[:kz]
Оңтүстік астанада төрт азамат коммунал қызметкерлерін аяусыз соққыға жыққан. Нәтижесінде жәбірленушілердің бірі ауыр жарақат алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Төбелес Мұстафин және Рысқұлбеков көшелері қиылысындағы аулалардың бірінде болған. Куәгерлер болған оқиғаны видеоға түсіріп, желіге жүктеген екен. Нақтырақ айтқанда, бейнежазба Instagram желісіндегі kris_p_almaty тобында жарияланған.Видео кадрларында бір азаматтың коммунал қызметінің жұмысшыларына қол сермеп жатқанын аңғаруға болады.
Артынша оның қатарына үш жігіт қосылған. Олардың бірі коммунал қызметкеріне қатты соққы жұмсайды. Салдарынан жәбірленуші құлап, орнына тұрмай қалған.
Полиция департаменті Tengrinews.kz агенттігіне оқиғаның 26 сәуір күні болғанын айтты. Ведомство мәліметінше, төбелеске ішімдік ішкен адамдар қатысқан.
Қазір барлық қатысушылар ұсталған. Олар уақытша тергеу изоляторында отыр.Зардап шеккен азаматтар қызмет ететін «Тәртіп» АҚ хабарлағандай, тұрғындармен мұндай жанжалдар күнделікті орын алады екен.
Оған басты себеп — қоқыс контейнерлерінің алдына «көлікпен тұрақтау» болып отыр. Бұл жолы да солай.«Оларға біздің қызметкерлердің көлікті алуды талап еткені ұнамай қалған болуы керек. Нәтижесінде біздің екі қызметкердің миы шайқалып, үшіншісі ауыр жарақат алды. Ол қазір ауруханада, жансақтау бөлімінде жатыр. Бас сүйегі сынған»,- деді компанияда.
[:]