[:kz]
Бірде әйелім мені қатты таңқалдырды. Отасқанымызға 12 жыл болғанда жан жарым кешкі асқа бір әйелді шақыруымды қалады. Кешкі ас, онымен қоса киноға да апаруым керек екенін айтты. Әйелім бүй деді: «Мен сені сүйемін, алайда сені жанындай сүйетін әрі сенімен уақыт өткізгісі келетін басқа да әйелдің бар екенін білемін».
Әйелімнің айтып отырғаны кім дейсіздер ғой? Мен ұмытқан, жо-жоқ ұмытпаған, тек уақыт таппай жүрген, жоқ, бұл да сылтау, дұрысы – бағалай алмаған, алайда мені бір сәтте есінен шығармайтын анам еді. Биыл анамның күйеуінен айырылғанына 19 жыл болды. Мен шаңырақ көтергелі, бөлек үй болғалы анам жалғыз қалды. 19 жыл бойы жалғыз болды. Себебі мен жұмысбасты болдым, 3 балам бар, уақытымның басым көпшілігін соларға арнадым, анама сирек баратынмын. Сол бір кеште анама хабарласып, кешкі асқа шақырдым.
-Не болды? Жағдайың дұрыс па? – деп сұрады анам. Анама кеш хабарлассақ, жүрегі бір орында тұрмайтын еді, бірден уайымдай жөнелетін. -Менімен уақыт өткізгің келетін шығар деп ойладым, — деп жауап бердім мен. Анам ойланып қалды да, бірнеше секундтан соң «Мұны қалай қатты қалайтынымды білсең ғой» деді.
Жұманың кешінде жұмыстан соң анамды алып кетуге бара жатырмын, сәл қобалжулымын. Үйінің жанына тоқтағанымда қобалжып тұрған анамды көрдім.
Пәлтесін иығына жамылып алған. Шашын бұйралап, әдемі көйлегін киіпті.
-Достарыма «ұлым мені киноға, мейрамханаға апарады» деп мақтанышпен айтып едім, маған қызығып қалды, — деді анам көлігіме отырар сәтте.
Мейрамханаға келдік. Керемет болмаса да, сондай жайлы жер еді. Анам мені қолтықтап алған, әлемдегі бірінші ханымдай сезініп келе жатыр өзін.
Үстелге отырдық, ас мәзірін анама өзім оқып бердім. Себебі, көзі ұсақ жазуларды көрмейтін еді. Оқып жатып, анама көзімнің қиығын салып бір қарадым. Маған күлімдеп, мейірімді көздерін алмай қарап отыр екен.
-Сенің бала күніңде ас мәзірін мен оқып беруші едім, — деді ол. – Яғни, еңбегіңіздің өтелетін күні келді, — дедім мен.
Кешкі ас барысында түрлі тақырыптарда әңгімелестік. Ешқандай ерекшелігі жоқ. Тек соңғы жаңалықтарымызбен бөлістік. Әңгімеге кірісіп кеткеніміз сонша киноға кешігіп қалыппыз.
Үйіне апарғанымда: «Екеуміз тағы мейрамханаға барамыз, бірақ ол кезде сені мен шақырамын», — деді, мен келістім.
-Кеш қалай өтті? – деп сұрады әйелім.
-Өте жақсы. Мен ойлағаннан да керемет өтті, — деп жауап қаттым.
Бірнеше күннен соң анам жүрек талмасынан қайтыс болды.
Бәрі аяқ астынан болды, тіпті анам үшін ештеңе істеп үлгермеппін де. Бірнеше күннен соң мейрамханадан шоты төленген квитанция келді, жанында хат та бар екен. Анамнан…
«Мен екеуміздің екінші кешкі асымыздың ақшасын алдын ала төлеп қойдым. Бірақ сенімен бірге тамақтана алатыныма сенімді емеспін. Дегенмен, екі адам үшін төледім. Әйелің екеуің үшін. Сол күнгі кеш, екеуміз тамақтанған, бірге уақыт өткізген кештің мен үшін қаншалықты мәні зор екенін түсіндіре алмаспын. Мен сені жақсы көремін, ұлым», деп жазылған хатта.
…Ата-аналарыңызды бағалаңыздар! Біздің қуанышымызға шынайы қуанып, қиындығымызға шын жанашырлық танытатын – ата-аналарымыз. Олармен жиі уақыт өткізіңіздер, жанында болыңыздар, жақсы көретіндеріңізді жиі айтып жүріңіздер. Бәрі басқаша болып кетуі мүмкін… Ойламаған күні…
Ізгі махаббатпен, FAN.az
[:]