[:kz]
21 мың теңгенің соңынан жүгірген қаншама жан бүгінде атаулы әлеуметтік көмекке іліну үшін жанталасып жүр. 1-сәуірден бастап төленуі тиіс болған жәрдемақының жыры әлі де бітер емес. Ауладағы қыбырлаған нәрсенің бәрінің құжатын жинатып халықты шаршатқан жергілікті органдар ақша аламын деушілердің мал-жанын түгендеп әлек. «Құжат қабылдау сәуір айының соңына дейін-ақ екен» дегенді естіген жұрт жөргектегі сәбиін алып тиісті орындарға сабылуда. Мемлекеттен жәрдем алып, жыртығымызды жамасақ деген оймен халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтарында жүрген келіншектердің есебінде сан жоқ. Нәтижесінде – ұзын-сонар кезек, ығы-жығы адам, жылаған бала, күтумен өткен уақыт, аяқсыз шаруа.
Құр әуреден шаршаған көп балалы нұрсұлтандық аналар 16-сәуір күні тағы да қалалық әкімдікке жиналды. Көп балалыларға қолдау көрсету мақсатында осының бәрінің басы-қасында жүрген әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Дулат Ағаділмен тілдескен болатынбыз.
«Мен өзім алты баланың әкесімін. Аналардың құқығын қорғау үшін мен де араларында жүрмін. 15-сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде болдық. Ол жақта бізді вице-министр Светлана Жақыпова мен басқа да депутаттар қабылдады. Ол кісілер: «Біз қаржы бөлдік. Тапсырма бердік. Жергілікті атқарушы органдар жұмыс істемей жатыр, солардан талап етіңіздер», – деді. Сол жерде 150-дей әйел болды.
16-сәуір күні 100-ден аса көп балалы аналармен бірге қала әкімдігіне барып, әкімнің орынбасарымен кездестік. Ол кісі: «Сіздерді неге бізге жібереді? Бөлініп жатқан ақша жоқ. Біз нұсқау күтіп отырмыз. Бізге келмеңіздер», – деді.
Мұндағы әйелдердің басты талаптары – 21 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек және көп балалыларға, жетім-жесірлерге, жағдайы төмендерге алғашқы пайызсыз және жарнасыз пәтер алу мәселесі еді. Енді әйелдер Ақордаға барамыз деп бекініп отыр», – дейді ол. Дулат мырза осы жерде тағы бір оқиғаның орын алғанын айтты.
«Сол жиында бір орыс әйел ортада түрлі сұрақтар қойып, сөйлегендердің сөзін бөліп, әр нәрсеге кірісіп отырды. Сонысын жақтырмаған бір келіншек: «Сіз кімсіз? Неге сөзді бөле бересіз?» – деп еді, әлгі әйел дөрекі сөздер айтып, оған ұрысып тастады. Содан соң: «Если не можете обеспечить, зачем вы рожаете? Не надо рожать!» – деп айғайға басты. Мұны естіп тұрған басқа бір келіншек ашуланып, оған қарай судың бөтелкесін лақтырып кеп жіберді. Сосын екі-үш әйел жабылып, әлгіні жұлмалап сыртқа шығарып жібергісі келген еді, сол жердегі қызметкерлер араша түсті. Сол екі ортада ол бір келіншектің қолын тырнап, қанатып та үлгерді. Қайтып бара жатып та: «Вы дармоеды!» – деп сөйлеп кетті. 99 пайыз қазақ әйелдердің ортасында орыстың жалғыз әйелінің қайдан және не үшін келгенін, кім екенін ешкім білмейді. Бірақ ол халықтың намысына тиіп, ашуландырды. Былайша айтқанда, кәдімгідей әйелдер төбелесі болды.
Егер кім-көрінген осылай басына беретін болса, ұлтымыз жойылып кетеді деп есептеймін. Қазақтың намысын таптай беруге ешкімнің құқығы жоқ. Қазақстан – қазақтың жері», – дейді ол. Шу шығарған орыс әйелдің атына сотқа шағымдану мақсатында заңгерлік көмек көрсетемін деген жандар табылып жатса, қарсы болмайтынын да айтты.
«Мен Светлана Жақыповадан: «Мен де көп балалы әкемін. Бірақ мен әке-шешеммен бірге тұратын болсам, ол кісілердің зейнетақысы не үшін кіріс болып есептеледі? Олардың өздерінің алатын дәрі-дәрмегі, барыс-келісі бар, ақшаны біз үшін жинаған жоқ қой. Ертең сіз де зейнеткерлікке шығасыз. Сонда сіз де өле-өлгенше балаларыңызды асырауға міндеттісіз бе?» – деп сұрадым. «Бізде Конституцияда бала әке-шешесіне, әке-шешесі баласына қарайды деп жазылған. Сіздер бір шаруашылықты жүргізіп отырсыздар. Бір үйде отырсыздар. Коммуналдық төлемдердің барлығы бір жерден шығып отыр. Неге ол кісілердің кірістері саналмауы керек? Дегенмен қазіргі уақытта жұмыс тобына осыған байланысты көптеген өтініштер келіп түсіп жатыр. Келесі кезеңде бұл мәселені де қарастырамыз», – деп жауап берді», – дейді Дулат мырза.
Еліміздің бас қаласында осындай жағдайлар орын алып жатыр екен.
[:]