АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Аман Төлеев туралы не білеміз?[:]

[:kz]

 

Ресейдің Кемер облысын соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы, 1997-жылдың шілде айынан бері басқарып келген қандасымыз Аман (Амангелді) Төлеев отставкаға кетті. Облыс орталығындағы «Зимняя вишня» сауда-ойын-сауық кешенінде 64 адамның өмірін қиған алапат өрттен кейін ол телеарналар арқылы Кемер хал­қына үндеу жариялап, өзінің мұндай ауыр жағдайдан соң қызметінде қалуды адамгершілік деп санамайтынын жеткізді, отставкаға кетуді ұйғарғанын айтты, сондай-ақ Ресей Президенті В.Путинге өзін лауазымынан мерзімінен бұрын босату жөнінде өтініш берді.

 

Президент Аман Төлеевтің өтінішін қанағаттандырды. Ал Кемер облысының губернаторы мін­детін уақытша атқару таяуда ғана А.Төлеевтің орынбасары болып тағайындалған Сергей Цивилевке жүктелді.

 

…Амангелді Молдағазыұлы Төле­евтің жасы қазір 73-те. Ол кісі 1944-жылғы мамыр айында Түркі­менстанда өмірге келген. Ресейдегі Тихорецк темір жол техникумын, Новосибирь темір жол институтын бітірген. Кемер облысының темір жол саласында, бірқатар органдарында жауапты қызметтер атқарған. 1997-жылы Кемер облысының губернаторы болып тағайындалған, сол жылы болған сайлауда жеңіске жеткен. Кейін де бірнеше мәрте қайта тағайындалып, сайланған. Сондай-ақ ол Ресейдегі Президент сайлауларына 3 мәрте үміткер болып қатысқан.

 

Аман Төлеевтің Кемер облысы халқының арасында абырой-беделі биік болды. Ол 2 миллион 700 мың адамға жуық халқы бар өнеркәсіпті өңірді өте сауатты басқара білді, ондағы ішкі саяси ахуалдың қалыпта болуында, облыстың әлеуметтік-экономикалық өркендеуінде оның орасан еңбегі бар.

 

Аман Төлеевті Ресейдің алғашқы Президенті Б.Ельцин облыс губернаторы етіп тағайындаса, кейін В.Путин мен Д.Медведев те оны өз орнында қалдырып, құзіреттік мерзімдерін ұзартып отырды. Сайлаулар кезінде жергілікті халық та оған зор сенім білдіріп жатты. Мысалы, Кемер облыстық халық депутаттары Кеңесінің 2014-жылғы желтоқсан айында оған «Халықтық губернатор» атағын беруі, 2015-жылғы қыркүйек айында өткен сайлау­да халықтың 97 пайызының қолдап дауыс беруі осының айқын көрінісі.

 

Дегенмен мың құбылатын саясатқа дауа жоқ. Төлеевті халық және орталық билік қолдағанымен оның орнын көздегендер бұрыннан бой көрсетіп жүрген. Сондайлардың тарапынан оның артынан жағымсыз сөздер еріп те жатты. Әсіресе соңғы үш жылда А.Төлеевтің денсаулығы сыр бергені туралы жиі жазылды. Тіпті оны қайтыс болды деп алыпқашпа сөз таратқандар да шығып жатты.

 

2011-жылы А.Төлеевтің омыртқасына күрделі ота жасалған болатын. 2017-жылы оған екінші мәрте ота жасалды. Дегенмен Төлеев жатып қалған жоқ, қызметін жалғастыра берді. Енді біраз уақыттан соң орнына қалаған адамын қойып, отставкаға тыныш жағдайда кетуге мүмкіндігі мол болды. Өкінішке орай, кешегі наурыз айының соңында Кемерде орын алған жантүршігерлік өрт, соның салдарынан болған ондаған адамның қазасы мықты саясаткерге, мемлекет және қоғам қайраткеріне аса жайсыз тиді. Осының салдарынан ол мерзімі аяқталмай жатып қызметімен қош айтысуға мәжбүр болды.

 

Бірақ Аман ағамыз абыройынан айырылған жоқ. Көзі қарақты жұртшылық оның Ресейге, әсіресе Кемер облысының халқына сіңірген еңбегін жоққа шығара алмайды, оның есімі тарихта жазулы тұр.

 

«Халықтық губернатор» ретінде Аман Төлеевтің заң жүзінде пайдаланатын жеңілдіктері бар. Ол 50 мың рубль ай сайынғы төлемақы алып тұрады. Оның қызметтік бөлмесі, резиденциясы, көмекшісі болады. Әйелі Эльвирамен бірге өмір бойы Кемер облысы меншігіндегі Мазурово елді мекеніндегі үйде тұруға құқы бар.

 

Сондай-ақ жұртшылық қоғамға әлі де берері бар саясаткердің аттан түспегенін қалайтынын білдірді. Кешегі сәрсенбіде Аман Төлеевке Кемер облыстық халық депутаттары Кеңесі депутатының мандаты тапсырылды. Бұған қатысты шешімді Орталық сайлау комиссиясы шығарды.

 

…Аман Төлеевтің отбасында екі ұл бала өскен. Кішісі Андрей 1998-жылы, 26 жасында көлік апатынан қаза болған. Ал үлкені Дмитрий 1968-жылғы, бүгінде ол бизнес саласында еңбек етеді. Одан Төлеевтердің Станислав, Андрей, Татьяна есімді немерелері бар.

zamana.kz

[:]