АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Арбакештің арманы

[:kz]

 

Қалтасына ақша түссе, қыз-келіншектердің базар аралайтын әдеті бар. Бұл үрдіс қазір, тіпті үдеп кетті. Мәселен, Алматыдағы ірі сауда орындарында жасөспірім қыздардың да киім-кешек іздеп, тамақтану орындарында тапжылмай әңгімелесіп отырғанын жиі көруге болады. Мұны бүгінгі тілмен айтқанда – шопинг дейді. Ағылшын тілінен аударғанда «бос уақытта керек заттарыңды алу үшін дүкен аралау» деген мағынаны білдіреді. Ал қарапайым базардың жөні бір бөлек.

Айталық ел арасында қалыптасқан атауы бар «қара базар» нақты тауар алуға келген кісілер үшін қайнаған қазан секілді. Осы жерге келетіндер қаланың қалталы азаматтары деуге болмайды.

Негізінен табысын талғажау етуге жетерлік немесе өзге аймақтардан келген ағайын. Олардың бір бөлігі – той-томалақ қамымен жүргендер. Міне, дәл сол кісілердің тауарын тасып берумен айналысатын арбакештер туралы білесіздер ме?

Демалыс күні «Барахолканы» бетке алдым. Бір кездері осы қара базар бәрімізге қасиетті көрінетін. Өйткені бүкіл жұртты киіндірген, нәпақа табуға себепші болған осы базар еді. Аш қалған адам әйтеуір қарын тойдыру үшін базарға келетін. Саудагерлердің семіз сөмкелерін көтеріп, тиісті жерге жеткізіп бергені үшін бір бәліш алуға жетерлік тиын-тебен табатын. Көтеретін сөмке табылып жатса, кешке дейін отбасын да қарық қыларлық қаражат жинап алатын. Әйтсе де бұрынғыдай емес, арба сүйреген жігіттердің қатары сирексіп қалды. Мұның себеп-салдарын зерттеп жатқан ешкім жоқ.

Мүмкін базардың заманауи үлгіге көше бастауы да жүкшілердің жүйкесіне тиген секілді. Өйткені көліктер жүкті базардың қақпасына дейін жеткізіп береді.
Осындай ой жетегінде отырып «Ақбұлақ» базарының маңына жақындап қалыппын. Көліктен түскенімде арбаларын сүйреткен бір топ қазақ жігіті көзіме оттай басылды. Іздегенім де осылар – жұмысына адал адамдар еді. Бұл жер арбакештердің тұрақты орны болу керек. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Бірі әңгіме соғып тұр

. Екіншісі аузынан суы ағып тыңдай қалған. Біріне-бірі кеңес беріп жатқандары да жетерлік. Сырттай бақылап, орнымнан тапжылмай біраз уақыт тұрдым. Назарым – ауыр жүк тиеген ер адамда. Шамамен елуді еңсерген жігіт ағасының жүзінен ауыр күндердің бейнетін байқадым. Ұйқысы қанық болса да, шаршағаны көзінен, түрінен көрініп тұр. Бетіндегі әжімдері де қоюланып, тіпті жастық шағын ұмытқаны жүрісінен байқалады.
– Әй, жігіттер, бүгін қанша ақша таба алар екенбіз? Кеше жаңбыр жауып, базарға адам аз келді ғой. Бүйтіп жүре берсем, пәтердің ақшасын да төлей алмай қаламын-ау, – деп, жүк тиеген жігіт базарға кіріп бара жатты.
Өмір сүрудің қиындығын қара базардағы қазақтарға қарап тұрып сезінесің. Олар баю үшін емес, аш қалмау үшін жанталасып жүр.

Осыны ойлағанда базарға не үшін келгенімді ұмытып қала жаздадым. Шынында ауыр жұмысқа жегілген азаматтар күніне қанша ақша табады? Табысы өздеріне жете ме? Осы сұрақ санамды жаулап алды. Ақыры арбакештердің жанына барып, сөзге тартуға кірістім. Өзімді таныстырып едім, өздерін де іздейтін адам барын жүрегімен сезініп, бірі таңғалып, бірі қуанып қалды. «Арбадан да басқа проблема көп қой, соларды жазбайсыздар ма?» деді бірі. «Бізді арнайы іздеп келгеніне рахмет айт», – деді екіншісі.

Айналып келгенде, ауруды жасыруға болмайтынын сезінгендей шырай танытты. «Иә, біздікі шахтерлердікі секілді ауыр жұмыс. Кешкілік сүрініп құлайсың. Тамақ ішкен соң ойнағысы келген балаға қарауға да мұрша болмайды», – деді шетте тұрған арық жігіт.
Әңгімені араларындағы ең үлкені – Серік бастады (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді). «Аты-жөнімді толық айтпаңыз, суретімді жариялауға болмайды. Арба сүйреп, адал еңбекпен ақша тапсам да жұртқа жақпаймын. Таныстарым оқыса, күледі ғой. Қазақ: «Құлап жатып, сүрінгенге күледі» деп танысқан ағай осыдан 20 жыл бұрын Нүкістен көшіп келіпті. Тіпті дәнекерлеуші мамандығын да игерген екен.

Денсаулығына зиян болғандықтан, ол кәсіпті жылы жауып қойған. Ақыры базарға келіп, арба сүйреуге бейімделіпті.
– Сіз бұл кәсіппен неше жылдан бері айналысасыз, шаршамадыңыз ба? – дедім алғашқы сауалымды қойып.
– Базарда арба сүйрегеніме 10 жылдан асты. Күндіз-түні тыным таппай жүріп, ақыры қаланың шетінен шағын үй салдым. Балаларымды оқыттым.

Қазір немерелерім де өсіп келеді.
– Күніне қанша теңге табасыз? – дедім табысы туралы білгім келіп.
– Әр күні әрқалай. Күніне шамамен 3-4 мың теңге табамын. Осының өзі отбасымды асырауға жетеді. Әрине, отбасында мен ғана жұмыс істемеймін. Балаларым есейді. Олар мен сияқты болмаса екен деп, шамам келгенше оқытуға тырыстым.
– Жас кезіңізде кім болуды армандадыңыз?
– Өзімнің мамандығым – дәнекерлеуші. Кәсіптік білімім бар. Мамандық бойынша кезінде жұмыс істедім. Ол жұмыс екі көздің соры.

Темір дәнекерлегенде жанарыңды жарық қарып алады. Қазір осы күніме де шүкір деймін. Әйтеуір құралақан емеспін. Адал еңбекпен тапқан табыстың жемісін көріп жүрмін. Шыны керек, бұл жұмысқа етім үйренгені соншалық, жұмысқа шықпасам, ауырып қалатын сияқтымын.
– Басқа саладан жұмыс іздеп көрмедіңіз бе?
– Кезінде жұмыс іздеп талай есікті тоздырдық. Ол кезде тұрақты тіркеу, болмаса диплом, әскери билет деген құжаттарды сұрайтын. Соның бірі болмаса жұмысқа орналасуың екіталай еді. Қазір де жақсы жұмысқа тұру оңай емес. Әйтеуір бір кедергіге тап боласың.

Мысалы, Алматыда үй алу үшін 3 жыл тұрақты тіркеуде болуың керек. Ал сені үйіне кім тіркейді? Арамыздағы біраз жігіттің өз үйі бар. Пәтер жағалап жүргендер де жетерлік. Біздің арамыздағы жігіттердің ең жасы – 17-де. Ең ересегінің жасы алпысқа таяп қалды. Жұмысқа базар ашылды-ау деген уақытта келе береміз. Шамамен таңертеңгі сағат 7:00-ден бастап. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген рас. Таңғы шаруа шаш етектен. Затын ана жерге, мына жерге таситындар көп. Сапырылысқан өмір. Шынымда айтсам, арба сүйрегеннен арланбау керек. Бұл – адал еңбек, маңдай тер. Қарап жатқан кісіге ешкім ештеңесін бөліп бермейді. Өз өміріңді өзің ойламасаң, сенің тағдырың басқаларға керек емес. Мені толғандыратыны – осындағы кейбір жігіттердің әрекеті. Кейде күн ұзақ босқа отырады.

Тым болмаса газет-журнал, кітап оқып отырса, бір жөн. Жұмыс жоқ кезде оқуға түсуге дайындалуға да болады ғой. Қартайғанша арба сүйреп өтуге бел бумау керек. Арбаның да күні бітуі мүмкін…

Осы сәтте шаруасын тындырып кел

ген жастау жігіт ортамызға жақындады. Серік ағай оған менің журналист екенімді айтып, сұхбатты әрі қарай жалғастыруын сұрады. Мараттың жүк тасушы болып, тұрақты жұмыс істеп келе жатқанына бес жыл болыпты. Қазір жасы – 25-те. Жамбыл облысынан Алматыға 20 жасында жұмыс іздеп келген. Тұрақты жұмыс таба алмаған жігітті таныстары осы жерге алып келіпті. Содан бері қара базарда арба сүйреп нәпақасын тауып жүр.

 

– Марат, Алматыға қай жылы келдіңіз?
– 2014 жылдың көктемінде осы қалаға келдім. Ауылда анам мен қарындасым бар. Әкем отбасын кішкентай кезімізде тастап кетіпті. Қазір басқа отбасы бар деп естиміз. Бірақ әкемді ешқашан іздеген емеспін. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы шаруа қожалықтың бірінде көмекші болдым. Кейін шаруашылық жабылып, жұмыссыз қалдым. Ақыры Алматыға жұмыс іздеп келдім. Құрылысшы, күзетші болғым келген. Алайда лицензия дей ме, басқа да құжаттарым толық болмай шықты. Кейін бір ауылдасым осы жердегі жігіттермен таныстырды. Содан бері осындамын. Қыста жұмыс азаяды. Ол кезде ақша табу да мұңға айналады. Ал көктем шыға жұмысымыз жанданады. «Өжет» ықшамауданында достарыммен бірге пәтер жалдап тұрамын. Анам мен қарындасыма хабарласып, қолымнан келгенше көмектесемін.
Мені толғандыратыны – әкем. Ол кісі бізді неге іздемейді? Не деген тасжүрек еді? Кейде түсіме әкем кіреді. Қарамай кетіп бара жатады. Сол кезде жүрегімде ерекше бір сағыныш оянады. Бізбен бірге тұрғанда өміріміз басқаша болар ма еді? Қалай айтсам да болашақта өз әкем секілді қатыгез болғым келмейді. Басқа да жігіттерге берер кеңесім сол. Отбасын тастамаңдар, балаларыңды жылатпаңдар, сүйіп қосылған жарларыңның жанына бататын әрекет жасамаңдар.
– Марат, қандай арманың бар?
– Әрине, арманым бар, – деді күліп.

Ақшаның басын құрап көлік алғым келеді. Бір-екі жылда көлік алсам, таксист болып жұмыс істеймін. Ол да оңай шаруа емес. Дегенмен, базарда жүре берген болмайды.
– Ал отбасын құру ойыңызда бар ма?
– Әрине, үйленгім келеді, сөйлесіп жүрген қызым да бар. Тек жағдайымды түзеп барып, бірақ үйленемін.
– Кейде келісілген ақшасын дұрыс төлемей кететіндер бола ма?
– Әрине, базар болған соң әр түрлі адам кездеседі.

Кейде белгіленген сомадан артығымен беріп, ризашылығын айтып кететіндері де бар. Ондайларды өз арамызда «жирный клиент» дейміз. Кейде 300 теңге десең, барым осы деп 150-200 теңге беріп кететіндері бар. Ондайларға ренжімейміз.
Осы кезде арамызға біраз арбакеш жігіттер қосылып, Мараттың әңгімесін тыңдап отыр екен. Араларындағы пысықтау біреуі: «Демалыс күні біздің бос уақытымыз көп бола бермейді. Егер біз туралы көбірек білгіңіз келсе, тағы да келіңіз», – деді.
Бізге бағанадан бері бір нәрсе айтқысы келіп тұрған жігіт: «Айта берсек, қызық көп, – деді. – Осында көпшілігімізді толғандыратын мәселе – баспана. Тұрақты тіркеуі, жұмысы жоқ біз секілді жастар кімге керек? Тым болмаса, қала шетінен бір кісілік жатақханалар салынса, пәтерақысын төлеп тұрар едік. Көрінген жерде түнегенше, сол жақсы болар еді. Біреулердің пәтерін жалдаған ақша мемлекет қоржынын толтырса, дұрыс емес пе? Пәтерде бір бөлмеде бірнеше адам тұрған соң түрлі оқиғалар болады. Арақ ішіледі, төбелес болады. Адам тонау, кісі өлімі, ұрлық-қарлық… Қазақ жігіттерінің бәрі осындай жат әдеттен аулақ болса екен деп тілеймін. Маңдаймызға мәңгілікке арба сүйреу жазылмаған болар. Бізде бақытты болармыз!».

Осы уақытта оларға да тапсырыс берушілер де көбейген еді. Арбасын сүйретіп, бір-бірлеп автобусқа қарай беттеді. Ал мен Марат арманына жетсе екен деген оймен үйге қайттым. Жолда келе жатып, арба сүйреген өзге ұлт жігіттерінің жоқтығына қайран қалдым. Неге? «Әлде біздің сан жағынан көптігіміз жұмыссыздыққа ұрындырып отыр ма? Олардың барлығы бізден асып тумаған болар. Қалай десек те, қазақ жастарының арба сүйрегені көңілге көп ой салады. Мүмкін біздің балаларымызды кішкене кезінен оқуын қадағаламаудың салдарынан осындай жағдайға душар болып жүрміз бе? Шын мәнінде, оқу керек. Оқыған бала өкінбейді. Арба сүйреу – азап. Арбакештердің арманы орындалсын. Десек те қара базарда жүріп, бақыт құсын іздеу қиын.

Мақпал Ноғайбаева

jasqazaq.kz

 

[:]