АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Анасына хат жазып қалдырған интернат тәрбиеленушісі табылмай жатыр[:]

[:kz]

Алматыда бір апта бұрын хабар-ошарсыз кеткен жасөспірім әлі табылар емес. 15 жастағы Дамир Серікұлы зағиптар мен көзі нашар көретін балаларға арналған интернат тәрбиеленушісі. Ол білім беру мекемесінен кетер алдында анасына хат жазып қалдырған. Онда оқушы кешірім сұрап, директордың жоғарғы сынып оқушыларын жақтайтынын жеткізіпті. Сондай-ақ, өзін бәрінің «тоқылдақ» деп атайтынын ренжіп жазған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.

Дамирдың анасы баласын жоғары сынып оқушылары да, тәрбиешілер де ұратын деп отыр. 15 жастағы Дамир бір апта бұрын таңғы сағат жеті жарым шамасында ғимараттан шығып кеткен.

Дамир үш жылдан бері осы мекеменің тәрбиеленушісі. Сегізінші сынып оқушысы кетер алдында анасына хат жазып қалдырған.

«Маған ешкім сенбейді. Директор 10-12-інші сынып оқушыларын қорғап жатыр. Психолог та соларды қорғаштады. Олар мені «өтірік айтты» деп ойлайды. Бәрі мені «тоқылдақ» дейді. Әрі анасынан кешірім сұрап, бұл оның соңғы сөздері екенін жеткізіпті. Оқушы сол күні таңғы асқа барудан бас тартқан. Ал ғимараттан қосымша есік арқылы шығып кетіпті.

Жеті күннен бері жаны жай таппай жүрген Айгүл ұлының интернаттан қашуына жоғары сынып оқушылары мен тәрбиешінің жиі қол көтеруі себеп деп есептейді.

«Балам өзі айтқан. Айжан Оразхановна ұратын, кітаппен де ұратын. «Откуда вы здесь такие беретесь» деп орысшалап тұрып айтатын. Оларды қорқытады, «есепке қоямыз» деп, менің балама өзі айтқан. Кетер күні, 11інде, қызыммен сөйлескен кезде айтқан: «11інші сыныптың балалары, екі ұл, 11ші сыныптан екі ұл, 12 сыныптан төрт бала ұрды» деп айтқан», — дейді анасы Айгүл Оралбаева.

Дамир осының бәріне шыдамай, қашып кетті дейді. Ал оқушыдан көз жазып қалған интернат қызметкерлері мұның бәрін жоққа шығарды. Дамирдің көзі нашар көргенімен қоймай, психикалық дамуы тежелген. Сондықтан мұнда оған өзгелердің қол ұшын тигізуі «мүмкін емес» деп отыр.

«Ондай болмады, жоқ деп мен нақты айта аламын. Бала саны аз болғандықтан, бізде әрбір баланың ісәрекеті тәрбиешілердің, мұғалімдердің, біздің көз алдымызда», — дейді №4 зағиптар мен көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернаты директорының орынбасары Бақытгүл Жұмаділова. 

Жасөспірімді еріктілер, интернат қызметкерлері мен полицейлер жер-жерден іздеп жатыр. Олар осыған дейін қаладағы сауда орындары мен вокзал маңайын қарап шыққан. Бірақ, еш нәтижесіз. Оқушы ұялы телефонын да интернатта тастап кетіпті. Уайымдаған ана ұлының аман-есен табылуын тілеумен ғана отыр.

[:]