[:kz]
Бірнеше айдан бері Түркіменбашы Гурбангулы Бердімұхамедовтың биліктен кетуін талап етушілер көбейіп барады…
Түркіменстанның Стамбулдағы елшілігі алдында 20 шақты түркімен азаматы наразылық акциясын өткізіп, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің биліктен кетуін талап еткен.
turkmen.news сайтының мәліметінше, қарсылық акциясына шыққандар қолдарына «Харамдағ, кет!» деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. «Ауғанстан мен Ресейге көмектесуді білген билік әуелі өз халқын жарылқап алсын! Халыққа көмектессін! Халық әбден ашынған, «Диктатор, кет!», «Харамдағ, кет!», «Туыстарыңмен бірге құры!» деп айғайлаған. Демонстранттардың пікірінше, ел үкіметі коронавирус пандемиясына қарсы көмек деген желеумен Ресей мен Иранға, мұқтаж жандарға көмек деп Ауғанстанға жүк жөнелткен. Сол секілді жақында Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты Өзбекстанға да гуманитарлық көмек жіберілген. Ал өз халқына келгенде сараңдық таныта қалады.
Азаттық сайтының жазуынша, бұл алғашқы қарсылық акциясы емес. Өткен мамыр айының өзінде ғана Түркиядан бөлек АҚШ, және Солтүстік Кипрде тұратын түркімен азаматтары да елшілік алдына келіп тура осындай қарсылық акциясын өткізген.
Оған Түркіменстандағы экономикалық дағдарыс, азық-түлік тапшылығы себеп болған. Оның үстіне Түркіменстанда көше қылмысы көбейген. «Авторитар биліктің наразылықты басып-жаншитын қатаң саясатына қарамастан, Түркіменстанда тұрғындардың үкіметке қарсы акцияларға жиі шыға бастауы табиғи апаттар мен кедейлік қажытқан жұрттың төзімі таусылғанын аңғартады. Билік Түркіменстанда коронавирустан ешкім зардап шеккен жоқ деп мәлімдегенімен, індет тарап кете ме деп қауіптенетіндер аз емес», — деп жазады Азаттық радиосы.
Аркадағтың отставкасын талап ету оқиғалары Түркіменстанның өзінде де күшейіп барады. Әсіресе, мамыр айының ортасындағы күшті дауылдан кейінгі биліктің енжарлығы елі ішіндегі қарсылықты тіптен өршітіп жіберген. Халықтың ойынша, ел билігі бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге әрекет етпей отыр. Осыған байланысты мамыр айының ортасында Түркіменабаттың Железнодорожный ауданына мыңға жуық адам қарсылық шарасын өткізеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл Түркіменстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері үкіметке қарсы ірі митинг деуге болады. Осыдан кейінгі ең елеулі шара 1995 жылы жаз айында болыпты. Сол кезде ел астанасы Ашғабатта бір күнде екі бірдей қарсылық акциясы өткен. Сол кездегі президент Сапармұрат Ниязовтың үкіметіне наразылық білдірген шерушілер Ашғабаттың орталық алаңынбасып алмақшы болған. Полиция шерушілерді күштеп таратып, негізгі белсенділерін қамауға алады. Ұзамай ресми билік олардың біразына «есірткі мен спирттік ішімдікке елітіп, қоғамға қарсы арандату жасады» деген айып тағып, әкімшілік жаза кесті.
Расында да қазіргі таңда Түркіменстанда жағдай шынымен күрделеніп барады. Сарапшылардың айтуынша, жақын арада елдің экономикасы көтеріле қоюы неғайбыл. Жаппай қымбатшылық пен жұмысссыздық мәселесі де тыйылмай тұр. Осыған байланысты Аркадағ жақын күндері үкіметті толықтай доғарысқа жіберуі мүмкін деген жорамалдар да айтылып жүр. Сонымен бірге, Түркіменбашы Гурбангулы Бердімұхамедовтың өзі де тақтан тайдырылуы мүмкін секілді.
Автор: Б.Нұратай
[:]