[:kz]
Ішкілікке салынған Қапиза Шумаева 9 ай құрсағында көтерген перзенттерін балалар үйіне тапсырмақшы. Алайда Балалар үйі қабылдауға бас тартып, әйел КТК арнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасынан көмек сұрап келіпті.
«Күйеусіз тумаңдар қиналып кетесіңдер деп үлкендер айтушы еді, сол рас екен», — дейді әйел.
Сыр айтатын адамы жоқ Қапиза «бөтелкемен сырласуды» әдетке айналдырған. Бөтен біреуге балаларыңызды қиып, қайтіп бересіз деген сауалға ол: «Ұлым шаршап кетті, шын айтайын, жылап жібереді кейде. Әр бала туған сайын артқа қарай шегінемін, бүкіл ақша соған шашылып кетеді», — деген жауап берді.
Үйдің үлкені 13 жастағы Борис сабағына бармағанына біраз болған, ол соңынан ерген қарындастарына бас-көз болып отырған жан, 8 жастағы Жасмин әлі мектеп табалдырығын аттамаған, ал 4-ке келген Айлин балабақшаның не екенін білмейді.
«Шаршап кеттім жалғыз өзім балаларды сүйреп. 12 жыл болды қаңғырып жүргеніме. Күнде ішемін. Қыздың әкесіне балаңды берейін, өзің бақ деп ұсынып ем, бас тартты. Баламның әкесіне де ұлды 14-ке дейін бақтым, әрі қарай өзің көтер десем, ол балам, өсіп қалыпсың, күніңді өзің көр деді. Мен үшін аборт ол күнә, абортқа қарсы болдым. Сондықтан тудым балаларымды. Балаларын қоқысқа тастағандарды көргенде өз ойым — одан да ту, Балалар үйіне бере сал. Балалар үйінде жай қабылдай алмайды, мен баладан бас тарту туралы арыз жазып, сот өту керек, ұзақ процесс», — деп мұңын шақты жалғызбасты ана.
Айтуынша, анасы мен әкесі жастайынан ажырасып кеткен. Әкесін мүлдем танымайды екен. Интернатта өскен қыздың анасы 46 жаста ауырып көз жұмыпты.
Әйел кейде үйге басқа еркектерді де әкелгенін жасырмады. Үш баланы үш түрлі еркектен дүниеге әкелген.
«Ішіп алған адам ештеңеден ұялмайды, — дейді ол. — Мен шаршадым, балалар менімен тұрғанша, қарындары тоқ, үш мезгіл тамағын ішетін, уақытылы жуынып, жағдайы бар жерде тұрса екен деймін».
Әйел күніне бір жәшікке дейін ішетінін айтады. Ащысудан ұрттағанда төбелеске құмар, ашушаң болып кететінін жасырмады.
«Ұлыма айтып отырамын, сен де осылай ішіп кетпе, бұл зиян, болмайды деп», — дейді әйел.
Балалардың тұрып жатқан баспаналарына барып, қал-жағдайымен танысқан психолог Бақыт Дастанқызының айтуынша, қандай жағдай болмасын балаларды анасынан айыруға болмайды. «Балалар үйінде қарны тоқ, жағдайы жақсы болғанымен, анасының жылуы болмайды ғой», — дейді ол.
«Балалармен сөйлескенде, олардың ештеңеге қарамастан аналарымен болғысы келетінін түсіндім», — деді психолог маман.
Жүргізушінің балаларды қорықпайсыз ба мемлекет қарауына өткізуге деген сұрағына Қапиза Шумаева: «Балалар кішкентай ғой, үйреніп кетеді» деп бірауыз жауап берді.
«Еркектердің 90 пайызында жауапкершілігі жоқ, түсінгенім. Осы уақытқа дейін мен әйел заты сияқты жаным ашып келді, енді мен де еркектер сияқты ойланатынмын болдым», — деп әйел балаларынан бас тартуының себебін түсіндірді.
Әйел балаларын уақытша өткізбек болған екен. Алайда айтуынша, Балалар үйі уақытша қабылдамайды.
Ал бала болса да тағдыр тәлкегімен ерте ержеткен Борис анасының мұндай шешім қабылдауына түсіністікпен қарайды: «Керек болса барамын, мамамның қалай қиналып жүргенін көремін» деп қысқа жауап берді.
Айта кетсек, Қазақстан әлемде ішкілікке салынғандар саны бойынша 34-нші орында, ал Орталық Азия бойынша бірінші орында екен.
Бағдарлама барысында 13 бала тәрбиелеп отырған Тараз тұрғыны Зульфия Толенова Қапиза Шумаеваның балаларын асырап алуға ниет білдірді. Сүйікті жарынан жалғыз бала дүниеге әкелген әйел 12 бала асырап алған. Балаларды қанатымның астына аламын деп уәде берген әйел олардың анасымен көрісулеріне қарсы болмайтынын айтты. Тіпті анасын да бірге алып кетуге ұсыныс жасады. Алайда Қапиза Шумаева бұл ұсынысқа келіспей, туған балаларынан бас тарту туралы қолхат жазып берді.
[:]