[:kz]
Бүгін дайын болған сараптама қорытындысында Мұрат Мейірбековтің ДНК-сы табылған. Бұл туралы марқұмның анасы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.
26 жастағы Әсел Айтбаева қайтыс болғаннан кейін Тбилиси прокуратурасы аудиожазбаға сүйеніп, Мұрат Мейірбековке сырттай «адам зорлады» деген айып тақты. Екі ай өткеннен кейін оның кінәсі дәлелденіп отыр.
Бойжеткенді Грузияға жұмысқа орналастырған Мейірбеков қазір «Адам саудасы» бабымен қамауға алынған. Енді сараптама нәтижесіне сүйеніп, грузиндік және қазақстандық тарап істі біріктіруі тиіс.
Ал отандасымызды зорлап, оны өлімге итермеледі деп күдікті ретінде темір торға қамалған Бесик Тордуа 15 шілдеде ми инфарктінен қайтыс болды. Түрмеден ауруханаға ауыр халде жеткізілген грузин азаматының өмірін дәрігерлер құтқара алмапты.
Еске салсақ, бүгін Әселдің өліміне кінәлі күдікті түрмеде өлі күйінде табылды.
Бұған дейін, 6 мамырда қазақстандық бойжеткен Грузияда түсініксіз жағдайда көз жұмғаны айтылған еді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол тоғызыншы қабаттан құлап кеткен. Кейіннен Грузия бас прокуратурасы Әселдің зорланғаны туралы мәлім етті. Өлер алдында ол досына аудио хабарлама жіберіп үлгерген, онда ер адам оған зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқытқанын естуге болады. Сонымен қатар қыздың өлімін егжей-тегжейлі тергеу үшін Қазақстан ІІМ Грузияға өзінің тергеу-жедел тобын жібереді.
[:]