[:kz]
7 мамыр – мемлекеттік мүдде, саяси қауіпсіздік пен дербестікті қорғайтын Отан қорғаушылар күні. Осыдан 27 жыл бұрын, 1992 жылы 7-мамырда ҚР Қарулы Күштерін құру туралы жарлыққа қол қойылған болатын. Әскер елдің әлеуетін, күш-қуатын көрсететін факторлардың бірі. Кейбір елдерде әскери сала, қару-жарақ өндірісі ел экономикасының жетекшісі саласы болып саналады. Әскерінің айбынымен ғана әлемдік саясатта үлкендік қылып отырған әскери державаларды да көзіңіз көріп жүр ғой. Алайда, әлемде әскери құрылымы жоқ елдер де аз емес. Иә, әскері де, темір құрсанған қару-жарағы да жоқ елдер бар. Qamshy.kz ақпарат агенттігі мереке қарсаңында әскері жоқ әлем елдерінің тізімін назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Исландия
Исландия азаматтары өздернің қауіпсіздікте екендеріне толық сенімді. Әскерилерден түбегейлі бас тартқан. Елде бар болғаны: 130 адамнан тұратын жағалау күзеті, 3 кеме патрульі, 3 тікұшақ, катер және ұшақ бар. Ал әскерде қызмет еткісі келетін жаужүрек исландиялықтар үшін екі жақты келісім негізінде Норвегия әскерінде әскери қызмет атқаруына мүмкіндік бар. Қауіпсіздік пен қорғаныс тұрғысында Исландия толықтай НАТО-ның көмегіне жүгінуге үйреніп қалған.
Панама
Панама ұзақ жылдар бойы есірткі тасымалымен айналысатын әскерилердің басқаруында болған мемлекет. АҚШ-қа героин мен кокаинді тонналап тасымалдаушылар Америка тарапына Панама каналын тартып алумен де қауіп төндірген. Нәтижесінде, жергілікті әскери билік 1989 жылы Құрама штаттар әскерінен жеңіліп, биліктен кетіп тынды. Елдің келесі президенті осы жайлардың барлығын ескере отырып, елде қарулы күштер құруға тыйым салатын заң қабылдаған.
Лихтенштейн
1886 жылдан бастап бұл кішкентай мемлекетте әскер жүйе болған емес. 80 адамнан тұратын әскерге кететін қаржы өзін-өзі ақтамағандықтан әскерді тарату туралы шешім шығарылған. Дәл қазіргі уақытта Лихтенштейн билігі қорғаныс мәселесінде өзінің мықты көршілері Германия, Австрия және Швейцарияға арқа сүйейді.
Андорра
Бұл елдің қарулы күштер құрылымын 1300 адамнан тұратын ұлттық полиция құрайды. Мемлекетке қауіп төнген жағдайда Андорра азаматтары полиция отрядттарына қосылуға құқылы. Ал қорғаныс қалқаны ретінде Андорра солтүстіктегі көршісі Францияға толықтай сенім артады.
Коста-Рика
1948 жылы аралда орналасқан аталмыш елде азамат соғысы аяқталды. Соғыс аяқтала салысымен елдегі әскер таратылған. Жаңа сайланған президент Хосе Феррера Коста-Рика әскерінің штабы орналасқан ғимарат қабырғасын өз қолымен құлатқан. Елдің қарулы күштерінің жалпы құрылымы 10 мың адамнан тұратын полиция, ұлттық гвардия мен жағалау күзетінен ғана тұрады. Соғыс қауіп төне қалған жағдайда АҚШ-тың көмегіне жүгіне алады.
Соломон аралдары
Жоғары да аталған көптеген елдердегі секілді бұл елде де әскери қызметті аз санды полиция атқарған. Бірақ, 1998 жылғы қарулы көтерілістерден кейін полиция органы да таратылған. Қазір Соломон аралдарының тыныштығына тек жағалау күзеті ғана жауапты. Қауіп төне қалған жағдайда әлеуетті көршісі Австралияның көмегіне жүгінеді.
Тувалу
Бұл елде әскер, азаматтық гвардия, жағалау күзеті сияқты қызметтер мүлде болған емес. Қазіргі уақытта ғана мигранттар мәселесімен айналысатын 81 адамнан құралған мемлекеттік ұйым бар. Осы уақытқа дейін Тувалуға ешкім шабуыл жасап көрмеген, ал қауіп төне қалған жағдайда Тувалу билігі НАТО альянсынан әскери көмек алуға құқылы.
[:]