[:kz]
Баспасөз мәжілісін ұйымдастырғандар қатарында бұрын сотты болған журналист Сергей Дуванов та бар
7 маусымда Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз орталығында «Алматы үлгісінде Қазақстандағы көпбалалы аналардың шынайы проблемалары» тақырыбында баспасөз жиыны өтуі тиіс болатын.
Шара болардан бірер күн бұрын ұйымдастырушылар БАҚ өкілдеріне арнайы шақырту таратқан. Баспасөз релизінде олар билікке қойған ақылға қонымсыз талаптарын да көрсетіпті деп жазады «Қамшы» порталына сілтеме жасаған Sn.kz
Қаладағы бүкіл көпбалалы аналардың атынан сөйлеген шағын ғана топ түрлі жеңілдіктер үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді сұраған. Талаптары расында да сау адамның ақылына қонбайды: жаңа автокөлік сатып аларда әрбір бала үшін жеңілдік жасау, шетелде жеңілдікпен демалу, кезексіз жер телімдерін беру, өзі қалаған тұрғын үй кешенінен пәтерді ең төменгі пайызбен несиеге беру және тағы басқалары.
Алайда, баспасөз мәжілісі болады деген күні спикер ретінде тіркелген көпбалалы 7 ананың тек екеуі ғана жиынға келді, олар – Жансая Жаңабаева мен Ақмарал Мұхитқызы. Бірақ, басқосуға күтпеген жерден келген шынайы көпбалалы аналар ұйымдастырушылардың жоспарын күл-талқан етті.
Төрт баланың анасы Аида Букаева да ұйымдастырушылардың әрекетіне наразы. Ол аналар мен балаларды саясаттың лас ойындарына араластыруды тоқтату қажет деп талап қойды.
«Біздің елде соңғы жылдары көпбалалы аналар үшін талай жақсылық жасалды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерді айтпаған күннің өзінде, демеушілер де қол ұшын созып, қазір балаларымыз лагерлерде демалып жатыр. Кедейліктің шегінде өмір сүріп жатқан отбасыларға көмек көрсетілді, қазір жағдай реттеліп қалды. Менің ашуымды туғызғаны – тура сайлау болатын кезде белгісіз адамдар елдің тыныштығын бұзбақшы. Оларға айтарым: ана мен баладан қолдарыңды тартыңдар!» — дейді Аида Букаева.
Мемлекеттен көмек алып отырған алматылық көпбалалы аналар бірін-бірі жақсы таниды. Олар биліктен зәулім сарайлар мен су жаңа автокөліктер немесе шетелге демалуға қаражат сұраған емес. Ал, аналардың атынан сөйлеп, дәл осындай ақылға қонымсыз талап қойған өзге әйелдерді бірінші рет көруіміз дейді. Ал, ең қызығы – ұйымдастырушылар қатарында «атақты» журналист Сергей Дуванов та жүр. Атақты дейтін себебіміз, кезінде ол жасөспірімді зорлау ісі бойынша бүкіл елге танылған болатын. Енді міне, бостандыққа шығып, бұрынғы ісімен қайта айналысып жатқан тәрізді. Ол тіпті, бүгінгі жиында көпбалалы аналар залға кірген сәтте сасқалақтап: «бұл біздің аналар емес, басқалары, бұларды залдан шығарып жіберіңдер» деп жанұшыра айқайлады.
Бұл баспасөз жиынына келген көпбалалы аналар – негізінен сау ақылды, өз ұрпағы мен олардың болашағы үшін алаңдайтын әйелдер, оны мойындау керек. Олар шараны ұйымдастырушыларға халықты арандатушылыққа, өз мүддесі үшін балаларды лас ойынға араластыруға жол бермейтіндерін ашып айтты. Сондай-ақ, аналар біздің елде ешкім дүрбелеңді қаламайтынын, болашақ ұрпақтың саналы боп өсуін, ел тағдырын өзгелердің шешуіне жол бермейтіндерін де сөз етті.
Бұл жайтқа қатысты пікірін еліміздің Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев та жеткізді.
«Біздің мемлекет өзін әлеуметтік бағытта екенін жариялады. Сондықтан да көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Қазір орта есеппен бір отбасы 100 мың теңгедей көмек алады. Одан бөлек, көпбалалы отбасы балаларына мектептерде тегін тамақ беріледі, жолақысына жеңілдіктер, оқуға түсетін кезде квота қарастырылған. Жалпы, барлық жауапкершілікті өзіңнен алып тастап, отбасыңның, балаларыңның тағдырын мемлекетке артып қою қаншалықты дұрыс? Алаңға шыққанның бәріне пәтер таратып беру деген ой ешқандай ақылға сыймайды. Мемлекет көпбалалы аналарға көмектесуден бас тартқан емес, тек әр нәрсенің белгілі бір шегі болады», — деді министр.
[:]