[:kz]
Жанды беретін де алатын да бір Алла. Ол сөзсіз. Ал, бұл өмірдегі ақ xалатты абзал жандар мен дәрігерлердің миссиясы не? Аурудың алдын алу, емдеу, дер кезінде науқастарға көмектесу, адам жанын алып қалуға тырысу. Бірақ… Шымкенттегі! Үшінші Мегаполис деп айқайлатып ат беріп айдар таққан Мегаполистегі,миллионер қала атанып мықты басшылар келген, ерекше назар аударылған қаладағы денсаулық сақтау жүйесі сол баяғыдай шіріген күйі қалпында екен.
Мұндай жағдайды дұшпанымның да басына тілемеймін. Бірақ айтпасам басқалар да зардап шегетіні анық. Мен айтқаннан бірдеңе өзгере ме, жоқ әлде әйтеуір әлі жеткен біреуді жұмыстан шығарып жіберіп әрі қарай отыра береді ме, кім білсін. Өзгерсе осы уақытқа дейін өзгерер еді.
Ең бірінші жедел жәрдем шақырдық. Жедел жәрдем Қазақстанда жедел келмейтінін жұрттың бәрі біледі. Оған әбден көнгенбіз, үйренгенбіз. Сонда да «мүмкін мне повезет?!» деп лотореяға билет алғандай 103 ке звондаймыз. Олар асықпай келеді. Жас дәрігер, тәжірибесі жоқ, не істерін не айтарын білмей көлікке отырғызады да қаланың басқа бір шетіндегі жұқпалы аурулар ауруxанасына апарады. Ол жердегі дәрігерлер өздеріне келіп түскен науқастардың жағдайына қарамайды екен. Кезекке қарайды екен. Яғни сіз қансырап бара жатсаңыз да «очередь, күтіңіз». Кезектен асқан ешкім әулие емес!
Ол жерден айтысып-тартысып жүріп (ауруxанаға әлі кірген жоқпыз, артқы есікте боп жатқан жағдай) қабылдау бөліміндегі дәрігерге жеттім ау дегенде олар Шымкент қаласының ең шетінде, Алматы трассасының бойында орналасқан, адам аяғы жете қоймаған, маңайында үй салына қоймаған «Асар» ауруxанасына жібереді.
Ол Асарға ауырып жатқан адамды білмедім, сау адамның өзі жетемін дегенше ауру боп қалады. Ол жақ біріншіден мұндай жағдай үшін өте алыс, екіншіден жолы өте нашар. Оның үстіне Шымкентте скорыйға жол беру деген жоқ. Онымен жарысады немесе өткізіп жіберші деп көлігімен басып озады. Мұндай тозақты кім ойлап тауып жасап қойса да Автор осыны әйтеуір бір оқыр. Өмір бумеранг. Бұл «квестке» айналып кеп өзі түспесіне кім кепіл?!
Мейлі, қуырдақтың көкесі енді болады. Жерұйықты іздеген Асан қайғыдай, қотыр-шотыр жолдармен екі бүйрегімізді қолымызға ұстап әрең дегенде жеттік Асар деген ауруxанаға. Мен барғанда баланы реанимацияға алып кіріп кеткен екен. Әпкем дәрігерден перегар шығып тұр, беті ісіп ұйқысынан енді тұрғаны көрініп тұр деді. Кейін ішке кіргенімде ол дәрігерлер мені таныса керек көзіме түспеді. Ұстай алмадым. Обалы не керек бізге сол жердегі дәрігер жағдайды барынша сауатты түсіндіріп, сұраған сұрағымызға сабырмен жауап берді. Алла разы болсын. Алайда біз бұл жерге келмес екенбіз, егер:
-роддомдағы дәрігерлер сауатты болса;
-жаңа туылған балаға толық сауатты тексеру жасаса;
-жергілікті фельдшер, дәрігер, неврапотологтар баланы қарауды білсе (олар әдетте алдына барған балаларды анализ алып аппаратқа түсірмейді, былай тексереді: баланың ұйқысы қандай, тәбеті қандай, дәреті қандай, жалоба жоқ па? А все болды, келесi кірсін! Супер ма? Баланың мамасымен әңгімелесіп отырып шаруаларын бітіретін супер дәрігерлер тек Қазақстанда бар!);
Айтып айтпай не керек бұл біздің медицина саласындағы шіріген жүйе. Оны бәрі біледі. Ешкімді ешкім қорғаштамай-ақ қойсын. Біз тіпті дәрігер мен милицияның қолына түсіре көрме деп тілейміз Құдайдан. Неге, себебі олар сені қорғамайды, қорлайды осылай. Сау адамды ауру қылады, ауруды өлтіреді. Осындай жұмыстары үшін ұялмай айлық алып үйлеріне қайтады ау. Мына жақта біреудің баласын өлтіріп отырып өз балаларына сол тамақты қалай береді екен? Мен көпке топырақ шашпаймын, адал дәрігерлер де бар, оқымаған топас есектер де бар.
Есектер көбірек бірақ. Өкінішке орай. Әйтпесе дәрігерлерден ала алмай жүрген өшім жоқ. Инстаграмда біраз замандас бұрынғы әкімді қайтарыңдар деп флешмоб бастапты. Мен оларға біздің медицина саласын осындай xалге жеткізген барлық басшыларды қайтарыңдар деген нұсқаны ұсынамын. Қайтарыңдар, келсін, беттеріне түкірейік, парақорлықтан көз жұмған мәйіттердің басына апарайық, қай беттерімен қарай алады екен?!»,- деп жазды журналист Асхат Садырбай.
kyn.kz
[:]