АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Арафа күні және Құрбан айт кезінде оқылатын дұғалар[:]

[:kz]

Мұсылман қауымы үшін қасиетті күндердің бірі Арафа күні, ал қаситетті мейрамының бірі – Құрбан айт болып табылады. Келе жатқан мерекеге орай Stan.kz ақпараттық агенттігі осы күндері оқылатын дұғаларды ұсынады.

Арафа күні адамзат ниеттеніп, игі істер жасаса Алланың назарына ілігеді дейді. Аталған  күні дұғалар оқып, Құдайға құлшылық жасаған жандардың ниеттері қабыл болып, жәннат төріне жолдама алады.

Арафа күні дегеніміз зул-хижжа айының 9-шы күні және қасиетті Құрбан айт мейрамының алдындағы күн. Бұл сөз «танысып, білісу» деген мағынаны білдіреді.

Пайғамбарымыз «осы қасиетті күнде оқыған дұға – дұғалардың ішіндегі ең жақсысы» деген екен.

Арафа күні оқылатын дұға: «Лə илəһə илла Аллаһу уахдаһу лə шəрикə лəһ, лəһул мулку уə лəһул хəмду уə һууа ‘алə кулли шəй-ин қадир». (Алладан басқа тəңір жоқ. Ол – жалғыз, Оның еш серігі жоқ. Барлық мүлік, барша мақтау Оған тəн. Əрі Ол барлық нəрсеге Құдіретті).

Құранда аталған дұғаны оқыған жанға бір құлды азат қылғандай сауап жазылады деп айтылған. Демек, бұл дұғаны бірнеше рет қайталап айтқан адам бірнеше құлды босатқандай болады. Арафат күні барша адамзат тозақтан босатылады. Бұл күн – мұсылмандардың мүбәрак мерекесі.

Тағы жақсы істер қатарына Құрбан айт кезінде құрбандық шалып, оны мұқтаж жандарға тарату кіреді.

Айта кетсек, құрбандыққа шалынып жатқан малды қинамай, тезірек өткір пышақпен бауыздау керек. Бүл сүннетке жатады. Пайғамбарымыздың хадистерінде «Малды жақсылап бауыздау керек. Оны сояр кезде, пышақты жақсылап қайрап, тезірек бауыздау керек, сонда мал рахатымен қауышады» делінген.

Құрбандыққа шалынатын малды сояр алдында оны құбылаға қарай жатқызып, келесі дұғаны оқу керек: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил аламина лә шәрика ләһ». («Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ»).

Тағы «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деген дұғамен мал сойылады. Бұл кезде құрбандыққа арналған малдың иесі «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деген дұғаны айтады. Егерде бұл дұғаны әдейі оқымаған жағдайда құрбан етін жемейді. Себебі, Құдайдың аты айтылмай сойылған малдың еті харам болып саналады.

Демек барлығымыз осы күндері шын ниетпен құрбандық шалып, игі іс жасап, жақсы әрекетер жасауға ұмтылып, сауап жинайық. Келе жатқан Құрбан айт мейрамы құтты болсын!

stan.kz

 

[:]