[:kz]
Алматы полициясы санкцияланбаған митинг кезінде адамдарды зорлық-зомбылыққа үгіттеген ер адамдарды тұтқындады деп хабарлайды қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
«Барлық қазақстандықтарды интернеттегі арандатушылыққа ермеуге шақырамын. Қазақстанда ақша бар, жұмыс бар, тамақ бар. Соның бәрін түсінбей, адасып жүр екенбіз. Мен қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Осындай ата-бабамның қанымен осындай үлкен мемлекет жасап бергенді, біз жастар ештеңені түсінбей, жоғары жақты да түсінбей, осындай әрекетке барып, қазақстандықтарды басқа мемлекетке жаман етіп көрсетіп жатқан өзіміз екенбіз.
Енді ондай қазақтар, жасамаңдар. Бәріңді түсінемін, мүмкін кейбіреуі түсінбей кетіп жатқан шығарсыңдар. Көшеге шық десе шықпай, тып-тыныш жұмысымызды істеп, ойнап-күліп жүрейік. Қарап отырсақ, 30 жыл бойы басқа мемлекеттен жақсы өмір сүріппіз. Соның қадірін түсінбеппіз.
Қазақстандықтар, бәріңнен шын жүрегіммен кешірім сұраймын. Байқамай адастым (автор сөзі сақталған — ред)», — деді отандастарына үндеу жолдаған ер азамат.
ПД жедел бөлімінің мәліметі бойынша, іздеу жұмыстары барысында тағы екі азамат тұтқындалды. 1990 жылы туған азамат К., өзбекстан тумасы және 1987 жылы туған азамат У. Қызылорда облысының тұрғыны.
«Өзбекстан, Қарақалпақстан тумасымын. Ватсап желісі арқылы таратқан іс-әрекеттерім үшін қатты өкінемін. Туған-туыстарымды да мұндай насихатқа ермеуге шақырамын.Менің істеген іс-әрекетім сөзге тұрарлық емес. Өмірімде мұндай іске енді қайтып жоламайтыныма ант беремін. Сатқындық жасамаңдар. Бұл өздеріңді, Қазақстанды құрту деген сөз. Бірлікте өмір сүріп жатқан мемлекетті құрту. Мемлекет дегеніміз айналып келгенде өзіміздің отбасымыз», — дейді азамат К. өз үндеуінде.
Полиция департаментінің хабарлауынша, үш күдікті азамат уақытша тергеу абақтысына отырғызылды.
Олардың іс-әрекеті қылмыстық кодекстің 272 бабының 3 тармағы бойынша тергеліп жатыр.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
[:]