[:kz]
Қазақстандық танымал боксшы Геннадий Головкин отанына келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы спортшы өзінің Instagram парақшасында жариялады.
«Әрқашан үйге оралуыма қуанамын», — деп жазыпты Головкин суретінің астына. Боксшының Қазақстанға келуін оның жанкүйерлері қуанышпен қарсы алды.
Әлеуметтік желі қолданушыларынң бірі «сен біздің чемпионымызсың, Қазақстанға қош келдің» деп жазса, екіншісі оның жеңіл киімін көріп, «қалың киініп жүрсеңші, біз жақ суық қой» деп спортшыны уайымдап жазба қалдырыпты.
Күні кеше спортшы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесіп, спортты дамыту тақырыбын қозғады. Бұл туралы әкім Facebook желісіндегі парақшасында жазған еді.
«Геннадий Головкинмен кездесіп, Нью-Йорктегі жеңісімен құттықтауға мүмкіндік туды. Бірге отырып Қарағанды облысының спорт саласының дамуын талқыладық. Геннадий ерекше жылулықпен және қамқорлықпен Майқұдықтың спорт инфрақұрылымы туралы сұрады. Келесі жылы атақты «Литейщик» стадионын қалпына келтірумен айналысамыз және Магнитогорская көшесін толық жөндеуден өткіземіз деп уәде бердім»,-деді әкім.
«Литейщик» стадионы Майқұдықтың 12-ші ықшам ауданында орналасқан. Бүгінгі күні оның іші қаңырап қалған.
[:]