеттен тоқтауынан емес, дәрігерлердің анестезиологиялық әдісті дұрыс қолданбағанынан көз жұмған.
Жекеменшік клиника мамандары бала жүректен кетті деп істі жылы жаба салмақ болған. Алайда, олармен келіспеген бүлдіршіннің анасы жанжал шығарып, іске комиссия араласқан еді. Сөйтсе, анасы бекер күдіктенбеген екен. Мамандар анықтағандай, Миронның шапындағы жараны кесіп алу үшін анестезиологиялық препаратты мөлшерден тыс және бір-бірімен үйлеспейтін дәрілермен қоса беріліпті. Ол аздай, операциядан кейін де емдеу мекемесінде дұрыс күтім жасалмаған. Салдарынан баланың ішкі органдарына зақым келген. Оқиға «Достар Мед» деген Алматыдағы жекеменшік клиникада болған.
Комиссия істі дереу полицияға тапсырды. Десе де, клиниканың жұмысы тоқтаған жоқ. Тек хирург, анестезиолог пен бөлім меңгерушісі жұмысынан уақытша шеттетілген.
sputniknews.kz
[:]