АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Аман-сау жүрген күйеуімді мүгедек қылды»: Қаңтар қақтығысында көзінен айырылған үш баланың әкесіне көмек керек[:]

[:kz]

Алматы қаласының тұрғыны Жасұлан Амангелдинов 5 қаңтарда жұмысқа кетіп бара жатып резеңке оққа ұшып, бір көзінен айырылған. Қанды қаңтардан бері бес ай өтсе де, отбасының қиындықтары әлі де бітер емес. 30 жастағы жұбайы Әйгерім Әшімбаева жолдасының мүгедекке айналғанын айтады. Әйгерім шілде айында күйеуіне жасалатын отаға қаражат керектігін сөз етті. Stan.kz тілшісі Қаңтардағы тәртіпсіздіктер құрбандарының бірі Жасұлан Амангелдиновтың жұбайымен сөйлесіп, оның қазіргі жағдайын білген еді.

Жасұлан Амангелдинов – үш баланың әкесі, қарапайым жұмысшы болып істеген. Екі қызы 5 және 6 жаста, ал кіші ұлы он айлық. Бала қараумен отырған әйелі жұмыссыз. Сондықтан отбасы табыссыз қалған.

Отбасындағы қиындықтың барлығы 5 қаңтардан басталған. Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде жұмыстан қайтып бара жатқан Жасұлан Амангелдинов көзіне оқ тиген. Содан соң ер адам қалалық ауруханаға жеткізілген.

“Жолдасым Жасұлан 1992 жылғы, Аягөздің тумасы. Бұған дейін басымызда мұндай жаман іс болмаған, жолдасым сотталмаған. Отау құрғанымызға 7-8 жылдың жүзі болды. Үш баламыз бар. Алматы қаласында тұрып жатқанымызға көп болды. Сол күні жұмысқа шығып, қайта алмай қалған”, – дейді Әйгерім.

5 қаңтарда қалалық ауруханадан алып кеткен соң артынша тергеу абақтысына жеткізілген жолдасы үй қамаққа 31 қаңтарда бір-ақ шыққан. Іске қатысты Жасұлан Амангелдинов полицияға арызданған.

“№5 қалалық ауруханада есін жиса да, есінде ештеңе қалмапты. Қолына қару алып не болмаса біреуді ұрып-соғып, тонау фактілері болмаған. Полицияға адвокат екеуі арыз түсірді. Көлігін тексерді, таза болып шықты. 

Ауруханадан тергеу абақтысына жеткізілген. СИЗО-да 5 сағаттап қолын скотчпен орап, арқасына ыстық суды құя берген. Сондағы азаптау мақсаттары – қолына қалам ұстатып, істің барлығын мойындату. Алайда жолдасым мұздай еденде жатса да, тамақтан да мардымды дәм татпаса да, қаншама ұрып-соғу мен азаптауларды бастан өткерсе де өз-өзін құрбан етіп, соңына дейін шыдаған, кінәсі жоқ істі мойнына алмаған. Ақырында денесін күйдіріп, жағын сындырған екен. Ал 31 қаңтарда оны үй қамаққа ауыстырды. Заңгер Абзал Құспан шығарды. Жолдасым 13-адам болып шықты”, – деп есіне алады Әйгерім.

Күйеуім митингке қатысқан жоқ дейді жұбайы. Көлікпен қайтар кезде қайта алмай топ адамның арасына түсіп қалған.

“Ауруханада есін жиды, көзін тігіп берген. Жолдасым үшін 100 пайыз кепілдік бере аламын. Оның телефоны арқылы біреу сол сәттегі ұрып-соғу, тонау болған оқиғаларды видеоға түсірген екен. Сол үшін де телефоны сараптамада жатыр. Тегреу изоляторында адвокат екеуі арыз жазған. Қай камерада қандай азаптаулардың болғандығын жазып берді. Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жұмыс істеп жатыр”, – дейді әйелі. 

Қазіргі таңда отбасы қаладағы ықшам аудандардың бірінде пәтер жалдап тұрып жатыр. 

  •  

Аман-сау жүрген адамды мүгедек қылды деген үш баланың анасы күйеуінің көрген азабын былай сипаттайды: “Көз десе көзі жоқ, құлағы жыртылған, жағы сынған, денесінің көп бөлігі күйген”.

“Жолдасымның бұрынғы жұмыс орнындағы бастығы бізге арзан бағада тұратын пәтер тауып берді. Адвокат қайда шақырса да, бірге жүгіріп жүр, енді тек телефонның сараптамасын күтіп отырмыз.

 

Осы оқиғадан соң Жасұлан мүгедек болып қалған. Қазір оған үшінші деңгейлі мүгедектігі бар деген анықтама берілгелі жатыр. Жағдайдан соң халық тарапынан ақшалай көмек ұсынылғаны болмаса, басқа ешкім көмектеспеді дейді жұбайы Әйгерім.

“Басқа ешқандай көмек тиген жоқ. Емі, ота жасау қажет, протезі неше болатынын да білмейміз. Бір дәрі сатып алуға 15-20 мың теңге кетіп жатыр. Халықтың жинап берген ақшасына тамақ алып, өмір сүріп жатырмыз. Жолдасым невропотолог, уролог, окулист сияқты дәрігерлердің қабылдауына барып-келіп жүр. Жағы сынған, ішінде темір тұр, сол темірмен аузын ақырындап ашып, сұйық тамақ қана іше алады”, – деп сипаттайды Жасұлан Амангелдиновты әйелі.

Үйдің жалғыз асыраушысы. Ешкімге қиянаты, зияны жоқ, табысы жеткілікті қарапайым жұмысшы болып жүрген дейді ол.

“Шілде айында операцияға жатады. Халықтан жиналған аз-маз ақшаға күн көріп жатырмыз. Бізге де оңай емес. Ем-домына керекті дәрі-дәрмектің бағасы да қымбат, сонымен қатар протезі де қандай сомада болатыны белгісіз”, – дейді Жасұланның жұбайы.

 

Отбасыға қаржылай көмек берем деушілерге

Kaspi Gold   +7 707 449 4641 Айгерим. А

[:]