[:kz]
Бүгін орталық базарға барып бір көрініске куә болдым. Он жасар қыз бала анасымен мектеп сөмкесін алуға қарап көріп жатыр. Сөмке әдемі екен, бағасы да қымбат.
Анасы қызына: «Кейіндеу келіп алармыз, өткен жылғы сөмкең де тозбаған ғой…» – деген сияқты сөздерді айтып жатыр. Оны тыңдайтын бала жоқ. Он жасар қыз ренжіп, жерге отыра қалды. «Өткен жылғы сөмкені ұстамаймын. Асырай алмасаң нең бар туып?!» – деп тілімен анасын жерге тықты десе болады. «Тұрсайшы!» – деп қызын орнынан тұрғыза алмай жатқан анасына қарап тұрып жаным ашып кетті
Базарға көкөніске келген басым, ана жерден шыға алмай қалдым. Сөмкені сол жерде саудаласып, өзім-ақ әперіп жібердім. Анасын қиын жағдайдан шығарғаныма қуандым. «Телефон нөміріңізді айтыңыз, ақшасын әкеліп берейін», – дегенін жүре тыңдап, кетіп қалдым.
Бір жағынан дұрыс та жасамадым-ау, шамасы. Себебі бала жастан миына сіңіріп өсуге тиісті қанағат деген ұғымды аттап өткен сияқтымын.
Біз де бала болдық. Өзім 4-сыныпты бітіргенше матадан тігілген сөмке ұстағанмын. Атамның қолында өстім, атам саудагерлік жасағандықтан қаржы жеткілікті болатын. «Мынаны алып бер», «мынаны кигім келеді» демеген екенбіз. Әпергеніне қуанатынбыз. Кейін мектеп сөмкесіне өттік. Үш жылдап ұстайтын сөмкелеріміз болған. Маған жаңа сөмке әпергенде ескісін менен кейінгі сіңлілерім ұстайтын.
Расын айтсам, 9-сыныпты бітіргенше базарға барып, сөмке, мектеп формасын өзім таңдап алмағанмын. Анам әкелетін, риза болып киетінбіз.
Жанар САПАР.
zamana.kz
[:]