АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Алматыда тәрбиеші ұрып-соққан баланың анасы: Біресе басы, біресе беті көгеріп келеді[:]

[:kz]

Балабақшадағы былық. Алматыдағы мектепке дейінгі ұйымдардың бірінде тәрбиеші ерте оянып қойғаны үшін екі бірдей бүлдіршінді ұрып-соқты. Долы келіншек әлі тілдері толық шықпаған балаларды басы-көздерінен тоқпақтап, тіпті бастарынан тәпішкемен төмпештеген. Оның бұл сорақылығы түгел бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Ал жәбірленген баланың анасы оның денесі үнемі көгеріп, жараланып келетінін айтты.

Балабақшаға барғанына көп бола қоймаған бүлдіршіннің анасы болған оқиғадан кейін әлі де өз-өзіне келе алар емес. Үнемі күліп қарсы алып, өзін сыпайы көрсеткен тәрбиеші ұлына қол көтереді деген мүлдей ойына да келмепті. Баласының денесіндегі соққының іздерін көргесін, тәрбиешіден осы жайлы сұрағанда ешкім ұрған жоқ деп ақталумен келіпті, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы». 

«Үнемі жарақаттар болатын. Балабақшаға барады,  алып кеткен кезде біресе басы, біресе беті көгерген немесе  ісік болып келетін. Тәрбиешісі оның құлап қалғанын айтатын. Соған нанып жүретінбіз. Бетінен қолдың ізін көргенде ғана баламды ұрып жүргенін түсіндім», — дейді Әсел.
Балабақша биыл қаңтар айында ғана ашылған екен. Осы уақытқа дейін онда балаларына қалай қарап келгенін ата-аналар енді ғана ғана біліп, төбе шаштары тік тұруда. 

«Мен ауыстырғанын қалаймын. Себебі олар видеоны көріп, қарап отыруы керек еді. Қалай ол камераның көзінше ұрып тұр? Қалай көрмеген? Сұмдық қой мынау деген!» — дейді қала тұрғыны Жазира Оразымбек.

«Алдында біз меңгерушіден камера жайлы сұраған кезде: «Монитор менің алдымда тұр, бәрін қарап, бақылап отырамын», — деген.  Онлайн тәртіпте көрсетуін сұрағанымызда иитернет жоқ екенін айтты. Қарап отырғаны осы ма?» — дейді қала тұрғыны Жансая Рақымжан.

Ал ұйқыларынан ерте тұрғаны үшін екі бірдей бүлдіршінді жұлқылап, басы-көзінен тоқпақтап, тіпті тәпішкемен ұрған тәрбиешінің жасы 35-те екен. Ол 4 жылдан бері бақшадағы кішкене балалармен жұмыс істеп келіпті. 

«Еңбек кодесінің 52-тармағы бойынша жұмыстан босатылған. 14-тармақшасы бойынша ол жерде педагогикалық жұмысқа сәйкес келмейтін іс-әрекет жасағаны үшін, ол кісі жұмыстан босатылды. Бұл баптан кейін ол кісі педагогикалық ұжымдарда жұмыс істей алмайды», — дейді қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі бөлімінің басшысы Әлия Сағиева.

Иә, басқармадағылар басында меңгерушіге сөгіс жариялағанымен, ата-аналар наразылығына кейін оны да жұмыстан босатыпты. Ал тілдері де әлі толық шықпаған балаларды басынып, білгенін істеген келіншектің ісімен енді құзырлы орган айналысуда. Зардап шеккен баланың анасы оны қатаң жазалауды талап етуде. 

«Қазіргі таңда қылмыстық жауапкершілікке балабақшаның 35 жастағы қызметкері тартылуда. Іс материалдары жуырда міндетті түрде сотқа жіберілетін болады», — дейді алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қоғамды дүр сілкіндірген оқиғадан кейін Білім басқармасы бұл балабақшаны қатаң қадағалауға алған. Мұндай оқиғалар ендігәрі қайталанбауы үшін шаһардағы барлық балабақша меңгерушілеріне қатаң ескерту жасалыпты.

[:]