[:kz]
Германия астанасы Берлин қаласының Нейкельн ауданында бір азамат қала тұрғынына ағаштың түбінде қалдырған 22 алтын құймасын және үш жарым мың евросын қайтарып берді. Осынша қазынаны тауып алғанына әуелде қатты таңғалса да, арлы азамат бірден полиция бөлімшесіне тартыпты. Олжаның жанында жоғалтқан адамның жеке заттары да болғандықтан, оны табу аса қиынға соқпаған.
Германия заңы бойынша, жоғалған затты тапқан адам олжаның жалпы құнының 4-5 пайызына сай сыйақы ала алады. Алтын құймаларын тапқан адам енді 2000 евроға жуық сыйақы иеленуі мүмкін.
Ал алтын мен ақшаның иесі ағаш түбіне велосипедін қоймақ болған. Сөйтіп, қолындағы құнды заттарды шетке қойған да, сол бойы ұмытып кете барған.
ҚАЛТАҢЫЗДА ҚАУІП ЖҮР
Dr.Web компаниясының мамандары қытайдың арзан телефондарынан Triada вирусын тапты. Бұл вирус Leagoo және Nomu телефондарына арнайы орнатылған сыңайлы. «Triada құрылғы жадындағы кітапхананың шығыс кодына кіріктірілген. Бұған телефондардың ішкі бөліктерін жасаған әріптес компанияларды кінәлаған дұрыс шығар», – дейді мамандар. Triada вирусы зиян келтіретін басқа да модульдерді құпия түрде жібере алады, ал оның аталық процесі (Zygote) смартфон жұмыс істеп тұрған кезде өте белсенді болады. Бұдан бөлек, Triada құрылғыда жүктелген кез келген қосымшаның мәліметтеріне ене алады.
Вирус әзірше құны 100 доллардан аспайтын смартфондарда ғана бар екен. Өндіруші компанияларға табылған қауіпті вирус туралы ескертілді, бірақ олар әзірше еш қадам жасамай отыр.
Биылғы наурыз айында Check Point компаниясының мамандары Samsung, LG, Xiaomi, Asus, Oppo және Lenovo фирмаларының ақылды телефондары да алдын ала орнатылған зиянды бағдарламамен сатылып жатқанын айтқан-ды. Олардың әрқайсысынан алты түрлі вирус табылған. Loki деп аталатын сондай қауіпті вирустың бірі қолданушылардың жеке мәліметін ұрлап, жарнама да тарата алады екен.
Демек, қолыңыздағы смартфонға аса құнды мәліметтер сақтаудың қажеті жоқ. Күні ертең ол ойы бұзық біреулердің «игілігіне» жарап кетуі де ғажап емес.
[:]